«Ембімұнайгаз» АҚ қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша 2023 жылдың бірінші жартыжылдық қорытындыларын шығарды

14 шілде, 2023

«Ембімұнайгаз» АҚ-да (бұдан әрі – ЕМГ немесе Компания) өндірістік құрылымдық бөлімшелер басшылары мен қауіпсіздік және еңбекті қорғау  саласына жауапты мамандардың және мердігер ұйымдар басшыларының қатысуымен Өнеркәсіптік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау Комитетінің кеңейтілген отырысы өтті.

«Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Сәбит Арынов қауіпсіздік мәдениетін дамытудың маңыздылығы, ЕМГ және мердігер ұйымдардың әр қызметкерінің қауіпсіз еңбек талаптарын міндетті түрде орындауы қажеттігі туралы атап өтті.

«Мен бүкіл ұжымды, әрбір қызметкерді сырттан бақылаушы болмай, қауіпсіздік жүйесінің белсенді қатысушысы болуға, өзіңізге және әріптестеріңізге қырағы көңіл бөлуге, денсаулығыңызды, өндірістік нысандар жабдықтарының жұмысқа жарамдылығын қадағалауға, компания басшылығына еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесуге шақырамын. Қауіпсіздік әрқайсымыздан басталады! Мақсатымыз – күннен күнге, қадам сайын нөлдік қауіпсіздік көрсеткіштеріне жету» деді Компания басшысы.

Одан кейін Еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі бас техникалық басшы Қайрат Сақтағанов ЕМГ барлық қызметкерлері мен мердігерлер ұстануға тиіс қауіпсіздік және еңбекті қорғаудың негізгі талаптарының жиынтығы – «Ембімұнайгаз» АҚ өмірді сақтайтын қағидаларын» таныстырды.

«Ембімұнайгаз» АҚ Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Әнуарбек Каримов өнеркәсіпік қауіпсіздік, еңбекті және қоршаған ортаны қорғауға қатысты биылғы бірінші жартыжылдықтың есебін жария етті. Оның айтуынша, жалпы құрамында 9080 адам бар (ЕМГ қызметкерлерінің саны – 4292, мердігер ұйым қызметкерлерінің саны – 4788) Компанияда апаттар мен оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Соның арқасында биылғы бірінші жарты жылдықта ЕМГ мен оның мердігерлерінде өндіріске байланысты өлім оқиғалары орын алған жоқ. Сондай-ақ, Компанияда өрт пен жол-көлік оқиғалары тіркелмеген, алайда, өндірістік жарақат алудың 1 фактісі (2022 жылдың І жартжылдығында – 2) орын алды. Мердігер ұйымдардың басшыларына қауіпсіздік және еңбекті қорғау, экологиялық талаптарды, соның ішінде, жол қауіпсіздігі ережелерін сақтауға қатысты бірқатар ескертпелер айтылды. Өйткені, биылғы 6 айда мердігер ұйымдарда 4 жол-көлік оқиғасы тіркелген (2022 жылдың І жартыжылдығында – 4).

ЕМГ басшылығы қауіпсіздік техникасының бұзылуына мүлдем төзбеушілік қағидаты мердігер ұйымдардың қызметкерлері үшін де басымдыққа ие болуы керектігін ерекше атап өтті.

Алдағы уақытта жоғарыда аталған Комитеттің отырысы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның өндірістік құрылымдық бөлімшелерінің қатысуымен айына бір рет, ал мердігерлер үшін тоқсан сайын өткізілетін болады.

Сонымен қатар, ЕМГ жұмысында қолданыла бастаған электронды наряд-рұқсат жобасының таныстырылымы өтті.

БАҚ-пен байланыс үшін:

Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-66
Гүлжан ӘмІрова:
G.Amirova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-32-09

Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады.  «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2022 жыл аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 472 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға - 5 млрд 640 млн теңгеге жуық қаражат аударды.