«Ембімұнайгаз» АҚ 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысын шығарды

24 шілде, 2023

«Ембімұнайгаз» АҚ-ның (бұдан былай ЕМГ немесе Компания) Бас кеңсесінде 2023 жылдың 6 айлық қорытындысына арналған есептік жиын өтті.  Оған Компанияға қарасты өндірістік-құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен Орталық басқару аппаратының жауапты мамандары қатысты.  

Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығының есебіне арналған кеңейтілген жиынға төрағалық еткен ЕМГ Бас директоры Сәбит Арынов Ембі өндірісінің жалпы көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып, өндірістегі негізгі шараларды атап өтті.

- Қауіпсіздік талаптарын сақтау, жұмысшының алаңсыз еңбек етуіне барлық жағдайды жасау-Компаниядағы басым бағыттың бірі ретінде өзектілігін жоймайды. Өндіріс алаңдарында аталған мерзім ішінде жазатайым оқиғаның тіркелмеуі- ембіліктердің маңызды шараға үлкен жауапкершілікпен қарауының көрінісі. Алайда, бұл талап Ембі өндіріс аумағында қызмет етіп жатқан мердігер мекемелердің тараптарынан толық сақталмай отыр. Біз алдағы уақытта 100 пайыз қауіпсіз еңбекке қол жеткізуіміз керек. Талап  ЕМГ мен  мердігер мекемеге де ортақ, - деп атап өтті өз сөзінде С.Арынов.

Есептік кездесуде ЕМГ-нің өндіріс саласы мен қаржы жүйесіндегі жыл басынан бергі 6 айлықтағы  көрсеткіштеріне талдау жасалды.

«Ембімұнайгаз» АҚ аталған мерзім ішінде өнім өндіру жоспарын 100,4%, өнім тапсыруды 100,8% орындады.    

Есептік жиында компанияның тауар мен қызметтерді  сатып алу рәсімдерінің орындалу барысы да тыңдалды.

«Ембімұнайгаз» АҚ-ның 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысына арналған есептік  жиынында   ЕМГ бойынша  алдағы уақытта қолға алынар  нақты ісшаралар жоспары пысықталды.

БАҚ-пен байланыс үшін:

Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-66
Гүлжан ӘмІрова:
G.Amirova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-32-09

Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады.  «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2022 жыл аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 472 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға - 5 млрд 640 млн теңгеге жуық қаражат аударды.