Атырауда «Мұнайшылар даңқы» аллеясы ашылды

02 қараша, 2022

02 .11.2022 ж.                                                                                    Атырау қаласы   

Атырау қаласында "Ембімұнайгаз "АҚ-ның (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) 100 жылдық мерейтойының аясында «Мұнайшылар даңқы» аллеясы салынды. Демалыс орнының ашылу салтанатына  ардагер мұнайшылар, ЕМГ басшылығы мен ұжымы,   қала әкімшілігінің өкілдері қатысты.  

«Мұнайшылар даңқы» аллеясы орналасқан 6300 шаршы метр жер  Жайық өзенінің жағалауында, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның бас кеңсесіне жақын орналасқан. Бұл  өндірістік бірлестік - «Эмбанефть» тресі тарихымен ұштасып жатыр. Дәл осы жерде трестің алғашқы кеңсесі болған, майталман мұнайшылар Сафи Өтебаев, Бөлекбай  Сағынғалиев, Жолдасқали Досмұхамбетов, Орынғазы Есқазиев және басқа да Жайық-Ембі бассейні ғана емес Маңғыстау, Ақтөбе облыстарындағы кен алаңдарын алғашқы ашушы мұнайшылардың қолтаңбалары сақталған тарихи мекен.   

Аллея мұнай мен табиғи газдың жалынын бейнелейтін тамшыдан, аймақтың тарихы мен өзіндік ерекшелігін ашатын бірнеше тақырыптық композициялардан тұратын рельеф, ЕМГ кен орындарының санына арналған   47 колонна және аллеяның бүкіл аумағында ылғалды климат тудыратын құрғақ субұрқақтан тұрады. Барельефте Ембі мұнайшыларының - Социалистік Еңбек ерлері мен Мемлекеттік сыйлық лауреаттарының есімдері жазылған ескерткіш тақта орнатылған.

  • Атырау- мұнайлы астана мәртебесіне ие болғанына қарамастан, қалада ел экономикасына үлкен үлес қосқан мұнайшылардың еселі еңбегін айшықтайтын белгі жоқ. Сондықтан, "Ембімұнайгаз" АҚ-ның 100 жылдығы қарсаңында бір топ ембілік мұнайшылардың өтінішін ескере отырып, осы аллеяны  салу туралы шешім қабылданды. Аллея мәдени мұраның бір бөлігі ғана емес - "Ембімұнайгаздың" бай тарихын мәңгілікке қалдыратын естелік орын, сонымен қатар қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны болады деп санаймын,- деді өз сөзінде «Ембімұнайгаз»  АҚ Бас директоры Есен Қайыржан.

Аллеяның абаттандырылған аумағында 4 балалар ойын алаңы мен демалуға арналған орындықтар орнатылған. Сонымен қатар, жақын маңдағы тұрғын үйдің сыртқы қасбетіне жәй жөндеу жұмыстары жүргізілді.   

Айта кету керек, «Ембімұнайгаз» АҚ-ның ғасырлық тойының аясында   Атырау облысында тағы да бірқатар әлеуметтік нысандар - Доссор, Мақат, Мұқыр және Аққыстау кенттерінде көпфункционалды спорт алаңдары пайдалануға беріледі деп күтілуде.        

 

 

 Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның Қоғаммен байланыс қызметі тобына хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-32-09

Индира САТЫЛГАНОВА І.Satylganova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-34-66

Анықтама: «Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы»  АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2021 жыл аралығында аралығында Ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 303 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 900 млн теңгеге жуық   қаражат аударды.