"Ембімұнайаз" АҚ Басқарма төрағасы Ә.Е.ЕЖАҚСЫБЕКОВТІҢ 2018 жылдың және 2019 жылдың І тоқсанының қорытындылары жөніндегі есептік баяндамасы

16 мамыр, 2019

Құрметті әріптестер, қайырлы күн!

2018 жылдың және 2019 жылғы І жартыжылдығының қорытындысы жарияланатып есептік кездесуге қош келдіңіздер. Есептік баяндаманы оқымас бұрын дәстүр бойынша

Қоғаммен байланыс қызметі екінші жыл қатарынан ұйымдастырған «Мен – ембілікпін» байқауының жеңімпаздарын марапаттауға рұқсат етіңіздер. Биылғы байқау номинацияларының басты тақырыбы Компанияның Даму тұжырымдамасы шеңберіндегі құндылықтар мен Қарашүңгіл кен алаңының 120 жылдығына арналды.

(Марапаттау рәсімі)

Жеңімпаздарды құттықтаймын және өз жұмыстарын ұсынып, шығармашылық идеяларымен бөліскен әрбір қызметкерге алғысымды білдіремін! Барлық қызметкерлерді, әсіресе, жастарды, осындай корпоративті шараларға және Компанияның бастамаларына қатысып, атсалысуға шақырамын. Осындай байқаулар арқылы сіздер басшылыққа өндірістік үдерістерді жақсарту бағытындағы өз идеяларыңызды жеткізіп, ұжымыңыз бен әріптестеріңіз жайындағы ойларыңызбен бөлісе аласыздар.

Құрметті әріптестер!

- Өткен жылғы жалпы жиналыстан кейін арада біраз уақыт өтті. Осы кезеңде ел үшін маңызды саналатын шаралар болды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ҚР Президенті ретіндегі өкілеттілігін тоқтататыны туралы мәлімдеме жасап, қалған уақытта    ҚР Президенті ретінде  барлық міндет Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүктелетінін хабарлады. Жаңа Мемлекет басшысының сайлауы ағымдағы жылдың 9 маусымына жоспарланған.

Ембілік мұнайшылар әркез мемлекеттің қолдаушысы, әлеуметтік-экономикалық дамуының локомотиві болды. Сондықтан, бірлігі мол ұжымымызды сайлауға белсенділікпен қатысуға шақырамын! Біздің белсенді ұстанымызға еліміздің келешектегі дамуы мен балаларымыздың болашағы байланысты екенін атап өткім келеді!

Жыл басында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Нұр Отан» партиясының  «Нұр Отан» партиясының 18-съезіндегі сөзінде Елбасы бірнеше нақты тапсырмалар берген болатын,  онда әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға қолдау көрсетіп, олардың баспана мәселесін шешу мәселесі айтылған еді. Жақында мен ұжым мүшелеріне Компанияның кен алаңдары орналасқан аудандардағы көмекке мұқтаж аз қамтылған отбасыларды  баспанамен қамту бойынша бір күндік жалақымыздың есебінен көмек көрсету туралы Үндеу жарияладым. Естеріңізге сала кетейін, 2015 жылы ембіліктердің өз еркімен жинаған қаражатына Атырау қаласындағы отбасында мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған жанұяға 4 үй күрделі жөндеуден өтіп, жалғызілікті зейнеткерге жаңадан үй салынды. 2016 жылы отбасында екі мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасыға жаңадан баспана салынды. Өткен жылы Ембінің үлкен ұжымы Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданында үйлері суға кетіп, жарамсыз деп танылған Малеевск, Зубовск және Зырян қаласы маңының тұрғындарына 4 пәтер мен 3 үй алынды. Ал, биыл ембіліктер жерлестеріне көмектеседі.

Ұжым мүшелеріне ұсынысымды бірауыздан қолдағаны үшін алғысымды білдіремін. Рамазан айы кезіндегі жұртшылыққа көрсеткен жақсылығымыз –әрқайсымызға еселеп оралатыны даусыз!

Құрметті әріптестер!

Енді кездесуіміздің негізгі тақырыбына көшсек...   

ЕМГ-нің еңбекті және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы басты мақсаттары:

  • Жазатайым оқиға бойынша нөлдік көрсеткіш
  • Апат пен мұнайдың төгілулерінің орын алмауы
  • Қоршаған ортаға минималды әсер болып табылады.

