Барлық бөлімшелердің, соның ішінде кәсіпорынның коммерциялық қызметіне жауап беретін сектордың, тиімді және үйлесімді жұмыс істеуі мұнай-газ компаниясы өркендеуінің бір шарты болып табылады. Отандық мұнай кәсіпорнының бесігі болып табылатын «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамында (бұдан әрі – ЕМГ немесе Компания) бизнесті дамыту блогы маңызды міндеттердің бірқатар кешенін шешеді. Мұнай мен газды сату, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу, келешекте даму бойынша жобаларды енгізу, өндірістің материалдық-техникалық жабдықталу тиімділігін арттыру бойынша жүргізілетін жұмыстар туралы және басқа да көптеген мәселелер жайлы ЕМГ Басқарма төрағасының бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары Бауыржан Құспанұлы БАЛЖАНОВПЕН болған сұхбатта сөз болды.
- Бауыржан Құспанұлы, мұнай мен газды сату Сіздің бөлімшеңіз үшін басты мәселенің бірі болып табылады. Компаниямен өндірілетін өнім қандай бағыттарда және көлемде сатылады?
- Біздің өнім ішкі нарыққа да, экспортқа да сатылады. Қазақстан Республикасы энергетика министрлігінің ережелеріне сәйкес, бірінші кезекте мұнай отандық Павлодар және Атырау мұнай-газ өңдеу зауыттарына жеткізіледі. Экспортқа байланысты айтатын болсақ, бізде негізгі екі бағыт бар: Каспий Құбыр желiсi консорциумы (КҚЖК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы Ресейдегі Новороссийск теңіз портына дейін. 2017 жылдың қорытындысы бойынша «Ембімұнайгаз» АҚ шамамен 2,8 млн.тн. мұнай сатты, бұл ретте ӨАС бағытына сатылған көлем шамамен 1,5 млн.тн. (54,6%), КҚЖК бағыты бойынша 0,8 млн.тн. (28,3%), ішкі нарыққа 0,5 млн.тн. (17,1%) мұнайды құрады. ЕМГ өндіретін газ Қазақстан Республикасының ішкі нарығында ғана сатылады. С.Балғымбаев, Шығыс Мақат және Прорва кен орындарында орналасқан газ дайындайтын үш қондырғыда Атырау облысының Исатай, Қызылқоға және Мақат аудандары тұрғындарының табиғи газға деген сұраныстарын қамтамасыз ететін тауарлық газ дайындалады, сонымен қатар, «Орта Азия - Орталық» магистралдық газ құбырына бағытталады.
- Өнімді өткізуден басқа сіз мұнай компаниясының өндірістік қызметін қамтамасыз ету үшін маңызды болып табылатын тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу үдерістеріне жетекшілік етесіз. ЕМГ-да ТЖҚ-ны сатып алудың жылдық көлемі мен Компаниядағы жергілікті қамтудың үлесі қандай?
- «Ембімұнайгаз» «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ (бұдан әрі – Самұрық-Қазына) компаниялар тобына кіретін ұйым болып табылады. Сондықтан, сатып алулар Самұрық-Қазына және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан артық пайызы тікелей немесе жанама түрде меншік не сенімгерлікпен басқару құқығында Самұрық-Қазынаға тиесілі ұйымдардың ТЖҚ сатып алу ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады. Сатып алу рәсімдері http://tender.sk.kz/ мекенжайы бойынша Самұрық-Қазына электрондық сатып алу ақпараттық жүйесінде (ЭСАЖ) өткізіледі.
2017 жылдың қорытындысы бойынша ЕМГ сатып алуларының жылдық жоспарына сәйкес, тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің көлемі 82 млрд. теңгеден артық болды. Сонымен бірге, Компания мақсатты түрде жергілікті қамтудың жоғары пайызын сақтайды. Осылайша, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Компанияның сатып алуларында қазақстандық тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің үлесі 77 %-ды құрады.
Сондай-ақ, әлемнің кез келген нүктесіндегі жеткізушілер ЕМГ сатып алуларына қатыса алады. Қазіргі уақытта 400-ден астам компания «Ембімұнайгаз» АҚ серіктестері болып табылады.
- Сіз, сонымен бірге, перспективалық даму блогына жетекшілік етесіз, оның қызметі аясында соңғы жылдары ЕМГ-да бірқатар қызықты және нәтижелі жоба жүзеге асырылды. Олар туралы бізге айтып бересіз бе?
- Рас, өндірістік қызметтің шығынын азайтуға және тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа жобалар перспективалық даму аясында пилоттық режимде бірнеше жыл бойы Ембіде сәтті енгізілуде. Солардың негізгілеріне тоқталып өтсем.
Барлығы білетіндей, мұнай өндірісінің тиімді қызметі бірқатар факторға байланысты. Соның ішінде уақытылы жеткізулерге және кәсіпорын қоймаларында мұнай кәсіпшілігі жабдықтары мен жабдықтардың басқа түрлерінің болуына байланысты. Бұған қоса, мұнай компаниясы үшін қоймаларда тауарлық-материалдық құндылықтардың (бұдан әрі - ТМҚ) қажетті мөлшерін қамтамасыз ету және қоймаларда өтімсіз ТМҚ тауарбастылығына жол бермеу бірдей маңызды болып табылады. Осы екі міндетті шешу үшін мұнай компаниясында қорлардың мөлшері туралы дәл ақпарат және әр ТМҚ түрінің сапалық сипаттамаларының дәл сипаты болуы тиіс.
