Заманауи көшіндегі Компания

03 шілде, 2018

Ел экономикасының дамуында өзіндік зор үлесі бар Ембі өңірінің  ғасырдан астам уақыт тарихында өнім өндіру көрсеткіші тұрақты орындалып келеді. Табыстың кілті - өндіріс алаңдарының жаңа технологиямен қамтылуында дейді ембілік мамандар. Бүгінгі сұхбатымыз осы төңіректе өрбімекші. «Ембімұнайгаз» АҚ өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Абат Амангелдіұлы Құтжановпен болған сұхбатымызда Ембі өңірінің соңғы жаңалықтары әңгіме өзегіне айналды.

- Абат Амангелдіұлы, «Ембімұнайгаз» АҚ қазақ мұнайының «қара шаңырағы» саналады. Тарихи кен алаңдары ұзақ жылдар бойы игеріліп, пайдаланудың соңғы сатысында болуына қарамастан, Компания мұнай өндіру көлемін тұрақты сақтап келеді. Мұндай көрсеткіштерге қол жеткізуінің сыры неде?

- Иә, Ембі өңіріндегі өнім беріп тұрған кеніштердің көпшілігі ескі, игерілудің соңғы сатысында тұрғаны рас. Соған қарамастан, Компания жыл сайын өнім өндіру жоспарын тұрақты орындап келеді. Бұл ескі кеніштермен жұмыс істеп келе жатқан Компания үшін үлкен табыс.  Мұнай өндіру көрсеткіштерінің  тұрақты сақталуында   ұңғымалардың өнімділігін және қабаттардың мұнай беруін арттыруға бағытталған ұйымдастыру-техникалық, геологиялық-техникалық жұмыстардың қалыпты орындалуының орны зор.   

Сонымен қатар,  «Ембімұнайгаз» АҚ-да соңғы жылдарда қолға алынып жатқан жаңа технологиялар  өнім көрсеткішіне айтарлықтай әсер етіп отырғанын айта кету керек. Бүгінгі таңда біздің мақсатымыз- Ембі өңірін заманауи әдістермен, озық технологиямен толықтай қамту.

- Осы жаңа технологиялар жөнінде толығырақ айта кетсеңіз?

- Ұңғымалар жұмысының жөндеуаралық кезеңін (ЖАК) ұзартатын және ұңғымалардың жерасты жабдықтарындағы асфальт-смола –парафин шөгінділерімен (АСПО) күрес жүргізетін жаңа технологиялар өндіріске енгізіліп жатыр.

Соның  бір - асфальт-смола-парафин шөгінділерімен күрес жүргізуге арналған технология, ортаға дәл келтіргіші бар қырнауышты және штанг айналдырғышы бар штанга енгізу. 2013-2017 жылдар аралығында бұлар 145 ұңғымаға енгізілді, 2018 жылы тағы 45 ұңғымаға енгізу жоспарланып отыр.

Қуыс штангалар мен ортаға дәл келтіргіші бар қырнауышты және штанга айналдырғышы бар штанганың қолданылуы арқылы ыстық мұнаймен өңдеу  (ОГН) жүргізу үшін тауарлы мұнайды пайдалану көлемі 35 %-ға азайды. Осы секілді оң нәтижеге қол жеткізсек те, жекелеген кен орындарында асфальт-смола –парафин шөгіндісіне қатысты мәселелер әлі де орын алып отыр. Осыған байланысты, жүргізілген талдауларға және Қоғам кен орындарынан өндірілетін өнімнің физика-химиялық қасиетінің әртүрлі болуы салдарынан,  мәселені шешудің баламалы жолдарын іздеу мақсатында, 2018 жылы асфальт-смола –парафин шөгінділерімен күрес жүргізу үшін жабындысы бар cораптық компрессорлық құбыр енгізу жоспарланып отыр. Бұларды 20 ұңғымаға енгізу көзделген.

Келесі жаңа технология – жоғары техникалық төзімділік сипатындағы Д-супер штангасын енгізу, бұл үзілулер санын барынша азайтуға мүмкіндік береді. Аталған технология 2014-2017 жылдар аралығында 260 ұңғымаға енгізілген болса, штанганың үзілуі 38 % азайды.

- Компанияда ұңғымаларды жер асты жөндеу бригадасы мен  транспорт саласында үлкен өзгерістер болып жатыр. Осыған тоқталсаңыз.

- Бүгінгі таңда Компания өндірістік шығындарды оңтайландыруды басты назарда ұстап отыр. Бұл орайда, өндіріс алаңдарында жүрген барлық транспорттың жұмыстарына бақылау орнатылуда.  Ұңғымаларды жер асты жөндеу (ПРС) бригадаларына телебақылау жүйесі енгізілді. Аталған жүйе түсіру-көтеру операцияларын жедел бақылауға және ұңғымаларда жүргізілген жұмыстарға, сондай-ақ жұмыссыз бос тұру уақыттарына талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Қоғам бойынша бастыру сұйықтығын дайындау да өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бұған дейін олар бастыру сұйықтығы  тікелей   жылжымалы қазандықтар мен агрегаттарда   технологиялық талаптар толық сақталмастан дайындалып келді. Қолданылған кезде қабаттың өнім беру  мүмкіндігі нашарлап кетеді де, өнімнің азаюына әкеп соқтырады, сөйтіп жөндеу жұмыстарынан соң ағысты қайта қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт жұмсалады. Алайда, 2014 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы,   «Кайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы және «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының ұңғымаларында бастыру сұйықтығын дайындау үшін 3 бірлік тұз еріткіш қондырғы іске қосылды.

