Доссор кен алаңына – 110 жыл

29 сәуір, 2021

1911 жылдың 29 сәуірінде Доссор кен орнындағы №3 ұңғымадан 225-226 метр тереңдіктен орта юра қабатынан қуатты мұнай фонтаны атқылады. Аталған ұңғыма 30 сағат бойы атқылап, 16 мың 700 пұт мұнай берді. Оның химиялық құрамы жағынан сапасы Бакуде өндірілген мұнайдан асып түсті. Сол күннен бастап Орал-Ембі ауданы әлем назарын аударып, қазақстандық кәсіпшіліктерде қарқынды мұнай өндіру жұмыстары басталды.

- Доссор кен орны компаниямыздың және қазақстандық мұнай-газ саласының тарихында алар орны ерекше. Мұнда қазақ жерінде алғаш рет мұнай мен газды өнеркәсіптік өндіру басталды, озық технологиялар енгізілді, КСРО мен Еуропадағы ең терең ұңғыма бұрғыланды. Осы кен орнын игерудің арқасында мұнайлы ауданды дамытудағы негізгі кезең болды Гурьев – Доссор темір жолы салынды. Бұл кен орнында кәсіби отандық кадрлардың қалыптаса бастады. 1911 жылы кен орнын игеру басталғаннан бері 2013 жылы Доссорды консервациялауға дейінгі кезеңде мұнда шамамен 5,14 млн.тонна мұнай өндірілді.

Пандемияға байланысты Доссордың 110 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шаралар «Ембімұнайгаз» АҚ-ның 100 жылдығымен қатар атап өтілу үшін келесі жылға ауыстырылды, - дейді «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Есен ҚАЙЫРЖАН.

Доссор кен орнында мұнайды өндірудің максималды деңгейіне  1915 жылы қол жеткізілді. 52 ұңғыманың жұмыс жасап, 270 мың тонна көлемінде мұнай өндірілді. Доссор кен орнындағы мұнайдың физикалық-химиялық қасиеттері бойынша құрамында күкірт, парафин, қарамай және кокс аз және майлы, бензинді болып келеді. Кен орны қордың таусылуына байланысты 2013 жылғы 22 қаңтарда консервацияланды.

Қазіргі уақытта «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының өзге кен орындарында 879 қызметкер еңбек етеді. Олар – Мақат ауданының, Атырау қаласының және Атырау облысының басқа аудандарының тұрғындары. 

 

«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2020 жыл аралығында ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 189 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 600 млн теңгеден астам қаражат аударды.