сайт статистики

Сахнада – мұнайшылар: «Ембімұнайгаз» АҚ-да «Екі жұлдыз» байқауы өтті

Кәсіби мереке – ҚР мұнай және газ кешені қызметкерлерінің күні қарсаңында «Ембімұнайгаз» АҚ «Мұнайшы қыз» клубының ұйымдастыруымен «Екі жұлдыз» ән байқауы өтті. Мұнайшылардың шығармашылық әлеуетін ашуға және қазақ ән өнерін дәріптеуге бағытталған жоба сапалық жағынан жаңа деңгейде жүзеге асырылды.

 Байқаудың басты ерекшелігі – өндірістің әртүрлі саласында еңбек ететін, Компанияның 6 қызметкері Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының кәсіби әншілерімен дуэт құруы. Өндіріс пен кәсіби өнердің мұндай коллаборациясы ембіліктердің шығармашылық потенциалын ашып, оларды жаңа қырынан танытуға мүмкіндік берді.

Іс-шараның маңыздылығы мен рухани мәні туралы «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары, «Мұнайшы қыз» клубының төрайымы Рысты Тасмағамбетова атап өтті:

«Құрылғанына 7 жылдан асқан «Мұнайшы қыз» клубы осы жылдар ішінде көптеген тақырыптық іс-шараларды өткізіп келеді. «Екі жұлдыз» жобасы – клуб жұмыстарының сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын дәлелі. Жоба қатысушылардың өнердегі бағын ашып қана қоймай, әрбір туындының сахналануына ерекше назар аудару арқылы көрерменнің музыкалық талғамын қалыптастыруға да ықпал етті. Бұл ұжым үшін үлкен рухани серпіліс пен жаңа есімдердің танылуына жол ашқан маңызды шара болды».

Екі бөлімнен тұратын конкурстық бағдарлама аясында қатысушылар Отан, туған жер тақырыптарындағы патриоттық туындылармен қатар, танымал эстрадалық хит әндерді орындады.

Қазақ ән өнерін насихаттауды мақсат еткен сайыскерлердің вокалдық шеберлігі мен сахналық мәдениетін ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, еңбек ардагері Мақыш Гайсина бастаған қазылар алқасы бағалады.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды:

Бас жүлде иегері – «Ембімұнайэнерго» басқармасынан Райхан Балғымбаева. Бірінші орын – Нұрдәулет Сағидоллин («Жайықмұнайгаз» МГӨБ), екінші орын – Қайрат Смаилов («Жылыоймұнайгаз» МГӨБ), үшінші орын – Мәди Жамалов (ӨТҚжЖКБ).

«Көрермен көзайымы» номинациясы Мәди Бексейітовке («Доссормұнайгаз» МГӨБ), ал, ынталандыру сыйлығы – Бағытжан Камитовке («Қайнармұнайгаз» МГӨБ) берілді. 

БАҚ-пен байланыс үшін:

Ғалия ҚАРАЖАНОВА: G.Karajanova@emg.kmg.kz  +7 (7122) 99-34-21
Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmg.kz, +7 (7122) 99-34-66

Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012-2025 жылдар аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 902 млрд. 223 млн. теңге, өңірдің әлеуметтік дамуына – 8 млрд 096 млн теңге қаражат аударды.