МАЭК-тегі апат салдарынан «Ембімұнайгаз» АҚ тәуліктік мұнай өндіру жоспарын орындамады

04 шілде, 2023

Кеше, 03.07.2023 ж. «МАЭК» ЖШС энергоблогының апатты тоқтатылуы нәтижесінде «Атырау Жарық» АҚ тарапынан электр қуаты үзіліп, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Уаз кен орындары тобынан басқа барлық кен орындарында жұмыс тоқтатылды.

Кен орындарын іске қосу жұмыстары түнге дейін жалғасты. Кейбір кен алаңдары орналасқан аумақтарда орын алған электр энергиясының жалпы тапшылығына байланысты «Атырау Жарық» АҚ тарапынан 7 кен орнында шектеу режимі енгізілді. Ең соңғы болып, Терең-Өзек кен орны сағат 03:45-те қосылды.

Апаттың салдарынан мұнай өндіру бойынша тәуліктік жоспар орындалмады. Мұнай өндірудегі жалпы шығын көлемі 728 тоннаны құрады. Мұнай өндірудегі аталған шығындарға қарамастан «Ембімұнайгаз» АҚ мұнай өндірудің жалпы жоспарлы көрсеткіштерін қалпына келтіру және орнын толтыру үшін техникалық және технологиялық шараларды қолданды.  

Қазіргі уақытта электр қуатын шектеуге байланысты 13 кен орнының жұмысы тағы да тоқтатылды.

БАҚ-пен байланыс үшін:

Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-66
Гүлжан ӘмІрова:
G.Amirova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-32-09

Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады.  «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2022 жыл аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 472 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға - 5 млрд 640 млн теңгеге жуық қаражат аударды.