Алда ауқымды міндеттер тұр

05 шілде, 2019

Компанияға қарасты кен алаңдарының бүгінгі тынысымен мұнайшыларды таныстыру,  Ембі өңіріндегі қолға алынып жатқан тың жобаларды кеңінен насихаттау мақсатында өндіріс басшыларымен сұхбат ұйымдастыру дәстүрімізге енген.  «Біздің сұхбат» айдарының  бүгінгі  қонағы «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы Гибатолла Толағайұлы ШАНАЕВ.

- Гибатолла Толағайұлы, сұхбатымызды «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының өндірістік көрсеткіштерінен бастасақ. 2019 жылдың 2 тоқсанын артқа тастадық. Нәтиже қандай? 

- Пікірімді әріден бастасам. «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ 14 кен алаңында өнім өндіруде. Нақтылайтын болсам, С.Нұржанов, Батыс Прорва, Ақтөбе, Досмұхамбетов, Құлсары, Қосшағыл, Ақінген, Терең-Өзек, Қаратон, Қисымбай, Аққұдық, Көкімбет, Тәжіғали, Төлес кеніштерінің 11-де өнім өндірілсе, 3-уі консервацияда. 

- Консервацияда тұрған кеніштерді атап, оның себептерін білсек бола ма?  

- Консервацияда тұрған кен алаңдарының жалпы саны- 3. Олар – Тәжіғали, Көшкімбет, Төлес кеніштері. Себептеріне жеке-жеке тоқталсам, Тәжіғали кен алаңы Каспий теңізі суының тасқынынан 1989 жылдың 1-маусымынан бері тоқтап тұр. Сулану деңгейінің жоғары болуынан Көшкімбет кеніші 2006 жылдың маусым айынан, Төлес кеніші 2014 жылдың 1-қаңтарынан бері сулану деңгейінің жоғары болу салдарымен қатар қордың сарқылуы себебінен консервацияда. Қаратон, Терең-Өзек, Құлсары, Қосшағыл – төрт кен алаңы бүгінде өнім өндірудің соңғы сатысында тұрған байырғы кеніштер. С.Нұржанов, Батыс Прорва, Досмұхамбетов, Ақтөбе кеніштері  табиғи режимде игерілуде.    

«Жылыоймұнайгаз» МГӨБ 2018 жылдың  қорытындысында 1 109,860 мың тонна өнім игерген, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 75 мың тоннаға артық. С.Нұржанов кен алаңының Солтүстік-Батыс қанатында  игерілу  жұмыстары басталып, 49,295 мың тонна өнім алынды.

2018 жылы Қисымбай кен алаңында сіңірімділік  тегістеу жұмыстары №15,22 сұйықтық айдау ұңғымаларын  қабат арасына су айдау көлемін қайта бөлу арқылы қойнауқат өнімділігін арттыру мақсатында жүргізілді. ВПП жүргізілген соң барлық өндіруші және су айдаушы  ұңғылардың жұмыс режиміне 18 сағат бойы бақылау жүргізілді. 

2018 жылы мұнай және газ кен алаңдарын іздеу және ашылған алаңның болашағын нақтылау мақсатында мұнай-газ өнімділігіне қатысты 6 іздеу ұңғымасы бұрғыланды. Жалпы, өтімділігі 17 700 метр деп жоспарланса,  ол нақты 17 310 метрді  құрады. 

2019  жыл біз үшін жақсы жұмыстармен басталуда. Ағымдағы жылдың 5 айлық көрсеткішінде жоспардағы  553232 тоннаның орнына 554521 тонна өнім өндірілді. 2019 жылы 8   ұңғымасын бұрғылау жоспарланса, олардың 6-уы іске қосылды. С.Нұржанов, Досмұхамбетов, Терең-Өзек кеніштерінде пайдалануға берілген ұңғымалардың жұмысынан қосымша 5,345 мың тонна өнім игерілген. С.Нұржанов кен алаңының Солтүстік-Шығыс алаңында триасты көкжиегін тарту  мақсатында №805 ұңғымада  жер асты сумен жару арқылы әдісімен тәулігіне 40 тонна дебит өндіру күтіледі. 

