“Ембімұнайгаз” АҚ KIOGE-2024 «Мұнай және Газ» халықаралық көрмесіне қатысты

27 қыркүйек, 2024

Бүгін Алматыда KIOGE-2024 «Мұнай және Газ» атты 29-шы қазақстандық халықаралық көрмесі аяқталды. Халықаралық шараға «Ембімұнайгаз» АҚ қатысты.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген 340- тан астам мұнай- газ компаниясы саладағы өз жетістіктерімен, технологияларымен және жаңалықтарымен үш күн бойы бөлісті. Атап айтсақ, Австрия, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Грузия, Үндістан, Италия, Латвия, Қазақстан, Корея, Қытай, Нидерланды, Норвегия, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Франция, Чехия елінің мұнай-газ компаниялары өз стендтерін қойды. Олардың ішінде 40%-ы көрмеге алғаш рет қатысып отыр.

- Көрме - мұнай мен газды өндіру, өңдеу және тасымалдау, автоматтандыру және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ең жаңа технологияларды көрсетуге, сондай-ақ, декарбонизация және қоршаған ортаны қорғау саласындағы инновациялық шешімдерді талқылауға арналған алаң.

«Ембімұнайгаз» АҚ дәстүрге айналған бұл көрмеге жыл сайын тиянақты дайындықпен қатысады. Биыл да ғасырдан астам тарихы бар отандық Компания өзінің өндіріс саласындағы цифрландыру бағдарламасына енген “Интеллектуалды кен алаңы” жобасын жұртшылықтың назарына ұсынды., - дейді “Ембімұнайгаз” АҚ Бас директоры Ринат Ізмұханбет.

1993 жылы құрылғаннан бері KIOGE көрмесі Қазақстанның және бүкіл Каспий өңірінің мұнай-газ саласындағы өзекті мәселелері мен негізгі

оқиғаларын талқылауға мүмкіндік беруде. Көрмеге қатысушылар заманауи

экономикалық жағдайларда мұнай-газ секторы үшін жаңа тәсілдер мен нақты шешімдерді әзірлеуге ықпал ететін диалог алаңын қолдау маңызды деп санайды.