Ардагер мұнайшыларға құрмет көрсетілді

22 шілде, 2022

21 шілде күні Махамбет атындағы академиялық драма театрында «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) 100 жылдығына орай «Мұнайлы өңірдің мәуелі бәйтерегі» атты салтанатты шара өтті.

Шараға «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ (бұдан әрі ҚМГ) Басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары Құрманғазы Есқазиев,  ЕМГ басшылығы мен ұжым мүшелері, мұнайшылар династиялары, компанияны әр жылдарда басқарған бұрынғы басшылар, өндіріс саласының ардагерлері, кәсіподақ ұйымдары жетекшілері қатысты.

- Биыл қазақстандық мұнай-газ саласы үшін елеулі жыл. Қарашаңырақ Ембінің ғасырлық мерейтойы мен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының да 20 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр. Осынау елеулі даталармен баршаңызды «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» ұжымы атынан құттықтаймын! Ембінің 100 жылдығына орай «ҚазМұнайГаз» көлемінде арнайы комиссия құрылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Бұл шаралар Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Президент Әкімшілігі тарапынан қолдау тауып, өткізілуде. Бүгін сол шаралардың бірінде жиналып отырмыз, - деп атап өтті ҚМГ Басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВ.

Жиын барысында Ембі өндірісінде еңбек өтілдері бүгінде 300 жылға тарта кезеңді қамтитын мұнайшылар династияларына және ардагер мұнайшыларға және кәсіплдақтар жетекшілеріне құрмет көрсетіліп, «Ембімұнайгаз» АҚ-на – 100 жыл» мерейтойлық медальдары табысталды.

- Залда отырған барша сала ардагерлеріне шексіз алғысымызды жеткізгім келеді. Сіздердің жасампаз еңбектеріңіздің нәтижесінде ашылған кен алаңдарында күні бүгінге дейін «қара алтын» өндірілуде.  Қазақстандық экономиканың күретамырына айналған мұнай-газ саласының қарыштап дамуы жолында сол кен алаңдарында еңбек етіп жүргенімізді біз мақтан тұтамыз, - деді ЕМГ Басқарма төрағасы Есен ҚАЙЫРЖАН.

            Ардагер мұнайшылар атынан Компанияны 1994-2002 жылдары басқарған Махамбет Батырбаев сөз сөйлеп, ембіліктерді 100 жылдық мерейтоймен құттықтады.

Шара соңы қазақ эстрадасының және опера әншісі Толқын Забированың концертіне ұласты.

 

 

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның ұйымдастыру бөліміне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-32-09

Индира САТЫЛҒАНОВА І.Satylganova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-34-66

Анықтама: «Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы»  АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2021 жыл аралығында аралығында Ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 303 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 900 млн теңгеге жуық   қаражат аударды.