Батыста еңбек адамдары аққуды құтқарып, үйіріне қосты

01 қазан, 2020

Атырау облысында мұнайшылар қанаты сынып, ұша алмай қалған аққудың балапанын қайта өз үйіріне қосты деп хабарлайды Dalainform тілшісі жергілікті мұнай компаниясынан түскен ақпаратқа сүйеніп.

Оқиғаның қалай өрбігеніне тоқталсақ, Прорва кен алаңдарындағы ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысы қызметкерлері өз нысандары аумағында қанаты сынып, ұша алмай қиналып жатқан аққудың балапанын тауып алған.

Содан оны сала мамандары балапанды бірнеше күн бойы тамақтандырып, күтім жасайды. Кейін оны басшылық рұқсатымен «Каспий самалы» вахталық қалашығына жеткізіп, ембілік жұмысшылар оған жыртқыштардан қорғайтын қоршалған алаң салып береді.

​Вахталық қалашықта 10 күн бойы күтімде болған балапанның едәуір күш жинап, су айдынын сағынғаны байқалады.

«Біз балапанды босату үшін оның бойына күш жинап, толықтай сауыққанын күттік. Дәл сол кезде, бізге, Қамыскөл өзенінде бір топ аққу жүзіп жүргені туралы ақпарат жетті. Қамқорлығымыздағы аққудың балапанын вахталық қалашықтан шығарып, өзенге жібердік. Сол кезде балапанның аққуларға асыға жеткен сәтін, қуанышын көрсеңіздер! Жылыойлық мұнайшылар үшін бір жануардың өмірін құтқарып қалғанын сезінудің өзі – үлкен қуаныш», – дейді мұнайшы Қази Бисенов.

Дереккөз: qaz.dalainform.kz