«Ембімұнайгаз» АҚ-ның интерактивті музейіне Ұлттық Құрылтай жиынының қатысушылары келді

15 наурыз, 2024

Атырау өңірінде өтіп жатқан Ұлттық Құрылтайдың үшінші жиынына келген зиялы қауым өкілдері қазақ мұнай-газ саласының бастауында тұрған отандық мұнай өндіру компаниясы – «Ембімұнайгаз» АҚ-на (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) арнайы ат басын бұрды.  

Компанияның Интерактивті музейі 2015 жылы ашылды. Музейдің құндылығы- отандық компанияның қалыптасуы, дамуы аудиовизуалды элементтер арқылы көрініс тапқан. Музей 12 бөлімнен тұрады. Мұнда Ембі өндірісінің   қалыптасуы, ғылыми экспедициялардың басталуы, геологиялық-барлау жұмыстарының өріс алуы, сонымен қатар, қазіргі жаңалықтары мен мұнайшылар әулеттері туралы т.б. мәліметтер жинақталған.  

ЕМГ- қазақ мұнай-газ саласының бастауында тұрған, ғасырдан астам уақыт Атырау облысының аумағында кен алаңдарын игерумен айналысып келе жатқан отандық кәсіпорын. «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Сәбит Арынов Компания 2023 жылы   мұнай өндіру  жоспарын 100,6% орындағанын атап өтті.

Музейге келген еліміздің зиялы қауым делегациясының арасында болған ҚР Ұлттық ғылым Академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев Компанияның Интерактивті музейінің мазмұнын жоғары бағалап өтті.

 - Істің парқы деген сөз бар. Атыраудың парқы-мұнай. «Ембімұнайгаз» компаниясының музейіне келіп, мұнайшылар еңбегіне тәнті болдым. Компания тарихы мұнымен бітпес. Жетістік, табыс тілеймін -деді Асқар Жұмаділдаев өзінің тілегінде.

«Ембімұнайгаз» АҚ-ның Интерактивті музейіне арнайы атбасын тіреген қонақтарды ембіліктер  еліміздің Батыс өңірінде кең сақталған ежелгі дәстүр- Көрісу мейрамымен құттықтап, Наурыз көже ұсынды.

Қоғаммен байланыс тобы
БАҚ-пен байланыс үшін:

Ғалия ҚАРАЖАНОВА: G.Karajanova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-21
Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-66

Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады.  «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2022 жыл аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 472 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға - 5 млрд 640 млн теңгеге жуық қаражат аударды.