Қайырлы күн, құрметті әріптестер!
Компанияның сәтті қызметінің негізгі факторы – өндірістік қауіпсіздіктің сақталуы. Біз бұған дейін де бұл мәселенің өзекті екендігін айтқан болатынбыз. Компания үшін жұмысшының өмірі мен саулығы өндірістік көрсеткіштерден ЖОҒАРЫ тұрады!
Өкінішке орай, 2017 жылы компаниямызда бірқатар оқиғалар, соның ішінде, соңы ажалға әкеліп соққан қайғылы жағдай орын алды. Аталған оқиғаларды саралау жұмыстарының нәтижесі компанияда қауіпсіздік техникасына немқұрайлы көзқарас, соның ішінде, өндірістік нұсқаулықтар мен қағидаларды ескермеушілік, өндірістік құрылымдық бөлімшелер басшылары тарапынан мердігерлер қызметіне тиісті деңгейде бақылау жүргізілмейтінін аңғартты.
Аталған мәселелер бойынша ТАПСЫРАМЫН: цех басшыларынан бастап орынбасарларыма дейінгі барлық басшыларға қауіпсіздік техникасы мәселесін бақылауда ұстауды күшейту, қауіпсіздікті бақылау тәртібі бағдарламасына белсенділікпен араласу, еңбекті қорғау және қауіпсіздік ережесі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау бойынша мәліметтердің уақытылығын, объективтілігін, ашықтығын қамтамасыз ету, мердігер мекемелерді бақылау.
Өндіріс қауіпсіздігіне тек техника қауіпсіздігі жөніндегі инженерлер ғана емес, қызмет көрсетуші техникалық персоналдан бастап бірінші басшыға дейінгі әр қызметкер ерекше мән беруі керектігін ЕСТЕРІҢІЗГЕ САЛАМЫН!
Сіздер, басшы ретінде еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөліп, қажетті ақпаратты толықтай барлық жұмысшыға жеткізулеріңіз міндетті. Жұмыс орнында кез келген негативті фактілерді жасыруға жол бермеу керек!
Кез келген жағдай еңбек пен қоршаған ортаны қорғау департаменті деңгейінде егжей-тегжейлі талданып, өндірісте қауіпті жағдайдың туындауына әсер еткен факторлар барлық ӨҚБ-ге хабарланып, оларды жою бойынша іс-шаралар жоспары жасақталып, іске асуын бақылау қамтамасыз етілуі тиіс.
Нысандарымызда жұмыс жасап жатқан мердігер мекемелердің ұжымдары да – біз жауапкершілігімізде. Сондықтан, мердігер мекемелер жұмысшылары мен ЕМГ қызметкерлеріне жауапкершілік бірдей деңгейде болады.
ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ.
Компания қоршаған ортаға тиетін залалды мейлінше азайту бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізуде. ҚР Экология Кодексі талаптарын орындау мақсатында «Ембімұнайгаз» АҚ тарихи ластанған аймақтарды тазарту, қалдық мұнай қорларын қайта өңдеу жобаларына қомақты қаражат бөліп келеді. Слайдтан көріп отырғаныңыздай, полигондарымыздың толығуы азаюда.
Сонымен қатар, кәсіпорнымызда іске аса бастаған бағытымыздың бірі радиоактивті саналатын металл қалдықтарын жою болып табылады.
2017 жылға қоршаған ортаны қорғау өндірістік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 284 миллион теңге қаралып, 265 миллион теңге игерілді.
МҰНАЙДЫ ӨНДІРУ МЕН ТАПСЫРУ.
2017 жылы Қоғам бойынша мұнай өндіру жоспары 2 миллион 840 мың тоннаға, тапсыру жоспары 2 миллион 806 мың тоннаға орындалды. 2018 жылдың І тоқсаны бойынша мұнай өндіру мен тапсыру көлемі жоспарлы көрсеткіштерге сәйкес келіп отыр.
ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАРДЫ ЖАҢҒЫРТУ
Әріптестер!
Бүгінгі таңда Компания бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр. Соңғы айларда мен әріптестеріммен бірге барлық мұнай-газ өндіру басқармаларының өндірістік нысандарында болып, жатақханалардың жағдайымен таныстым. Медициналық кабинеттерді, демалыс бөлмелерін, асханаларды, спорттық залдарды және басқа да әлеуметтік нысандарды араладық. Сапарлар барысында жұмысшылармен кездесіп, олардың тұрғын, арнаулы киіммен қамтылуы, тамақтану сапасы жағдайларын сұрастырдық.