Жылдық өнім көрсеткішін көбейту –басты назарда

- Ұңғымалардың өнім беру көрсеткішін   арттыру мақсатында өзінің тиімділігін көрсетіп жүрген жұмыстың бірі- күрделі жөндеу жұмыстарын тұрақты ұйымдастыру. Бұл жұмыс бағыты қалай жолға қойылған?  

- Ембі  кен алаңдарының дені – байырғы кеніштер. Сулану деңгейінің жоғары болуын жоққа шығармаймыз. Осы орайда ұңғымалардың өнім беру көрсеткішін барынша тұрақтандыру мақсатында барлық тиімді әдістерді қолданамыз. Қойнауқаттың өнім беру деңгейін көтеру мен  кен  аймағын қалпына келтіру, ағынды қарқындату жұмыстарын жүзеге асыру үшін 2018 жылы 84 ұңғымаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның 77 ұңғымасы  өнім беріп тұрса,  7-уі  – айдау ұңғымасы. Олардан қосымша 42,623 мың тонна өнім алынды. Өнім беріп тұрған ұңғымалардың табыстылығы 75 пайызды құраса, айдау ұңғымаларының табыстылығы  100 пайызды толық құрап отыр. 2008-2018 жылдар аралығында жалпы саны 135 ұңғымаға күрделі жөндеу жүргізіліп, нәтижесінде кен алаңдарының сулану деңгейін 98,7 пайыздан 97 пайызға дейін түсіруге қол жеткіздік. 

- 2019 жылдың 5 айлық қорытындысында 34 ұңғымаға күрделі жөндеу жүргізіліп (жылдық жоспар 84 ұңғыма), қосымша 6618 тонна өнім алынды. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілмекші?

- Иә, жоспарды артығымен орындауға бар күш-жігер салынатын болады. Алдағы уақытта жылдық өнім көрсеткішін көбейту, мұнайдың сынағын тұрақтандыру және арттыру пайдалануға жаңа ұңғымаларды енгізу есебінен, сондай-ақ, су ағысын шектеу мақсатында кен алаңдарында жүргізілетін ГТМ есебінен қолдау табады. 

«Жылыоймұнайгаз»  МГӨБ келешекте тұрақтылықты сақтау және жылдық сынақты арттыру мақсатында 1920 жылы пайдаланушы ұңғымаларды бұрғылау ұңғымаларды күрделі жөндеу жұмыстарының күшімен геологиялық-техникалық шараларды ұйымдастыру, ұңғыма түбі маңына   әсер ету, әрекетсіз тұрған ұңғымаларды іске қосу жұмыстарын жалғастырамыз.  

Прорва өндірістік басқармасына қарасты кен орындарында мұнайды жинау және тасымалдау жүйесін жақсарту бақытында жаңа технология енгізу жұмыстары да жалғасады.  

2020 жылы жобасы жасақталудағы УБС-Прорва МДаЦ арасында мұнай құбырын салу жоспарланып отыр, мұндағы мақсатымыз Батыс Прорва кен алаңының қабат қысымын түсіру арқылы мұнай өндіру ұңғыларының тиімділігін көтеру. Жаңа технологияны өндіріске енгізу бағытында триас қабатындағы динамикалық деңгейі төмен ұңғыларға сызықты жетекті сораптарды жіберу қаралып отыр, артықшылығы 1500-3500 метрге жіберу мүмкіндігі және 4-30 м3/тәулік өнімді көбейту. Сонымен қатар штангасыз электр бұрандалы сораптар жоспарланып отыр, сол арқылы  электр қуатын үнемдеуге жол ашамыз, пайдалы іс әрекет ету коэффициенті жоғарылайды, нақтыласам,  78-93 пайызға дейін көтеріледі.  

Әйнек пластикалық штангілерге тәжірбиелік-өндірістік сынақ жұмыстары жүргізілді, оның артықшылығы штангілер колоннасының салмағы азайып, тоттанбайтын материалдан жасалған, пайдалану мерзімі 5-6 есеге ұзарады, жалтырауық штокке түсетін жоғарғы жүктеменің 30 пайызға азаюынын ШТС 2000 метрден төмен тереңдікке жіберу мүмкіндігі пайда болады. 

2018-2019 жылдары ұңғыларды парафиннен тазарту аралық уақытын ұзарту мақсатында, ұңғыларға қыздыру қондырғысын жіберу жұмыстары жалғасуда.

