Бүгін Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университетінің базасында мұнай өндірісін дамытуда ғылым мен өндірісті ұштастыра отырып «Ембімұнайгаз»АҚ-ның технологиялық міндеттерін анықтауға арналған фасилитативтік сессия болды.
Аталмыш шара «Самғау» ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университеті, «Ембімұнайгаз» АҚ мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бірлесе ұйымдастыруымен өтті.
Еліміздің мұнай-газ саласының құрметті сарапшысы Ұзақбай Қарабалин сессияда ресурстарды тиімді пайдалану, өнімділікті арттыру және тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін өндіріске ғылыми жетістіктер мен инновацияларды енгізу қажеттігін атап өтті. «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының геология және игеру жөніндегі орынбасары Асқар Мұнара өз сөзінде бүгінгі сессия барысында әзірленетін шешімдер отандық мұнай компаниясында орын алып отырған технологиялық қиындықтарды жеңуге көмек болатынына сенім білдірді.
- «Ембімұнайгаз» АҚ 31 кен орнын игеруде, оның басым бөлігі игерудің соңғы сатысында. Сондықтан бізге мұнай компаниясының бүгінгі таңдағы технологиялық қиындықтарды жеңуге көмектесетін инновациялық шешімдері өте қажет, - деп атап өтті «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының геология және игеру жөніндегі орынбасары Асқар Мұнара.
«Ембімұнайгаз» АҚ жетекші жоғары оқу орындарының, технологиялық және сервистік мұнай компанияларының өкілдері қатысқан сессияда талқылау үшін 15 технологиялық проблемаларды ұсынды. Оның ішінде тұтқырлығы жоғары мұнай кен орындарын игеру, өнім берудің жоғарғы сатысындағы байырғы кен алаңдарының төменгі рентабельділігі, жөндеу және оқшаулау жұмыстарының, қойнауқатқа айдалатын суды дайындау және тазарту т.б. шараларының тиімділігінің төмендігі де бар.
Сессия барысында шетелдік және отандық ғалымдар мен жер қойнауын пайдаланушылар мемлекеттік гранттық бағдарламалар есебінен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарда қолға алынатын шешімдерді ұсынды.
«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс тобы
Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-32-09
Индира САТЫЛҒАНОВА І.Satylganova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-34-66
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТҚжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады.
«Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2023 жыл аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 608 млрд. 835 млн. теңге, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға - 6 млрд 437 млн теңге қаражат аударды.