«Үздік маман-2024» кәсіби шеберлік байқауының жеңімпаздары анықталды

21 маусым, 2024

20 маусым күні «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-на қарасты оқу-жаттығу полигонында компанияға қарасты өндірістік-құрылымдық бөлімшелердегі жұмысшы мамандықтар арасында «Үздік маман-2024» кәсіби шеберлік байқауының ІІ кезеңі өтті.

Дәстүрлі сайыстың бірінші туры бұған дейін өндірістік-құрылымдық бөлімшелер базасында өткен болатын. Бірінші турдың жеңімпаздары өз мамандықтары бойынша біліктілік пен шеберлік сынының ІІ кезеңінде бас қосты.

Байқау биыл 15 мамандық бойынша ұйымдастырылып, 80-ге жуық жұмысшы өз білімдері мен біліктіліктерін теория мен тәжірибелік негізде сынап көрді. 

Сайыстың жабылу салтанатында ЕМГ Баc директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, конкурстың ұйымдастыру комитетінің және Конкурстық комиссиясының төрағасы Ғибатолла Шанаев жыл сайын сайысқа қатысушы жас мамандардың қатары көбейіп келе жатқаны қуантатынын жеткізді.

- Өндіріске жас мамандар келіп, олардың арасынан үздік мамандардың шығуы – компанияның қол жеткізген үлкен жетістігі деп санаймын. Мұнайшылар теория мен практикалық біліктіліктерін көрсетті. «Үздік маман» сайысының басты шарты – осы екі тапсырманы да қатар меңгерген үздіктерді анықтау,  олардың тәжірибесін өзгелерге тарату. Компания бұл үшін жұмысшыларға айтарлықтай қолдау көрсетіп келеді, - деп атап өтті Ғибатолла Шанаев.

Сайыс қорытындысымен кәсіби шеберлігі үшін жүлдегер жұмысшыларға еңбекақысына бір жылға дейін пайыздық үстемеақы – І орынға – 30%, ІІ орынға – 20%, ІІІ орынға – 10%, ақшалай сертификаттар және имидждік сыйлықтар табыс етілді.

«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс тобы

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-32-09
Индира САТЫЛҒАНОВА
 І.Satylganova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-34-66

Анықтама: «Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы»  АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТҚжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады.