«Жайықмұнайгаздағы» тың жаңалықтар болашаққа деген сенімді арттырады

05 шілде, 2019

Газетіміздің осы нөмірінен бастап өндіріс тынысын көрсету, жаңалықтарынан хабардар ету мақсатында Компанияға қарасты өндірістік-құрылымдық бөлімшелердің басшыларымен сұхбатты жариялауды бастадық. Алғашқы сұхбаттасушымыз – Еділ-Жайық қс өзен арасында тамырын тереңге жайған, жарты ғасырдан астам тарихы бар «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы Амангелді Тасқынбайұлы СҮЛЕЙМЕНОВ.

- Амангелді Тасқынбайұлы, басқарманың өткен жылғы қорытындысы туралы айтып өтсеңіз. 

- «Жайықмұнайгаз» басқармасы – қазыналы қара шаңырақ Ембі мұнайының 32,3 пайыздан астамын өндіріп келе жатқан Исатай ауданындағы іргелі өндіріс орны. 

Кезінде бұл аймақтағы мұнай қоры 70,2 млн. тонна шамасында деп жобаланса, осынау елу жылға жуық уақыт ішінде басқарма бойынша болжанған қордың 82,2 % пайызға жуығы игеріліп 57,7 млн. тонна мұнай ел игілігіне жаратылды. Қалған қор – 12,4 млн тонна.   

Басқарма бойынша 2018 жылы 944 063 тонна мұнай өндіру жоспарланып, жоспардан 90 тоннаға артық - 944 153 тн мұнай өндірілді. Тапсырылған мұнай көлемі 935 385 тн. болды. Ал, жоспар 933 955 тн еді.  Яғни, бұл бағытта да жоспарды аса орындадық. Тапсырылатын мұнайдың сапасы толықтай І топпен өткізілуде.  

2018 жылы басқарма кен орындарында 4 792,385 мың текше метр су айдау жоспарланып, нақты жылдың қорытындысымен су айдау көрсеткіші 100% орындалды. Сонымен қатар, 2018 жылға кен орындар бойынша 30 025,946 мың текше метр ілеспе газ өндіру жоспарланып, нақты 30 035,023 мың текше метр ілеспе газ өндірілді.  Оның ішінде 880 000 текше метр ілеспе газ газ дайындау қондырғысында дайындалып, тауарлы газ тұтынушы сырт мекемеге берілді.

- «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының көп жылдардан бері ең өзекті мәселесі өндірісішілік, өндірісаралық автокөлік жолдары болатын. Осы бағыттағы қолға алынған шаралар қандай? 

- Иә, бұл мәселе тек 2012 жылдан бастап өз шешімін таба бастады. Басқарманың ең негізгі өндіріс орны болып жарты ғасыр тарихы бар С.Балғымбаев кен орны табылады. Аққыстау селосынан С.Балғымбаев кен орнына баратын жол Исатай аудандық тұғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің есебінде болғандықтан, 2012-2013 жылдары демеушілік есеппен (951 496 мың теңге) 12 км жол қайтадан жаңғыртудан өткізілді.

2014-2015 жылдары С.Балғымбаев-О.Б.Қамысты кен орындары аралығындағы 17,54 шақырым автокөлік жолына 1030 405 мың теңге қаржы жұмсалып, қайтадан жаңғыртылды. Ал, 2016-2017 жылдары О.Б.Қамысты-Оңт. Шығыс Новобогат автокөлік жолы (11,57 шақырым) Лиман Блогіне (3,197 шақырым) дейінгі кірме жолымен қоса, барлық ұзындығы 14,573 км салынып іске қосылды. Аталған жол құрылысына 1 294 002 мың теңге қаржы жұмсалды.

2018 жылы 1 640 788 мың теңге қаржыға О.Б.Қамысты-Оңт.Шығыс Қамысты кен орындары аралығына ұзындығы 13,9 шақырым автокөлік жолы салынып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, С.Балғымбаев кен орнының өндірісішілік автокөлік жолына жобалық-сметалық құжаттар жасақталып, 2019-2020 жылдары құрылыс жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.