Атап өту керек, қазіргі таңда Компаниямыздың жұмысшыларының жатақханаларын жақсарту мен тамақтануына қолайлы жағдай жасалған. Бірақ, уақыт бір орында тұрмайтыны белгілі.
Тарихы тереңде жатқан «Ембімұнайгаз» компаниясының материалдық-техникалық базасы жылдар бойы қалыптасты. Сондықтан, бүгінгі таңда бізде қазіргі санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкес келмейтін әлеуметтік нысандар бар. Біздің ойымызша, мұнайшылардың демалыс орындарының дизайнын кері қарастыру керек. Сонымен қатар, бүгінде Атырау облысында қызмет етіп жатқан шетелдік қатысы бар компаниялардың деңгейіндей тамақтандыру сапасын арттыру қажет.
«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы өндіріске жаңа технологияларды енгізіп, жұмысшылардың кәсіби біліктілігін арттыруға қомақты қаражат бөліп, отандық мұнай-газ саласының көш басында тұрған компания ретінде алға үлкен міндеттер қойып отыр. Соның бірі – мұнайшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын айтарлықтай жақсарту!
2017 жылы «Әлеуметтік нысандарды жаңғырту» бағдарламасы аясында «Жылыоймұнайгаз» және «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-не 550 миллион теңге қаражат бөлінді.
Бағдарламаның екінші кезеңі – 2018 жылға «Қайнармұнайгаз», «Ембімұнайэнерго», ӨТҚжЖК басқармалары мен Компанияның басқару аппаратына тауарлы-материалдық құндылықтарды алу үшін 511 миллион теңге қаражат бөлінді.
ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ШАРАЛАР
Компания жыл сайын жұмысшыларды оқытуға, даярлауға және біліктілігін арттыруға қомақты қаражат бөліп келеді:
2017 жылы Компанияның 5 мыңға жуық жұмысшысы қауіпсіздік техникасы (өндірістік, өрт, электр қауіпсіздігі) бойынша міндетті курстық оқудан, 974 қызметкер даярлау және қайта даярлау курстарынан өтіп, 478 адам (механиктер, мұнай және газ инженерлері, энергетиктерге арналған семинарлар, Техникалық қызмет көрсету және құрал-жабдықтарды жөндеу жобасын жүзеге асыру үшін SAP жүйесін оқыту, кадрлық резерв жұмысшыларын басшылық қабілеттерін арттыру бойынша семинарлар және т.б.) кәсіби біліктіліктерін арттырды.
Газды кешенді дайындау қондырғысы жобасы бойынша қайтадан құрылған күкіртті алу және газды дайындау цехы жұмысшылары үшін арнайы оқыту жоспары жасақталып, жыл бойына инженер-техник мамандары, атап айтсақ, энергетика, автоматика, ГОСТ, өндірістегі қауіпті факторлар бойынша ҚХР тағылымдамадан, ал, Ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысы жұмысшылары Альметьевск қаласындағы «Татнефть» кадрларды даярлау орталығы базасында даярлаудан өтті.
Жұмысшыларды ынталандыру бағытында бірқатар шаралар ұйымдастырылды:
Компания қазақстандық мамандарды даярлау келісімшартындағы міндеттерін абыроймен өтеп келеді. 2017 жылы 128 студенттің оқу ақысы төленді. Соның ішінде, Қоғам қызметкерлерінің және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар балалары бар. 306 студентке өндірістік тәжірибе ұйымдастырылды.
«Ренессанс» Стратегиясы аясындағы жобаларды жүзеге асыру сәтті жалғасын тауып келеді. 2015-2017 жылдар аралығында төмендегі іс-шаралар ұйымдастырылды:
- Орта буын жетекшілерін ынталандыру бойынша әртүрлі санаттағы 247 жұмысшыға модульді оқыту ұйымдастырылды. Олардың ішінде, цех басшылары, учаске шеберлері, механиктер, геологтар, энергетиктер, қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау инженерлері бар.
- Бүгінгі таңда Компанияның кадрлық резервіне Қоғамның 82 жұмысшысы кіреді. 2015 жылдан 2017 жыл аралығында 34 жұмысшы негізгі позицияларға тағайындалды. Соның ішінде, жоспарлы кадрлық резервтен – 34, келешекті кадрлық резервтен – 6 жұмысшы.
- Қоғамның 9 қызметкері – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Бірыңғай кадрлық резервін құрамында. Соның ішінде, 3 қызметкер бүгінде магистрлік бағдарлама бойынша оқуда.