Материалдық-техникалық қамту барысын оңтайландыру жобасы аясында барлық үдерістердің талдауы жүргізілді, «тар және проблемалық орындар» анықталды және жойылды. Бірнеше жыл бойы ЕМГ басқару аппараты мен өндірістік құрылымдық бөлімшелер қызметкерлерінің үлкен тобы қателерді, дәлсіздіктер мен қайталанатын жазбаларды жойды, жетіспейтін ақпаратты толықтырды және ТМҚ әр түрін үлгітүрдің бірыңғай пішіміне келтірді. Барлығы 1 мыңнан артық үлгітүр әзірленді және шамамен 4 мың ТМҚ жазбасы бірыңғайландырылды.
Нәтижесінде, төмендегі міндеттер шешілді: ЕМГ қоймаларындағы қорларға қатысты кез келген ақпарат шынайы уақыт режимінде қолжетімді және анық болды; қателердің саны азайды; қорлардың айналымдылығы жақсарды. Осылайша, қоймалардың тауарбастылығымен қатар, үдеріс иесінің жеке жауапкершілігі мәселелері шешілді.
Екіншіден, ЕМГ өндірістік құрылымдық бөлімшесі «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы базасында пилоттық режимде енгізілген көлікпен қамтамасыз етуді оңтайландыру жобасы өндірістік пайдалануға берілген болатын. Қазіргі уақытта барлық өндірістік құрылымдық бөлімшелерде пилоттық жобаны жүзеге асыру тәжірибесін ескере отырып, автопаркті жаңарту жүргізілуде, көлік құралдарын бақылаудың GPS жүйесі енгізілді, жоғары жабдықтың отын шығыны датчиктерін орнату жоспарлануда, ұзақ мерзімді өндірістік бағдарлама әзірленді, цехтар бойынша көлік шығындарын жоспарлау мен бөлу жүйесі енгізілді, ЖЖМ шығыны нормаларына түзетулер енгізілді, көлікпен қамтамасыз ету үдерісін орталықтандырылған басқару жасалды және ЖЖМ азайту, ПӘК енгізу мен мониторингі арқылы көлікпен қамтамасыз етудің тиімділігін арттырған нормативтік-әдістемелік және регламенттік құжаттар әзірленді.
Келесі жоба – техникалық қамту және жабдықтарды жөндеу (бұдан әрі - ТҚжЖЖ), ол да пилоттық режимде «Жайықмұнайгаз» МГӨБ енгізілді. Осы жоба аясында біз жабдықты пайдаланудың жөндеуаралық кезеңі мен коэффициентінің ұлғаюын, ал жоспарланбаған жұмыстар үлесінің азаюын күтеміз. Қазіргі уақыттағы енгізу кезеңінің өзінде төмендегі бағыттар бойынша жақсаруларды көріп отырмыз: ТҚжЖЖ үдерістерін орындау тиімділігінің артуы; Қоғамның басшылығы мен қызметкерлерін жабдыққа техникалық қызмет көрсету және жөндеу үдерістерінің орындалуы бойынша шұғыл ақпаратпен қамтамасыз ету; ТҚжЖЖ жұмыстарын жоспарлауға және орындауға қатысатын қызметтер мен орындаушылардың өзара әрекеттестік деңгейін арттыру.
- Менің білуімше, ЕМГ-да барлық бизнес-үдерістерді оңтайландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Сол туралы толығырақ айтып берсеңіз?
- Иә, қазіргі уақытта бұл жұмысты перспективалық даму блогы жүргізеді. Біздің ойымызша, Компания аясындағы әр құрылым (мұнай-газ өндіру басқармасы/департамент/қызмет) белгілі үдерістік моделді ұстануы тиіс. Яғни, әр құрылымдық бөлімше өзінің қандай бизнес-үдерістің иесі екенін, өз бизнес-үдерісін орындау барысында кіммен өзара әрекет жасайтынын, қандай өнімді (бұл ақпарат немесе қызмет болуы мүмкін) шығаратынын, оны кім үшін істейтінін және осы өнімнің немесе қызметтің сапасы қандай болуы керектігін түсінуі тиіс. Мұнай өндірісінде барлығы өзара байланысты. Өндірістің бір бөлігінің қатесі мұнайды өндіру бойынша жоспарды бұзуы мүмкін. Сондықтан «әлсіз» бөліктерді анықтап, барлық тізбек тиімді жұмыс істеу үшін оларды нығайту қажет!
- Бизнес-үдерістерді жүйелеумен жұмыс істеу барысында қандай проблемалар кездесті?
- Жаңа үдерісті енгізудегі немесе қолда бар үдерісті өзгертудегі ең қиын міндет – адамдарға оның не үшін істелетінін және неге әкелетінін түсіндіру. Барлығымызға жаңа үдерістерге үйрену қиын әрі қорқынышты, өйткені, үйреншіктілері айтарлықтай түсінікті және жайлы. Ал жаңа үдерістер тәуекелге толы болып көрінеді, оларға үйрену керек, бір нәрсені қосымша меңгеру қажет, яғни, «жайлылық аймағынан» шығу керек болады. Келешекте даму бойынша жоғарыда аталған жобаларды енгізу барысында осы мәселелердің барлығын кездестірдік. Бірақ, біз осы жобалардың мақсаттарын түсіндіру бойынша көп жұмыс жүргіземіз және біздің Ембінің үлкен әрі тату ұжымының қызметкерлерінен түсіністік табамыз. Өйткені, қазіргі уақытта Компанияның топ-менеджменті басшылыққа алатын басты міндет – акционерлер қойған бизнес-міндеттердің тиімді жүзеге асырылуын және ғасырлық тарихы бар кәсіпорын ұжымының бұдан әрі өркендеуін қамтамасыз ету!
Сұхбаттасқан Л. СҮЛЕЙМЕНОВА