«Оңт.Батыс Қамысты кенішілік автокөлік жолы», «Атырау-Астрахань тас жолынан Жаңаталап кен орнына дейінгі автокөлік жолы» нысандарының да жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, бүгінгі таңда мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Сондай-ақ, Жаңаталап кен орнынан С.Балғымбаев кен орнына тікелей қатынау мақсатында және «Атырау-Астрахань» тас жолына жаңғырту жұмыстары атқарылған кезде кен орнына жетуге қиындықтар туындамас үшін, Жаңаталап-С.Балғымбаев автокөлік жолын салу «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығының алдына мәселе етіп қойылды. Бұл жолдың да өз шешімі табылады деп сенеміз.  

- Сіз бұл басқармаға жаңадан басшылыққа келіп жатсыз. Алға қандай жоспарлар бар? Қандай өзгерістерді күтуге болады?

- Ең алдымен, адамның өмірі компания үшін ең қымбат құндылық. Сондықтан компанияда еңбекті қорғау, өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздіктері талаптары, Еңбек кодексі, Азаматтық қорғау туралы заңдарына, еңбекті қорғау, өнеркәсіптік, өрт қауіпсіздіктері, қоршаған ортаны қорғау талаптарына сәйкес жұмыс жасау – басты талап болмақ. Сонымен қатар, бекітілген жоспарлар мен іс-шараларды орындау, өндірістік шығындарды азайту, өндіріске жаңа озық технологияны енгізу, пайдаланылатын тоқ көзін азайту бағытында шаралар жасақтап орындау, өндірілетін ілеспе газды залалсыздандыру және қызметкерлерді басқаруды оңтайландыру кәсіби біліктілігін арттыру бағытында, жас мамандарды жауапкершілігі жоғары жұмыстарға бағыттау шаралары басшылыққа алынатын болады.  

Айтарлықтай өзгерістер жасаймын деп айтпайын, бірақ компаниямыздың қаржысын тиімді басқарып, үнемдеп, лифтинг шығындарының өзіндік меншікті құнын төмендету, басқарманың экономикалық көрсеткішін көтеруді, жоспарланған жұмыстарды уақытында кешіктірмей орындауды мақсат етіп отырмын.

- Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Жайықмұнайгаз» МГӨБ 1056 күн бойы жазатайым оқиғасын болдырмай, «Ембімұнайэнерго» басқармасынан кейін жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Табыстың сыры неде? 

- Бұған, алдымен, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның өзіне қарасты компания жұмысшы-қызметкерлеріне қолайлы жұмыс жағдайын туғызғанынан қол жетіп отыр. Қауіпсіздік іс-қимылды бақылау қағидасы басқарма қызметкерлері мен жұмысшыларының жұмыс барысында негізгі әдістерін және іс-қимыл  техникасын анықтайды, бақылауларды жүргізу тәртібін белгілейді. Жұмысшылар арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыру құралы болып табылады. Жұмысшылардың қауіпті іс-әрекеттерін анықтауға, алдын алу және қайтара болдырмауға бағытталып, жүргізілген қауіпсіздік іс-қимылды бақылау қортындылары бойынша деректерді жинап, талдап, тәртібін белгілейді. Басқарма бойынша 2018 жылы 1380 қауіпсіздік іс-қимылды бақылау жұмысы жүргізіліп, өндіріске қатынасты жазатайым  оқиғаның алдын алуға зор себебін тигізді.

- Мұнай-газ өндіру басқармасында жүзеге асып жатқан жобалардың тиімділігі, соның ішінде, жабдықтарға техникалық қызмет көрсету және жөндеу (ТОиР) жобасы жайында айтып кетсеңіз.  

- Иә,  басқармада   аталған жоба  2016 жылдан бастап енгізілді. Алғашқы жылы басқармадағы  барлық құрал-жабдықтардың  есебі  түгенделіп, ақпарат жинау басталды. Бұл жүйе басталмастан бұрын  басқарманың  барлық  инженер-техникалық қызметкерлері осы жүйе туралы ақпарат алып, оқытылды. 2017 жылдан бастап барлық жиналған ақпараттар SAP ТОиР  жүйесіне енгізіліп, тәжірибелік бағытта жұмыс бастады. Ал, 2018 жылдың қаңтар айынан бастап басқармада SAP ТОиР  жүйесі толықтай  нақты  уақытта жұмысын бастады.

- Тиімділігі неде?

