сайт статистики

«Ембімұнайгаз» АҚ-да Сағидолла Нұржановтың туғанына 100 жылдығы атап өтілді

«Ембімұнайгаз» АҚ-да отандық мұнай өнеркәсібінің дамуына сүбелі үлес қосқан КСРО-ның құрметті мұнайшысы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұнайшысы Сағидолла Нұржановтың 100 жылдығына арналған шара өтті. Еске алу шарасына «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев, «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығы, ардагерлер мен мұнайшының ұрпақтары қатысты. 

Еске алу шарасы Сағидолла Нұржановтың есімі берілген Прорва кен орындарының бірінде басталды. Майталман мұнайшының туыстары мен ембілік мұнайшылар аталған кен орнындағы ардагердің  бюстіне гүл шоқтарын қойып, еске алды. 

Сағидолла Нұржановтың есімі Қазақстанның мұнай-газ саласының тарихында алтын әріптермен жазылды. Ол қатардағы инженерден бастап, Атырау және Маңғыстау облыстарындағы «Жетібаймұнай», «Өзенмұнай», «Прорвамұнай» МГӨБ сынды бірқатар мұнай және газ өндіру кәсіпорындарының басшысына дейінгі ұзақ жолдан өтті. Сонымен қатар, ол «Қазақстанмұнай» бірлестігінің бас директорының орынбасары қызметін де атқарған. «Прорвамұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы ретінде ұжымды өндірістік қызметтің жаңа белестеріне жеткізе білді. Оның өндіріске енгізген жаңалықтары, әсіресе, мұнай өндіруді автоматтандыру, бір орталықтан басқаруға жүйелендіру үлкен тиімділік әкеліп, еңбек өнімділігін арттырды.

Майталман мұнайшының 100 жылдығына арналған еске алу шара «Ембімұнайгаз» АҚ бас кеңсесінде жалғасын тапты. Сағидолла Нұржановтың басшылығымен еңбек жолын бастаған ардагер мұнайшылар оның іскерлігі мен адамгершілігі туралы толғана әңгімеледі. Майталман мұнайшы бастаған мұраны сала мамандарының қазіргі ұрпағы абыроймен жалғастыруда. 

Сағидолла Нұржановтың еңбек жолы – өскелең ұрпаққа жарқын үлгі. Өндірістің барлық сатысынан өткен ол Терең-Өзек кен орнын ашып, іске қосуға, сондай-ақ, Прорва кен алаңдарын игеруге зор үлес қосты. Ол өндіріске енгізген тың әдістер салада әлі күнге дейін қолданылуда. Ал, Прорва кен алаңдары тобы Ембідегі ең өнікті кеніштердің қатарында саналады, - деп атап өтті «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Ринат Ізмұханбет.  

Сағидолла Нұржановтың есімі компания тарихында мәңгі сақталады. Оның кәсіби шеберлігі, ұйымдастырушылық таланты, адами қасиеттері Ембі мұнайшыларының болашақ ұрпағы үшін үлгі-өнеге болып қала бермек. 

БАҚ-пен байланыс үшін:

Айгүл ЕРТЛЕУОВАA.Ertleuova@emg.kmg.kz, +7 (7122) 99-32-09
Индира САТЫЛҒАНОВАІ.Satylganova@emg.kmg.kz, +7 (7122) 99-34-66

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012-2025 жылдар аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 902 млрд. 223 млн. теңге, өңірдің әлеуметтік дамуына – 8 млрд 096 млн теңге қаражат аударды.