Қауіпсіздікті сақтауға арналған сандық технология

07 желтоқсан, 2020

4 желтоқсанда «Ембімұнайгаз» АҚ-ның (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) акт залында «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ (бұдан әрі ҚМГ) еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Қ.Т.САҚТАҒАНОВТЫҢ қатысуымен «Сапарларды басқару» пилоттық жобасының таныстырылымы өтті. Аталған жиынға ҚМГ-ның өзге де қызметкерлері, ЕМГ басшылығы, жауапты департаменттер мен Компанияның өндірістік бөлімшелерінің және мердігер мекемелердің қызметкерлері қатысты. 

Біздің сапарымыздың мақсаты «Сапарларды басқару» жобасын таныстыру болатын. Бұл жобаны енгізу арқылы көлік құралдарын қауіпсіз пайдалану және жол-көлік оқиғаларына жол бермеу арқылы ЖКО санын қысқартуға қол жеткіземіз. Болжас бойынша, жоба іске қосылғаннан кейін көлік құралдарын қауіпсіз пайдалану және болуы ықтимал заң бұзушылықтардың алдын алу нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының саны азаяды деп күтілуде, - деп атап өтті Қ.Сақтағанов.

«Сапарларды басқару» жобасын ЕМГ көлік департаментінің директоры Мақсот НАУКЕНОВ және «ZHAIKCASPIAN GROUP» ЖШС техникалық директоры Ербол ҚҰСПАНОВ таныстырды. Бұл жобаның тиімділігі сол, Ситипоинт платформасы арқылы көліктің жүрген маршрутын, жолаушылардың қауіпсіздік техникаларын сақтауын толық бақылайды. Күтілетін негізгі артықшылықтар - апаттар санының азаюы, автокөлік құралдарының қызмет ету мерзімінің ұлғаюы, техникалық қызмет көрсету және көліктердің тоқтап қалу шығындарының төмендеуі.       

Жобаны енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асады. Оң нәтижесін көрсеткен жағдайда ҚМГ-ның өзге еншілес мекемелеріне таратылады. Бас компанияның бізге деген сенімі мен қолдауына алғысымды білдіремін. Біздің ортақ мақсатымыз – қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, - деп атап өтті «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Қанатбек ҚАСЫМҒАЛИЕВ.

 

«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама: «Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2020 жылдың тоғыз ай аралығында ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 119 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 392 млн теңгеден астам қаражат аударды.

 «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.