Соңғы жылдары бұл бағыттарда Компания тарапынан көптеген шаралар жүргізілуде және Компания заңнама талаптарына сай жұмыс жасауда. Жарақат алу көрсеткішіне салыстырмалы талдау жасау мақсатында компанияда еңбекті қорғау бойынша жүргізілетін статистика мұнай және газ өндірісі халықаралық ассоциация талаптарына (IOGP) сай орындалады.  

Компания басшысы өткен жылы апатты жағдайдың тіркелуі бойынша нөлдік көрсеткішке қол жеткізгені үшін ұжымға алғыс білдіре отырып,  халықаралық компанияларда  қабылданған әлемдік стандарттарға сай жұмысты жалғастыра беруге шақырды.

ҚҰРМЕТТІ ӘРІПТЕСТЕР!

Қазіргі таңда еңбекті және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы шараларға қомақты қаражат бөлінуде, арнаулы киімдердің сапасын арттыру бағытында тұрақты жұмыстар жүргізіліп, еңбек жағдайы жақсаруда және қоршаған ортаға әсерді азайту мақсатында өндіріске жаңа технологиялар енгізіліп жатыр.

Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау – тек ҚТ инженерлері мен экологтардың міндеті ғана емес, қызмет көрсетуші техникалық персоналдан бастап бірінші басшыға қойылатын басты талап!

Барлық басшылар еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерін, соның ішінде әрбір қызметкерді жұмыс орнында теріс сипаттағы кез-келген фактілерді жасыруға жол бермеу туралы ақпаратты бірден жеткізуі тиіс!

Тағы да естеріңізге саламын, мердігер компаниялар қызметкерлері де – біздің қамқорлығымызда. Сондықтан, оларға да қатысты жазатайым жағдайларға өз жол бермеуіміз керек.

             

Әріптестер!

2018 жылы ЕМГ 2 миллион 895 мың 332 тонна (+332 тонна) өнім өндіріп,  2 миллион 863 мың  464 тонна (+1 489 тонна) мұнай тапсырды. 2019 жылдың 1-тоқсанында өнім өндіру мен тапсыру жоспары межеге сай орындалды. 

Бұдан кейін Компания басшысы өндірістік жоспарлардың орындалуы мен әр құрылымдық бөлімшеде жаңа технологиялардың енгізілуіне нақты тоқталды. Есептік баяндамада кейбір мәселелердің жүзеге асыру барысы жан-жақты қаралды: геологиялық барлау жұмыстары, «Интеллектуалды кен алаңы» тұжырымдамасын тарату, МТО мен ТОРО жобалары бойынша, ілеспе газды өңдеу және кәдеге жарату, автокөлік құралдары паркін жаңарту, жаңа технологиялардың енгізілуі, Забурын кен алаңындағы полимерлік суландыру жүйесі және т.б. құжаттар. 

Басқарма төрағасының мәлімдеуінше, мұнайшылардың  әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту аясында  2018 жылы Кенбай кен алаңында 100 орындық жатақхана, Қисымбай кенішінде 50 орындық, С.Балғымбаев кенішінде 150 орындық асхана пайдалануға берілді.

Салауатты өмір салтын ұстанатын «Ембімұнайгаз» АҚ жұмысшыларын қолдау мақсатында компания Атырау қаласындағы бассейндер мен тренажер залдарына абонементпен қамтамасыз етіп, барлық мұнай-газ өндіру басқармаларындағы вахталық поселкелерінде спортпен айналысуға қажетті жағдай жасалған. Компания ішінде және «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ (бұдан әрі ҚМГ ҰК) ұйымдастыратын жарыстарға қатысу жұмыстары ұйымдастырылады.

Компания 2018 жылы Ұжымдық шарт аясында 5,5 миллиард теңгеге өз қызметкерлері алдындағы міндеттемелерін орындады. Мұның ішіне жұмысшылар мен олардың отбасы мүшелерін медициналық сақтандыру, мерекелерге орай біржолғы сыйақы, жыл сайынғы еңбек демалысына қоса сауықтыру төлемдері, баланың дүниеге келуіне байланысты бір реттік төлемдер, құрметті демалысқа шығу, жүктілік пен бала тууға байланысты төлемдер, ата-аналардың балалардың демалысы үшін сауықтыру лагерьлеріне жұмсалатын шығындары, жұмысшылардың шипажай-курорттық емдерінің шығындары, компания зейнеткерлерін қолдау шараларының төлемдері және т.б. кіреді.