- Ембінің ірі жобаларының бірі- Ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысы «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ қарасты Прорва кенішіндегі ірі өндірістік нысан. Әңгіме бағытын осы өндірістік нысанның жұмысына қарай бұрсақ.

- 2017 жылы іске қосылған Ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысы – «Ембімұнайгаз» АҚ-ның ірі инвестициялық жобасы. Жылына 150 млн текше метр газды өңдейді деп жобаланған   қондырғы іске қосылғаннан кейін жыл сайын: тауар газы, тұрақты газ конденсаты және түйіршіктелген күкірт өндіріледі деп күтілуде. Тауар газды «Толқын» ГКДҚ-ГЖП (газ жинау пункті) кеніштік газ құбыры арқылы тасымалдау жоспарланып отыр, тұрақты газ конденсаты өндірістің сұранысына орай  пайдаланылып, ал түйіршіктелген күкірт – ішкі және сыртқы нарыққа сатылатын болады. Отандық жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорын-біздің Компания  үшін экологияны сақтау, қоршаған ортаға зиян келтірмеу - бүгінгі күннің өзекті  мәселесі болып табылады. Аталмыш қондырғының іске қосылуы осы мақсаттан қолға алынған ауқымды жұмыс. 

- Күрделі құрылыс туралы айта кетсек... 

- 2019 жылы негізгі қорларды жөндеу жұмыстары орындалуда, атап айтқанда өндірістік ғимараттарды жөндеу, «Каспий Самалы» мұнайшылар қалашығындағы 40 және 200 орынды асханалар, Аққұдық кен орынындағы жатақана мен асхана, Қарашүңгіл ескерткіші, басқарма бойынша 5 тік болат қазанын жөндеу және 8 тік болат қазанын сырлау, электр желісінің бойына топырақ төгу, Ақтөбе кен алаңы бағытындағы өндіріс ішілік жолды жөндеу жұмыстары қолға алынуда.  

2020 жылы ғимраттарды салу және жөндеу, ұңғыларды жайғастыру, мұнай дайындау және айдау цехының автоматтандыру жүйесін жаңарту, сонымен қатар, мұнай дайындау және айдау цехы ғимаратын жаңарту және қайта құру, Прорва бағытындағы кен орындарды сумен  жабдықтау мақсатында су өндіру ұңғыларын жайғастыру жұмыстары жоспарлануда. 

Мұнайшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту

- Қандай ма ұжым болмасын, негізгі байлығы- қарапайым еңбек адамы. Біздің Компанияда мұнайшылардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайын жақсарту, олардың қауіпсіз ортада алаңсыз еңбек етулеріне барлық жағдайды жасау негізгі бағыттарымыздың бірінен саналатыны рас.

- Мұнайшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарта түсу жолындағы жұмыстарымыз жыл сайын толығу үстінде. 2018  жылы Ақінген кен орнына жаңадан 22 орындық мобилді жатахана іске қосылса, Құлсары жатақханасына 32 орынға кеңейтіліп жаңарту жұмысы жүргізіліп тапсырылды. Қисымбай кен орнына  50 орындық жаңа асхана салынды. Кен  орындарына қазіргі заманға сай 8 мобилді операторлық  вагон берілді. Прорва кен орны және Терең-Өзек кен орнындағы асханаларға тамақ сақтауға арналған  мобильді салқындатқыш қойма алынды. Прорва кен орнындағы «Каспий Самалы» қалашығындағы №2, 3 жатақханаларға күрделі  жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2019 жылы да осы бағыттағы жұмыс жалғасын табуда. Аққұдық кен орнындағы  жұмысшылар жатақханасында  және  Прорва кен орны «Каспий самалы» вахташылар қалашығындағы  №1 және 2 асханаларда  күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 

Сонымен қатар, мұнайшылар мен олардың отбасыларына әлеуметтік көмектер: жазғы демалыс уақыттарын ұйымдастыру, медициналық қамсыздандыру т.б. қолдау шаралары да көрсетіледі. Ойымды қысқаша түйіндесем, мұнайшылар Компания тарапынан толықтай әлеуметтік қолдауға ие.

- Сұхбатыңызға рахмет! 

Дереккөз: «Ембі тынысы» газеті