Ашықтық пен адал бәсекелестік – «Ембімұнайгаз» АҚ-дағы тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың басты қағидалары. Барлық тендерлік рәсімдер адами фактордың араласуын болдырмайтын «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ (бұдан әрі Самұрық-Қазына немесе Холдинг) электрондық сатып алудың электрондық ақпараттық жүйесінде (ЭСАЖ) өтеді. Отандық мұнай компаниясында сатып алу рәсімдерінің өткізілуі және соңғы жаңалықтар туралы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның коммерциялық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Едіге Тұрарұлы ЧАКЛИКОВПЕН әңгімелестік.
- Едіге Тұрарұлы, «Ембімұнайгаз» АҚ-да сатып алуды ұйымдастыруда қандай қағидалар негізге алынады?
- Біздің компания Холдингке кіреді және Самұрық-Қазына мен дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан артық пайыздары тікелей не жанама түрде меншік немесе сенімгерлікпен басқару құқығымен «Самұрық-Қазына» АҚ тиесілі ұйымдардың тауарлар, жұмыстар, қызметтерді (ТЖҚ) сатып алу ережелеріне сәйкес сатып алуды жүзеге асырады. Компаниядағы сатып алу рәсімдері ашықтық пен адал бәсекелестікті қамтамасыз етуден басқа төмендегі өлшемшарттарды орындауды көздейді: сатып алу үшін қолданылатын бюджеттік қаражаттың оңтайлы және тиімді жұмсалуы; сапалы ТЖҚ сатып алу; Холдингтің мүгедектер ұйымдарының тізбесіне енгізілген мүгедектер ұйымдарына қолдау көрсету шартымен сатып алу рәсіміне қатысу үшін барлық әлеуетті жеткізушілерге тең мүмкіндіктер ұсыну; холдингішілік кооперацияны дамыту мақсатымен Холдингке кіретін ұйымдардың арасындағы сатып алуларға көмектесу; қабылданатын шешімдерді бақылау және олар үшін жауапкершілік; сатып алу және инвестициялық стратегиялық жобаларды тиімді жүзеге асыру рәсіміне делдалдардың қатысуын барынша азайту.
- Компанияда сатып алу рәсімі қалай өтеді?
- Сатып алуға қатысу үшін әлеуетті жеткізушілер http://tender.sk.kz/ сілтемесі бойынша электрондық жүйеге өтіп, төмендегі қадамдардан өту қажет: электронды цифрландырылған қол (ЭЦҚ) алу – ЭЦҚ-ны компьютерге орнату – Сатып алу жүйесіне тіркелу – Керекті сатып алуды таңдау – Сатып алуға қатысуға өтінім беру. «Ембімұнайгаз» АҚ-да ТЖҚ-ны сатып алу үш әдіспен жүзеге асырылады: ашық тендерді өткізу, баға ұсыныстарын сұрату және бір көзден сатып алу.
Ашық тендер әдісімен сатып алуды жүргізгенде әлеуетті жеткізушілерде төмендегідей мүмкіндіктер бар: 1. Электронды сатып алу ақпараттық жүйесінде (ЭСАЖ) тендерлік құжаттаманың жобасымен алдын ала танысу және 5 жұмыс күнінің ішінде түсіндірмелерді (ескертпелерді/ұсыныстарды) жіберу; 2. Алдын ала қараудың қорытындысы бойынша анықталған сәйкессіздіктерді жою мақсатымен 3 жұмыс күні ішінде өз өтініміне толықтырулар және/немесе өзгерістер енгізу; 3. Тапсырыс берушінің талаптарына сай деп танылған әлеуетті жеткізушілердің арасында сатып алудың жеңімпазын анықтау мақсатында бағаны төмендету сауда-саттығына қатысу.
Сатып алуды баға ұсыныстарын жинау әдісімен жүргізгенде әлеуетті жеткізушілер таңдаудың негізгі өлшемшарты баға болып табылатын ТЖҚ-ны сатып алуға қатысады. Бұл жағдайда жеткізушілерден құжаттардың ең аз топтамасы талап етіледі, бірақ, сатып алудың сомасы 4000 АЕК-тен аспайтын болуы керек.
Ал, соңында, бір көзден алу әдісімен сатып алу. Бұл жағдайда да жеткізушіні таңдағанда негізгі өлшемшарт баға болып табылады. Сатып алуға қатысу үшін коммерциялық ұсыныс жеткілікті, бірақ, сатып алудың сомасы 1000 АЕК-тен аспайтын болуы керек.
- Едіге Тұрарұлы, Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік қатысуы бар ірі мұнай компанияларының үлгісі бойынша әлеуетті жеткізушілердің алдын ала біліктілігін енгізу бөлігінде Самұрық-Қазына ережелеріне өткен жылы өзгерістер енгізілген. Олар туралы толығырақ айтып беріңізші.