- Дуалды оқыту бойынша – 2015 жылдан бастап 2017 жыл аралығында өндірістік оқудан және тәжірибеден 69 стажер (Атырау мұнай және газ университеті мен Апек Петротехник жоғарғы колледжінің студенттері) өтті. Барлығы оқуларын сәтті аяқтап, 3-разрядты «Ұңғымаларды зерттеу операторы» мамандығы берілді. Атырау мұнай және газ университетінің 19 студентіне «Сусыздандыру және тұзсыздандыру қондырғысының операторы» екінші мамандығы берілді. Атырау мұнай және газ университетінің 4-курсының 20 стажері «Мұнай-газ өндіру операторы» мамандығы бойынша оқудан өтті. Тестілеу нәтижесінде жоғары балл жинаған 16 студент компанияға жұмысқа орналасты.
2018 жылы аталған жобаларды жалғастыру жоспарлануда:
«МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ЗЕЙНЕТКЕРЛІК ДЕМАЛЫСҚА ШЫҒУ» БАҒДАРЛАМАСЫ
Әріптестер!
Жұмысшыларды әлеуметтік қолдау 2014 жылдың сәуір айында Мерзімінен бұрын зейнеткерлік демалысқа шығу ережесі жасақталып, бекітілді. Соның негізінде, 55 жасқа жеткен мұнайшы әйелдер мен 60 жасқа толған мұнайшы ер адамдар жұмыстан босаған жағдайда ай сайын зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін жәрдемақы алып, Компания зейнеткерлері тізіміне енеді.
Ауыр еңбекті қажет ететін жекелеген мамандықтар бойынша мұнайшыларды әлеуметтік қолдау аясында 2017 жылы қолданыстағы «Мерзімінен бұрын зейнеткерлік демалысқа шығу» ережесіне өзгертулер енгізіліп, 58 жастан ай сайынғы еңбекақысынан 48%-50% көлемінде 5 жылға дейін жәрдемақы алып отыруға мүмкіндік берілді.
2014-2017 жылдар аралығында аталған бағдарлама бойынша 162 қызметкер зейнеткерлік демалысқа шықты, ал, 2018 жылдың І тоқсанында – 29 қызметкер.
Бағдарлама саналы ғұмырын Ембінің өркендеуіне арнаған мұнайшыларды қолдауға бағытталған. Сондықтан, Бағдарлама мүмкіндіктерін пайдаланған жұмысшылардың 40 пайызы (75 адам) – қызметкерлерінің басым көпшілігінің еңбек өтілі 30-40 жылдан асатын «Доссормұнайгаз» МГӨБ қызметкерлері болып табылады.
ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ
Әріптестер!
Компаниямыз өз қызметкерлерін бәсекеге қабілетті еңбекақымен және маңызды әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуде. 2017 жылы Компания «2017-2021 жылдарға арналған Ұжымдық шартқа» сәйкес, 3 миллиард 909 миллион 373 мың теңге көлемінде өз қызметкерлерінің алдындағы міндеттемелерін орындады.
Бұған жыл сайынғы еңбек демалысына қоса сауықтыру төлемдері, баланың дүниеге келуіне байланысты бір реттік төлемдер, құрметті демалысқа шығу, жүктілік пен бала тууға байланысты төлемдер, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін медициналық сақтандыру, ата-аналардың балалардың демалысы үшін сауықтыру лагерьлеріне жұмсалатын шығындары, компанияның зейнеткерлерін қолдау мақсатындағы әртүрлі төлемдер және тағы басқалар кіреді
Өткен жылы Қазақстан мен Ресей шипажайларында мың жарымға жуық жұмысшы демалды. Осы жылдан бастап қызметкерлеріміз демалу және ем алу орындарын өздері таңдау құқығына ие болды. Компания бір жұмысшының шипажайлық-курорттық демалысының 250 мың теңге көлеміндегі шығынын өтейді.
ДЕМЕУШІЛІК, ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖӘНЕ КЕЛІСІМШАРТ МІНДЕТТЕМЕЛЕРІН ОРЫНДАУ.
Компания әлеуметтік маңызы бар жобалар мен қайырымдылыққа демеушілік көмек ретінде дәстүрлі түрде қаражат аударып келеді. Өткен жылы осы мақсатқа 330 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді.
Келісімшарт міндеттемелеріне сәйкес Компания Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға белсенді қатысып келеді. Жыл сайын бұл мақсатта облыстық бюджетке қаражат аударылуда. 2017 жылы әлеуметтік жобаларды қаржыландыру үшін қаржы бөлінді:
ӘРІПТЕСТЕР!
Ембінің келешегі кемел болуы үшін әрқайсысымыз бірігіп, жүйелі еңбек етуіміз керек!
Назарларыңызға рахмет!