Қазақстан мұнайының бесігі: Ембі Доссорда заманауи музей-кітапхана кешенін салды
Атырау облысы Мақат ауданының Доссор поселкесінде аумағы 700 шаршы метрді құрайтын заманауи музей-кітапхана кешені пайдалануға берілді. Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімдігінің, «Ембімұнайгаз» АҚ (ЕМГ), «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері, жергілікті тұрғындар және мұнайшылар қатысты.
Нысан доссорлықтардың бастамасымен ҚазМұнайГаздың еншілес ұйымы — Ембімұнайгаз компаниясы Samruk-Kazyna Trust қорының қатысуымен салды.
Кешен арнайы аймақтарға бөлінген. Кітапхана блогында компьютерлік техника орнатылған 50 орындық оқу залы және балалар бөлімі бар. Көру қабілеті шектеулі келушілер үшін Брайль жүйесімен жабдықталған кабинеттер қарастырылған. Кітап қоры – шамамен 30 мың дана.
Музейдің экспозициялық залы 4 500 астам экспонатты қамтиды және бірнеше тақырыптық бөлімге бөлінген: этнографиялық бұрыш, сондай-ақ мұнай-газ саласының және Атырау облысының даму тарихына арналған бөлімдер. Кешен заманауи стандарттарға, атап айтсақ, жарықтандыру, жылыту және желдету жүйелері соңғы үлгідегі инженерлік талаптарға толық сай келеді.
- Ембімұнайгаз бұл жоба арқылы тарихи-мәдени мұраны сақтауға және Мақат ауданы тұрғындарының дамуы мен демалысына қолайлы жағдай жасауға үлес қосып отыр. Әлеуметтік жауапты компания ретінде біз өндірістік құрылымдық бөлімшелеріміз орналасқан аудандарда жаңа нысандар салуға ерекше көңіл бөлеміз. Доссор – Қазақстан мұнайы бастау алған киелі өңір. Сондықтан жергілікті тұрғындардың бастамасын қолдағанымызға қуаныштымыз, - деді ЕМГ бас директоры Ринат Ізмұханбет.
Айта кетейік, өткен ғасырдың басында дәл осы Доссор кентінде Қазақстандағы алғашқы мұнай өндіру жұмыстары басталған. Бүгінде мұнда ЕМГ құрамындағы өндірістік бөлімшелердің бірі — «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы өз қызметін жалғастырып келеді.
БАҚ-пен байланыс үшін:
Ғалия ҚАРАЖАНОВА: G.Karajanova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-21
Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmg.kz, +7 (7122) 99-34-66
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012-2025 жылдар аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 902 млрд. 223 млн. теңге, өңірдің әлеуметтік дамуына – 8 млрд 096 млн теңге қаражат аударды.