Мұнайшылардан сыйлық

01 қыркүйек, 2021

Ерекше балаларға көмектесу – ембілік мұнайшыларда ертеден қалыптасқан игі дәстүр болып табылады. Бұл жолы «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі - ЕМГ) офлайн форматында өтетін оқу жылы қарсаңында атыраулық ерекше қажеттіліктері бар 7500 балаға қамқорлық көрсетті.

- Әлеуметтік-жауапты компания ретінде біз Атырау облысы әкімдігінің халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі бастамаларын әрдайым қолдаймыз. Сонымен қатар, мұнайлы Ембіде ерекше балаларға көмектесу дәстүрі берік қалыптасқан. Осы орайда, жыл сайынғы дәстүр бойынша біздің компания ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Айналайын» қайырымдылық марафоны аясындағы «Мектепке жол» акциясына қатысып, ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға арналған мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алу үшін жалпы сомасы 112 млн 500 мың теңге қаражат аударды. Ембі мұнайшыларының ұжымы атынан облыстың барлық педагогтарын, ата-аналары мен балаларын келе жатқан оқу жылымен құттықтаймын! - деп атап өтті ЕМГ Басқарма төрағасының орынбасары Рысты Тасмағамбетова. Облыстық әкімдікте өткен жиын барысында аймақтағы орта мектептердің инклюзивті сынып оқушыларын, педагогтары мен ата-аналарын құттықтап, ақшалай сертификаттар табыстады.

ЕМГ бөлген қаражатқа Атырау облысының 7500 баласына сөмкелер мен мектеп формасын және кеңсе тауарларын сатып алу үшін сауда орталықтарына сертификаттар сатып алынды. Олардың 3000-нан астамы қалада тұрады. 

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың айтуынша, бүгінде өңірде ерекше білім беруге қажеттіліктері бар балаларды оқыту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда: арнайы кеңес беру, түзету кабинеттері, мектеп-интернаттар жанынан оңалту орталықтары жұмыс істеуде, ал, қарапайым мектептерде жаңа форматта инклюзивті сыныптар ашылуда. Ерекше балаларға психологиялық, медициналық және педагогикалық кеңес беру үшін облыс орталығында арнайы орталық салу жоспарланып отыр.

Сертификаттар табыстау шарасы барысында ата-аналар «Ембімұнайгаз» АҚ мен облыс басшылығына ерекше балаларға деген қолдаулары үшін алғыстарын білдірді.

 

«Ембімұнайгаз» АҚ Ұйымдастыру бөлімі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның ұйымдастыру бөліміне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09

Анықтама:«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы»  АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2020 жыл аралығында ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 189 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 600 млн теңгеден астам қаражат аударды.