Мұнайшылар тағы да көмекке келді

08 қыркүйек, 2021

Ұйымшылдығымен және игі дәстүрлерімен белгілі «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ) ұжымы аз қамтылған отбасылардың балаларына кезекті рет қолдау көрсетті.

Бұл жолы ЕМГ Орталық аппаратының қызметкерлері ерікті негізде 500 мың теңгеден астам сомманы жинап, оларға Атырау қаласындағы  аз қамтылған көп балалы 6 отбасының 19 баласына жаңа оқу жылына мектеп киімі мен оқу құралдарын сатып алу үшін 30 мың теңгеге сертификаттар табыс етті.

- Жолдасым өмірден өткен соң, 6 баланы жетілдіру үшін бар жігерімді қолға алып келемін. Сондықтан, ембіліктерге ұзақ уақыт онлайн оқудан кейін балаларды мектепке жинау қажет болған қиын кезеңде өте уақытылы көмек көрсеткені үшін алғысымды білдіремін. Ел ырысын молайту жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін, - деп тілегін білдірді көпбалалы ана Гүлшара Бақтыбаева.

Қайырымдылық көмек көрсеткен ембіліктерге өзге де көпбалалы ана-аналар ризашылықтарын білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір апта бұрын ЕМГ ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясы мен «Айналайын» қайырымдылық марафоны аясында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға жалпы сомасы 112 млн 500 мың теңге қаражат аударған болатын.

ЕМГ бөлген қаражатқа Атырау облысының 7500 баласына сөмкелер мен мектеп формасын және кеңсе тауарларын сатып алу үшін сауда орталықтарына сертификаттар сатып алынды. Олардың 3000-нан астамы қалада тұрады. 

 

«Ембімұнайгаз» АҚ Ұйымдастыру бөлімі

 Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның ұйымдастыру бөліміне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09

Анықтама:«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы»  АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2020 жыл аралығында Ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 189 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 600 млн теңгеден астам қаражат аударды.