«Ембімұнайгаз» АҚ «Прорва» кен алаңына - 60 жыл

08 қыркүйек, 2023

«Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) «Прорва» кен алаңының мерейлі 60 жылдығын атап өтті. «Каспий самалы»  вахталық қалашығында ұйымдастырылған салтанатты шараға Компания басшылығы мен ардагер-мұнайшылар, «Прорва» кен алаңының ұжымы қатысты.

«Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Прорва кен алаңдар тобы 1963 жылдан бастап игерілуде. Құрамында 4 кен орны бар: Сағидолла Нұржанов, Батыс Прорва, Ақтөбе, Досмұхамбетов. «Прорва» кенішіндегі Ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысы іске қосылған кезеңнен бастап, алауларда ілеспе газды жағуды тоқтатты. Бұл отандық Компания үшін экологиялық жағдай басты мәселе болып қалатынын тағы бір дәлелдейді.

Құттықтау тілегін жеткізген «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Сәбит Арынов «Прорва» кен алаңының Ембі өндірісіндегі ерекше орнына жан-жақты тоқталды.

«Прорва кен алаңдары игеріліп келе жатқан 60 жыл ішінде 44 миллион тоннадан астам мұнай өндірілді. «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының жалпы беретін өнімінің 85 пайызы «Прорва» кен орындарының еншісінде. «Прорва» кен орнындағы жылына 150 миллион текше метр ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысының іске қосылуы – Ембінің табысты жобасы. Газдың 100 миллион текше метрден астамын QazaqGaz Ұлттық компаниясы арқылы халықтың игілігіне беріп отырмыз. Жақында Прорва тобындағы ірі кеніштің бірі -   «Батыс Прорваның» газ қабатынан 17 миллиард текше метрден астам газ табылды. Бұл – біздің келешекте игеретін жаңа жобамыз», - деді С.Арынов.

Айта кету керек, Ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысы іске қосылған күннен бүгінге дейін 750  миллион текше метрден астам тауарлы газ өндірілді.

Отандық мұнай өндірісінің өрістеуіне қомақты үлес қосқан ардагер-мұнайшылар Максим Ізбасов, Жұмабек Жамауов және Айболат Габдуллин осы 60 жыл ішінде мұнайды фонтандық әдіспен беріп тұрған «Прорва» кен алаңының ерекшеліктерін атап өтті.

Табысты еңбектерімен топ жарған бір топ прорвалық мұнайшылар ҚР Энергетика Министрлігінің, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ Құрмет грамоталары, Алғыс хаттарымен, ЕМГ Кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен, «Жылыоймұнайгаз» МГӨ басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.          

БАҚ-пен байланыс үшін:

Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-66
Гүлжан ӘмІрова:
G.Amirova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-32-09

Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады.  «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2022 жыл аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 472 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға - 5 млрд 640 млн теңгеге жуық қаражат аударды.