«Ембімұнайгаз» АҚ су тасқынымен күресуге және Атырау облысының тұрғындарына көмек көрсетуге белсенді атсалысуда

09 сәуір, 2024

Қазақстанның батыс аймағында су тасқыны жағдайының күрделілігі сақталуда. «Ембімұнайгаз» АҚ-да (бұдан былай Компания немесе ЕМГ) Шығыс Уаз кен орнындағы су тасқынының салдарын жою, басқа кеніштерде тұрақты жұмысты қамтамасыз ету бойынша ұйымдастыру жұмыстары қолға алынды. Адамдардың қауіпсіздігі, техникалық, өртке қарсы және  экологиялық қауіппсіздік  шаралары күшейтілді.   

- Компанияда 2024 жылдың 23 ақпанында көктемгі су тасқыны кезінде өндіріс алаңдарында   атқарылатын іс-шаралардың жоспары жасақталды.  4-наурызда Ембі өндірісінде су тасқынының шиеленісуі кезіндегі іс-шараларды үйлестіру,  су басу қаупінің алдын алу  комиссиясы мен штаб құрылды. Штабтың құрамына жауапты мамандар кірді. Бүгінде кен алаңдарындағы жағдай үнемі бақылауда, штаб облыс және аудандардың жедел штабтарымен бірлесе жұмыс істеп отыр,-деп хабарлайды «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Сәбит Арынов.  

Жедел штабтың мәліметінше, ағымдағы жылдың 9 сәуірінде «Қайнармұнайгаз» МГӨ басқармасының Шығыс Уаз кен алаңында су тасқынының салдары анықталды.     Сағыз өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты 3 ұңғыма ішінара суға кетті. Бұл ұңғымалардың  шығыны тәулігіне 6,6 тонаны құрап отыр.  Олар ЕМГ-нің басқа кен орындарының есебімен өтелуде. Бүгінде бұл аумақтарда су деңгейі 25 метрге  шегінген. 

«Ембімұнайгаз» АҚ-ның басқа кен орындарында жағдай тұрақты, су басу қаупі жоқ, соған қарамастан, кеніштерде сақтық шаралары жіті назарда.

«Жылыоймұнайгаз» МГҚ басқармасының Жем өзенінің жағасындағы Терең-Өзек кен орнының су басу қаупі бар аумағындағы газ құбырының сақтығы үшін ұзындығы 2,8 шақырым, биіктігі 1 метрлік дамбы  соғылуда.

«Доссормұнайгаз» МГӨ басқармасы бойынша Шығыс Мақат кенішінің су басу қаупін ескере отырып, Сағыз өзенінен ұзындығы 340 метр, биіктігі 0,5 метр болатын қорғаныс құрылысы жүргізілуде. Алтыкөл мен Комсомол кеніштерін жалғап жатқан 1,5 шақырымдық дала жолын су басып кетуіне байланысты және жұмысшылардың қауіпсіздігін сақтау үшін  19 жұмысшыны жартылай көшіру жүргізілді. Бұған қосымша, 31 жұмысшы (оның 11-і мердігер мекемеден) кен алаңдарындағы жұмыстарын жалғастыруда. Өндірістік нысандар  қалыпты жұмыс істеп тұр. Бұдан басқа, 7,5 шақырымдық Алтыкөл-Комсомол мұнай құбыры (жалпы ұзындығы -28 шақырым) су астында қалды. Судың одан әрі таралуына, дала жолдарының су астында қалуына жол бермеу үшін күшейту жұмыстары жүріп жатыр. 

«Жайықмұнайгаз» МГӨ басқармасы бойынша Оңтүстік-Шығыс Қамысты кен алаңы аумағындағы ескі бөгетті күшейту және ұзарту жұмыстары қолға алынды. Оның жалпы ұзындығы 1100 метр, биіктігі – 2  метр. Сонымен қатар, Оңтүстік-Батыс Қамысты және Оңтүстік-Шығыс Қамысты, С.Балғымбаев пен Оңтүстік-Батыс Қамысты кеніштері аралығындағы каналдардың арнасын тазарту мен нығайту жұмыстары жүріп жатыр.   Каспий теңізіне қарай бағыт алатын Бақсай мен Нарын каналдарының бойындағы шлюздерді (тосқауылдар) ашу жұмыстары жүргізілуде.

2024 жылдың 24 наурызынан бастап ЕМГ Атырау облысының су тасқынынан зардап шеккен аудандарына көмек көрсете бастады. Компания сұранысқа орай аудандарды   арнайы техникамен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінгі таңда аудандарға 44 арнайы техника, 14,2 тонна жанар-жағармай, 450 күрек, 4 500 қолғап, 600 бір рет қолданылатын комбинезон бөлінді.

5 сәуірден бастап «Ембімұнайгаз» АҚ-ның мамандары Махамбет ауданы  Алмалы селосындағы Атырау облыстық штабы бөлген 4,4 шақырымдық жағалау бекіту жұмыстарының 40 пайызын орындады.  9 сәуірден бастап барлық адам ресурсы, яғни 300-ге жуық адам мен бірнеше ондаған техника жаңа учаскеге – Сарыөзек өзенінің 4,4 шақырымдық жағалауының қорғанысын күшейтуге жұмылдырылды.

Төтенше жағдай жарияланған Жылыой ауданының Құлсары қаласында  ЕМГ мамандарынан көмек бригадалары жасақталды.    

Қоғаммен байланыс тобы


БАҚ-пен байланыс үшін:

Ғалия ҚАРАЖАНОВА: G.Karajanova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-21
Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-66

Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады.  «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2022 жыл аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 472 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға - 5 млрд 640 млн теңгеге жуық қаражат аударды.