- Иә, 2017 жылдың 6 қарашасында «Білікті әлеуетті жеткізушілерден сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің тізбесі» бекітілді. Соған сәйкес, осы тізбемен көзделген ТЖҚ-ны сатып алуға қатысуға тек біліктілік іріктеуінен өткен әлеуетті жеткізушілер ғана жіберілетін болады. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ-ның бұл жаңалығының мәні – әлеуетті жеткізушінің бірқатар өлшемшарттарға, соның ішінде, әлеуетті жеткізушінің шарттық жұмысының құқықтық бөлігі мен оны ұйымдастыру; әлеуетті жеткізушінің қорлары; тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің сапасын қамтамасыз ету; жобалар мен тәуекелдерді басқару; еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау; қоршаған ортаны қорғау; Холдингтің әлеуетті жеткізушілерінің дамуын қолдау өлшемшарттары, қосымша салалық өлшемшарттар сәйкестігін анықтау.
Алдын ала біліктілік іріктеуі рәсімі төмендегілерді қамтиды: 1) әлеуетті жеткізушілердің өтініштерін жинау мен талдау; 2) әлеуетті жеткізушілерге сауалнама жүргізу; 3) аудит жүргізу; 4) алдын ала білікті әлеуетті жеткізушілердің тізбесін жасау; 5) алдын ала білікті әлеуетті жеткізушілердің тізбесіне өзгерістер енгізу. Егер әлеуетті жеткізуші Холдингтің сенімсіз өнім берушілері тізімінде және/немесе мемлекеттік сатып алулардың жауапсыз қатысушылары реестрінде және/немесе Жалған кәсіпорындардың тізімінде болса, сонымен қатар, егер әлеуетті жеткізуші және/немесе оның басшысы, құрылтайшылары (акционерлері) Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізілсе, әлеуетті жеткізуші алдын ала біліктілік іріктеуіне (АБІ) жіберілмейді.
- Білікті жеткізушілердің тізбесіне қосу әлеуетті жеткізушілерге қандай артықшылықтар береді? Және тізбеге қосу үшін өтініштерді қайда жіберу керек?
- Самұрық-Қазына алдын ала біліктілік іріктеуін енгізуге бірқатар факторлар себепші болды: сатып алулардың тиімділігін арттыру қажеттілігі, уақытша және материалдық шығындарды оңтайландыру мен әлеуетті жеткізушілерді ұсынылатын ТЖҚ-ның сапалық, техникалық және пайдалану сипаттамаларын дамыту мен жақсартуға бағдарлау.
Осылайша, алдын ала сауалнама жүргізу кезеңінде ТЖҚ сыншылдығының үш деңгейі (ТЖҚ құны мен ұйым қызметіндегі тағайындамасын есепке алумен ТЖҚ санаттары бойынша анықталатын деңгейлер) бөліп көрсетіледі. Нәтижесінде, жеткізілетін ТЖҚ-ның сыншылдық деңгейі ең төмен жеткізуші сыншылдықтың ең жоғары деңгейі бойынша сатып алудың қатысушысы бола алмайды.
Біліктілік іріктеуінен өткен әлеуетті жеткізушілер үшін бірқатар артықшылықтар пайда болады: мысалы, сатып алуды өткізгенде жұмыс тәжірибесі мен қызметкерлердің біліктілігі бойынша оларға тапсырыс берушілермен қосымша талаптар қойылмайды. Сатып алуға қатысуға және шартты орындауға өтінімді қамтамасыз етуді енгізу талап етілмейді. Басқаша айтқанда, жүктелетін құжаттар топтамасы азаяды және сатып алу кезеңінде қаржылық шығындар қажет болмайды.
Тағы бір бонус: алдын ала білікті әлеуетті жеткізушілердің тізбесіне енгізілген күннен бастап алдын ала біліктілік іріктеуінің нәтижелері 2 (екі) жыл бойы (сыншылдықтың бірінші және екінші деңгейлері үшін) және 3 (үш) жыл бойы (сыншылдықтың үшінші деңгейі үшін) жарамды. Яғни, бір рет іріктеуден өткен әлеуетті жеткізушілер Холдинг ұйымдарының ТЖҚ-ны сатып алуларға 2-3 жыл бойы кедергісіз қатыса алады.
Біліктілік іріктеуін жүргізу рәсімі бойынша барлық қажетті ақпарат Директорлар кеңесінің 2015 жылғы 10 желтоқсандағы №125 шешімімен бекітілген және http://sk.kz/ сайтында орналастырылған Сатып алу қызметін басқару бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ саясатына сәйкес әзірленген Сатып алу қызметін басқару бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ Стандарты» құжатында бар.
Электрондық жүйеде біліктілік іріктеуіне өтініштерді «Алдын ала біліктілігі бойынша іріктеу порталына» (http://pko.skc.kz/) төмендегі схема бойынша жіберу керек: ЭЦҚ алу – ЭЦҚ-ны компьютерге орнату – АБІ жүйесіне тіркелу – Өтініш толтыру – Хабарламаға қол қою – Шартқа қол қою – Сауалнама жіберу.
Осы тізбе үнемі толықтырылып, сонымен қатар, бұдан былай оған тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың барлық 100 пайызын қосу жоспарланып тұратыны туралы әлеуетті жеткізушілерді ақпараттандырғым келеді.
Барлық әлеуетті жеткізушілерді біздің компаниямыздың сатып алу рәсімдеріне белсенді қатысуға шақырамын. Біз әр жеткізушімен серіктестік орнатуға дайынбыз!