Мұнайды бағындырушыға - 80 жыл

07 наурыз, 2023

«Ембімұнайгаз» АҚ-да майталман мұнайшы Махамбет Батырбаевтың 80 жасқа толуына орай салтанатты шара өтті.

«Ембімұнайгаз» АҚ-да Қазақ КСР Ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1984), академик И.Губкин атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнеркәсіп қызметкері, техника ғылымдарының кандидаты, Атырау және Жаңаөзен қалаларының, Атырау облысының Жылыой және Қызылқоға аудандарының Құрметті азаматы Махамбет Батырбаевтың 80 жылдығына арналған салтанатты  шара өтті.  

Салтанатты шараға «ҚазМұнайГаз»ҰК»АҚ-ның басшылығы, Бас компанияның еншілес мекемелерінің  басшылығы, ембілік ардагерлер қатысты.

Мерейтойлық шараға шақырылған қонақтар, оның ішінде мұнай саласының ардагерлері  М.Батырбаевпен бірге    еңбек  еткен жылдардағы  естеліктерімен бөлісті. Мерейтой иесінің атына «Ембімұнайгаз»АҚ басшылығының атынан да жылы лебіздер айтылды.

«Сіз Ембі өндірісін  ел  экономикасындағы ең күрделі, өтпелі кезеңдердің бірінде басқардыңыз. Кәсіби шеберлік, уақтылы қабылданған дұрыс шешімдердің нәтижесінде қиындықтарға төтеп бере алдыңыздар. Мамандығыңызды шебер меңгере білген біліктілігіңізбен әріптестеріңіздің және бүгінгі мұнайшылардың зор  құрметіне ие бола білдіңіз», - деді «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының  өндіріс жөніндегі орынбасары Қанатбек Қасымғалиев.

Мамандығы бойынша тау-кен инженері-геолог Махамбет Демешұлы Батырбаев еңбек жолын 1962 жылы Маңғышлақ геофизикалық партиясында бастаған. Содан кейін кәсіпшілік-геофизикалық партияның инженері, «Каспийнефть» институтының мұнай және газ кен орындарын жобалау және игеру зертханасының меңгерушісі, бас геолог, "Өзенмұнай" мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы, өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы, «Маңғышлақмұнай» ӨБ бас инженерінің орынбасары қызметтерін атқарды. 1992-1995 жылдары "Теңізмұнай" ӨБ бас директоры, "Мұнайгаз" ХКК бірінші вице-президенті, ал, 1995-2002 жылдары «Ембімұнай» ӨБ президенті болды.

Мұнай өнеркәсібін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін М. Батырбаев "Құрмет белгісі" және "Құрмет"ордендерімен марапатталды.

Мерейжасқа арналған салтанатты шараның соңы  концерттік бағдарламаға ұласты.

БАҚ-пен байланыс үшін:

Ғалия ҚАРАЖАНОВА: G.Karajanova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-21
Индира САТЫЛҒАНОВА:  І.Satylganova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-66

Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2022 жыл аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 472 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 5 млрд 640 млн теңгеге жуық қаражат аударды.