Болашақ – жастардың қолында
«Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) Басқарма төрағасы Ә.ЖАҚСЫБЕКОВ Компанияның Жас мамандар кеңесінің басқару аппараты мен өндірістік-құрылымдық бөлімшелердегі жетекшілері және белсенді мүшелерімен кездесті.
- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз Жолдауында «2019 жылды – Жастар жылы» деп белгіледі. Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ-да 5000-нан астам қызметкер еңбек етсе, оның бір мыңнан астамын 35 жасқа дейінгі жас мамандар құрайды. Мұның өзі Компанияның ұрпақтар сабақтастығы және отандық мұнай-газ саласына бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мәселелеріне баса назар аударытынын аңғартады. Осы мақсатта ЕМГ 2015 жылы Дуалдық оқыту бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама аясында қазіргі таңда 93 студент мұнай-газ ісі бойынша дайындықтан өтіп, 37 жас Компанияға жұмысқа орналасты, - деп атап өтті Компанияның Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ өз сөзінде.
Компания басшысы кездесуге қатысушыларға биыл Қарашүңгіл кен алаңына 120 жыл толатынын жеткізіп, еліміздің мұнай-газ саласы, соның ішінде, Ембінің тарихындағы осы айтулы оқиғаға арналған шараларға жастардың белсенді түрде атсалысатындарына сенім білдірді.
Жиын барысында ЕМГ келешекте дамыту департаментінің стандарттау және бизнес процестерін оңтайландыру бөлімінің аға инженері Бекет Ғұбайдуллин, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаменті еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі бөлімінің 2 категориялы инженері Жанбақыт Дәуітов, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ қабат қысымын сақтау операторы Әбділмажит Сайфеденов Компания басшысына бұдан әрі де жас мамандарды қолдау жөнінде өз ұсыныстарын жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, аталмыш ұйым 2013 жылы Ембінің басқару аппараты мен барлық өндірістік құрылымдық бөлімшелерінде құрылды. Жыл сайын Кеңес мүшелері Компанияның өндірістік-қоғамдық өміріне белсене араласып келеді.
«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі
Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:
Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. 2012 жылдың 1 қазанынан 2018 жылдың 11 айы аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 873 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.