Келісімшарт міндеттемелеріне сәйкес Компания Атырау облысының инфрақұрылымын дамыту жұмыстарына қатысады. Жыл сайын осы мақсатта облыстық бюджетке қаражат аударылады. 2018 жылы 1 миллиард 866 миллион теңге бөлінді.

Қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында компания жыл сайын жұмысшларды қайта даярлау, біліктілігін арттыруға қомақты қаражат бөліп келеді. 2018 жылы компанияның 4,5 мыңнан астам жұмысшысы қауіпсіздік техникасы бойынша міндетті курстардан өтті. 1,2 мыңнан астам инженер-техник қызметкері біліктіліктерін арттырды: мұнай өндірудің, бұрғылаудың заманауи технологиясы бойынша техникалық семинарлар, жобаларды, қауіптерді басқару, қаржылық модельдеу, еңбекті нормалау, маркетингтік бизнес-семинарларлары ұйымдастырылды.

Соңғы 3 жылда Компанияның білікті қызметкерлері Италия, Ресей және Жапонияның белді оқу орындарында арнайы оқулардан өтіп келді. Жұмысшы мамандықтар бойынша даярлау және қайта даярлау курстарынан мыңға жуық қызметкеркер өтті.

Дуалды оқыту бағдарламасы аясында 2015-2018 жылдар аралығы мен 2019 жылдың 1-тоқсанында 97 тәлімгер (Атырау мұнай-газ университеті мен АПЕК Петротехник колледжінің, Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінде білім алып  жатқан  студенттер) өндірістік алаңдарда тәжірибеден өтті. Оқу бағдарламасын сәтті аяқтаған студенттер «Ұңғымаларды зерттеу операторы», «Мұнай-газ өндіру операторы», «Техникалық қондырғының операторы», «КИП и А дәнекерлеушісі» мамандықтары бойынша квалификацияға ие болды. 

Тесттік сынақ кезінде жоғары балл жинақтаған 40 студент Компанияға жұмысқа қабылданды. Бүгінгі таңда 39 студент оқуын жалғастыруда,  олардың 19-ы Атырау мұнай-газ университетінен, 20-ы АПЕК Петротехник колледжінен. 

Студенттерді іріктеу өндіріс қажеттілігі үшін төмендегі мамандықтар бойынша жүзеге асты: «Геология және пайдалы қазбалар кен алаңдарын барлау», «Органикалық заттардың химиялық технологиясы», «Мұнай кен алаңдарын пайдалану және игеру», «КИП инжиниринг технологиясы». АМГУ, АПЕК, ҚБТУ және УММТУ-дың 191 студентіне тәжірибе ұйымдастырылды.

Соңғы 5 жыл бойы ЕМГ-да «Мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығу» бағдарламасы сәтті жүзеге асып келеді. 2014-2018 жылдар аралығында аталған бағдарлама мүмкіндіктерін 237 адам пайдаланды, ал, 2019 жылдың І тоқсанында – 12. Аталған бағдарлама ғұмырының басым бөлігін Ембі өндірісіне арнаған жұмысшыларға негізделген. Қазіргі таңда бағдарлама шарттарын пайдаланған жұмысшылардың 40% (92 адам) – тарихы тереңде жатқан ең үлкен кәсіпорын «Доссормұнайгаз» МГӨБ-нің жұмысшылары.

Баяндама барысында Ембі басшысы компанияда еңбек тәртібін сақтау мәселелесіне жіті тоқталды.

Сөзінің соңында Ә.Жақсыбеков компанияның дамуына қосқан үлесі үшін ұжымға алғысын білдірді. Сонымен қатар, биылғы жылы алда үлкен міндет түрғанын атап өтті. Ол –2 миллион 895 мың тонна мұнай өндіру жоспарын орындау.

Кездесу соңында есептік жиынға қатысушыларға сұрақтарын қойып, Компания басшысынан тұшымды жауаптар алуға мүмкіндік берілді.