Бастыру сұйықтығына қойылатын басты талаптар - олардың қабат қысымын басу үшін жеткілікті тығыздықта болуын, жер қабатының өнім беру мүмкіншілігінің сақталуын, технологиялық жауапкершіліктің реттелуін (жарылыс және өрт қауіпсіздігі, термотұрақтылық) және түрлі операциялардың табысты өткізілуін, сондай-ақ дайындау және пайдалану кезінде технологияға сай болуын қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда ұңғымаларды жер асты жөндеу жұмыстарынан соң ұңғымалар өнімін   қалпына келтіруге жүргізілетін талдау нәтижелері бойынша ұңғымаларды қалпына келтіру мерзімінің ұзақтығына бақылау жүргізілуде. Бұрын ұңғымаларды жер асты жөндеу  жұмыстарынан соң ұңғымалар өнімін қалпына келтіру кезеңі енгізілгенге дейін  4-10 тәулікті құраған болса, қазір 1-4 тәулікті құрап отыр. Қоғам бойынша өндірісті уақытында жаңа технологиялармен жабдықтау жұмыстарын оңтайландыру   жалғасуда. Айталық, 2017 жылы тереңдіктегі сораптарға сервистік қызмет көрсету жұмысы жаңадан бастау алды. Сервистік қызмет көрсету формасының концепциясы төмендегідей ережелерден құралады: штангалық тереңдік сорап жұмысының ресурстарын арттыру; ұңғымалар жұмысының жөндеуаралық кезеңін көбейту; ұңғымаларға қызмет көрсетуге жұмсалатын шығын мөлшерін азайту; сорапқа бүкіл пайдалану кезеңі барысында зауыт-дайындаушының қатысуымен қызмет көрсету; штангалық тереңдік сорап (ШГН) және электрлі орталықтандырылған сорап қондырғысы (УЭЦН) прокат жүйесін қалыптастыру.

Соңғы 4 жыл ішінде ұңғымалардың жөндеуаралық кезеңін ұзарту бойынша жүргізілген кешенді шаралар есебінен жөндеу аралық кезең  260 тәуліктен 299 тәулікке дейін ұзартылды. 2018 жылға жөндеу аралық кезеңді 302 тәулікке дейін ұзарту жоспарланып отыр.

Автокөлік құралдарына енгізілген GPS- мониторинг жобасы өндірісті жедел басқару сапасын арттырады; мұнай өндіру процесінің үздіксіз қызметіне қолдау көрсетуге; жанар-жағар майды  үнемдеуге; арнайы техникалар паркін пайдалану коэффициентін арттыруға; жылдамдық режимін бақылауға; тыйым салынған зонаға кіруді бақылауға жол ашады. Автокөлік құралдарына GPS мониторинг жобасын енгізу арқылы жанар-жағар майды 20 % дейін үнемдеу мүмкіндігі пайда болады.

- Соңғы жылдары Компанияда өндірісті цифрландыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Уаз кен алаңына цифрландыру жүйесін пилотты негізде енгізу өз тиімділігін дәлелдеді. Қазіргі таңда кәсіпорында цифрландыру бойынша тағы қандай  жоспарлар бар?

- IT–технологиясы бүгінгі таңда мұнай-газ нарығын нық сеніммен меңгеріп отыр. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ 2015 жылы шығындар тиімділігін және еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған пилоттық жобалардың іске қосыла бастағаны туралы жариялады. Осы секілді жобалардың қатарынан интеллектуалды кен орны концепциясы да орын алды. Нәтижесінде біз Қазақстан бойынша алғашқылардың бірі болып «Интеллектуалды кен орны» (бұдан әрі – ИКО) концепциясын іске қостық, сол концепцияға сай, Компания «Уәз» кен орнынан көмірсутегін өндіру процесін басқару инновациялық жүйе негізінде жүзеге асырды. 

Жоба енгізілген сәттен бастап Уаз кен орнындағы шығындар оңтайландырыла бастады, атап айтқанда, ұңғымаларды жөндеу жұмыстарына жұмсалатын шығын 10 %, электр энергиясын үнемдеу 32% төмендеді, мұнай өндіру өсімі 1,5% құрады, ұңғыма жұмысын қалпына келтіру уақыты орташа есеппен 8%-ға қысқарды.

«Интеллектуалды кен орны» жобасын енгізу бағдарламасын дайындау үкіметтің ұлттық жобаларының  және «Цифрлы Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасының қатарына (Қазақстан Үкіметінің 12.12.2017 ж. №827 қаулысы) қосылды. Осылайша, Цифрлық кен орны концепциясы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ -ның басқа да кен орындарына таратылуда. 

2017 жылы Прорва тобының кен орындарына (Ақтөбе, Батыс Прорва, Досмұхамбетов, С.Нұржанов)   енгізу жобасы іске қосылды. Нәтижесі туралы айту әрине,   ертелеу. Қазіргі кезеңде жүйе пайдалану және деректер жинау жұмыстарында  сынақтан өтуде.   Аталған сынақ кезеңі аяқталған соң, жүйеде жинақталған жалпы деректер мен жұмыстарға талдау жүргізу жоспарланып отыр.

Бұл аталған жұмыстардың барлығы ғасырдан астам уақыт игеріліп келе жатқан Ембі өңірі үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Сол себепті, Ембі өңірін заманауи технологиямен қамту жәйі өзекті саналады.

- Сұхбатыңызға рахмет.