- Қазіргі кезде  басқармадағы барлық цех, учаскелер өздерінің  күнделікті  алдын ала жөндеуге (ППР- предупредительный ремонт)  кететін материалдарың, тауарлы-материалдық сатып алу бюджеті бойынша келген  құрал-жабдықтарын, қосалқы бөлшектерін  осы  SAP ТОиР  жүйесі арқылы алып, есептен шығаруда.   Сонымен қатар басқармаға мердігер мекемелердің құрал жабдықтарға    көрсетілген  қызмет  түрлері туралы ақпараттар да  ай соңында  осы  SAP ТОиР  жүйесіне енгізіліп  отыр.

«Жайықмұнайгаз»  басқармасы  2019 жылдан бастап ТМҚ сатып алу бюджетін жасақтау  кезінде  керекті  материалдарды, қосалқы бөлшектерге деген сұраныстарын   осы SAP ТОиР жүйесі сүйене отырып жоспарлайды. Бұл жүйенің  енгізлуінен   өндірістегі  құрал- жабдықтардың  пайдалану мерзімін  ұзартып, олардың  үздіксіз  жұмыс жасауына қажетті материалдар мен қосалқы бөлшектерді   дұрыс  жоспарлап,  артық шығынсыз жұмыс жасаймыз деп үміттенеміз.

- Басқарма бойынша мұнайшылардың жатақханасында орын тапшылығы мәселесі көтеріліп жүр.  Бұл мәселені шешу үшін қандай шаралар жоспарланып отыр? 

- Бүгінгі күннің басты талабы өндірістік тапсырмаларды  орындаумен қатар, еңбек адамына әлеуметтік-тұрмыстық жағдай туғызу болып табылатыны түсінікті. Жұмысшы-қызметкерлердің еңбегі, оларға әлеуметтік-тұрмыстық жағдай туғызу жайы акционерлік қоғам мен еңбек ұжымы арасында жасалған ұжымдық шарт негізінде реттеліп отырылады. Басқарманың кен орындарында типтік жобамен салынған 12 жатақхана мұнайшыларға барынша сапалы қызмет көрсетуде. 

Еңбек жағдайын жақсарту, жатақхана, асхана, жалпы алғанда жұмысшыларға жағдай туғызу мақсатында, қарапайым еңбек адамына бар мүмкіншілікті, алаңсыз еңбек етуге жағдай туғызатын мына біз топ менеджерлер, Компания басшылығы әлеуметтік салаға көңіл бөліп бар жағдайды туғызуымыз және оданда әрі қарай жақсарту жолында жұмыстар жалғаса береді. 

Осы жағдайларға байланысты өндіріс орталығынан алшақтау жерге кешеді жатақхана қалашығын, яғни қазіргі заман талабына сай жатақхана салып, жұмысшы қызметкерледі өндірістің кен орындарына  бір жерден тасымалдау ойымызда. Бұл мәселе де Компания басшылығының, директорлар кеңесінде қаралып өз шешімін табады деп сенеміз.  

- Сұхбатыңызға рахмет!                                 

- 22 жаңа ұңғы бұрғылаудан іске қосып 36 579 тонна мұнай өндіру жоспарланған, нақты 22 ұңғы іске қосылып жоспарланған мұнай алынды;

- жоспардан тыс 2 ұңғы консервациядан іске қосылып 531 тонна мұнай өндірілді;

- 9 ұңғы әрекетсіздіктен іске қосылып одан 3 063 тонна мұнай өндірілді; 

- 85 ұңғыда күрделі жөндеу жоспарланып, одан 25 464 тонна мұнай өндірілді; 

жоғары тиімділігін көрсеткен қабатты гидравликалық жару жұмыстары бойынша 9 ұңғыдан 10 988 тонна мұнай өндіру жоспарланса, бұл көрсеткіш бойынша нақты 13 542 тонна мұнай өндірілді; 

- ұңғылардың нақты жөндеу аралық уақыты 327 тәулікті құрады, жоспарланған тәуліктен 42 тәулікке ұзарды. Бұл дегеніміз ұңғыларға жүргізілетін жөндеу жұмыстарының 42 тәулікке ұзарғандығын көрсетіп отыр. 

Дереккөз: «Ембі тынысы» газеті