Алда кезегін күткен жұмыстар көп

05 шілде, 2019

Бүгінгі айдарымыздың қонағы «Доссормұнайгаз» МГӨБ басшысы Абдиев Серік Амангелдіұлы. Қарапайым мұнай өндіруші операторлығынан басқарма басшылығы лауазымына дейін сәтті көтеріле білген білікті маманмен сұхбатымызда табыс кілті туралы ой бөлістік.

1. Серік Амангелдіұлы, алдымен өзіңіз басқарып отырған «Доссормұнайгаз» МГӨБ өндірістік көрсеткіштері туралы толығырақ айтып өтсеңіз.

- Бүгінде «Дассормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты 14 кен  орны бар. Қазіргі уақытта 7 кен орнында:     Байчунас, Қарсақ, Қошқар, Алтыкөл, Ботахан, Солтүстік Жолдыбай, Шығыс Мақат кеніштерінде мұнай өндірілуде.   Аталмыш кеніштерде 3178 ұңғы бұрғыланса, оның   438-і игеру ұңғысы, 120-і су айдау ұңғысы, су өндіру 7 ұңғы және 50 бақылау ұңғысы бар. Жылдың қорытындысы бойынша 2018 жылы жоспарланған мұнай өндіру мен тапсыру, сонымен қатар геолого – техникалық шаралар толықтай орындалды. 2019 жылдың I тоқсанында мұнай өндіру жоспары орындалып, қосымша 181  тонна өнім алуға қол жеткіздік.

2. Сіз жетекшілік ететін басқарманың ғасырдан астам бай тарихы бар десек, кен алаңдарының көпшілігі өнім өндірудің жоғары сатысында. Бұл жайт  өз кезегінде өндірістік көрсеткішке кері әсер ететіні де белгілі. Проблеманы қалай шешіп отырсыздар?

- Иа,басқарманың тарихы бай. Доссордағы №3 игеру ұңғысынан 1911 жылы  алғашқы мұнай бұрқағы атқылап, қазақ жерінде өнеркәсіптік игерудің бастамасы болса бүгінде қара алтынның игерілгеніне 118 жыл толып отыр. Шынын айту керек, «Дассормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының кен орындары өнім игерудің соңғы сатысында.  Сулану деңгейі жоғары, орташа 90% құрайды. Өнім өндіру мен тапсыру жоспарына айтарлықтай кері әсері бары рас. Біз бұл орайда жаңа әдістерді қолдануға мән беріп отырмыз.   Ұңғыларға жерасты күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп,  оның ішінде суланған аралықтарды шегендеу, пайдалану құбырының ақауларын бітеу, төменгі және жоғарғы қабаттарға көшу, қосымша арттыру, сонымен қатар  бұрғылау жұмыстары кең жүргізілуде. Жыл басында Шығыс Мақат кен орнына 2 игеру ұңғысына қабатты гидравликалық қысыммен жару арқылы қосымша тәулігіне 28 тонна мұнай алуға мүмкіндік орнаттық.   Алға қарайда осы жұмыстарды жалғастыру арқылы, жоспарды тұрақты орындауға қол жеткіземіз деп отырмыз. Бұдан өзге, өндіріске жаңа жобаларды енгізуді де қарастырудамыз.

3. Жаңа жобалардың тиімділігіне тоқталып өтіңізші. 

- Қазақстанда үлкен жобалар жүзеге асуда, солардың бірі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы «Ембімұнайгаз» АҚ-да алғашқылардың бірі болып қолға алынды.  Нәтижеміз жақсы.  «Дассормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Шығыс Мақат кен орнында    «Интеллектуалды кен орны» жобасы   басталды. Интеллектуалды кен орнынан алға қарай тиімділігін іске асыру күтілуде, оның ішінде кен орнындағы шығындарды оңтайландыру, ұңғымаларды жөндеу жұмыстарына жұмсалатын шығындарды азайту, электр энергиясын үнемдеу, ұңғылардың жөндеу аралық мерзімін ұзарту басты назарда. Бұл аталған жұмыстардың барлығы ғасырдан астам уақыт игеріліп келе жатқан «Доссормұнайгаз» басқармасы үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады деген сенімдеміз. 

4. «Ембімұнайгаз» АҚ-да жолға қойылған жақсы шараның бірі- «Үздік маман» шеберлік сайысының тұрақты ұйымдастырылуы.  Доссорлық мұнайшылар үш жыл қатарынан «Үздік маман» шеберлік байқауынан командалық есепте Бас жүлдені иеленіп келеді. Жетістіктің сырымен бөліссеңіз.

- Иа, Компания өз жұмысышыларының біліктілігін арттыруды үнемі назарда ұстап келеді. Осы мақсатта шеберлік, біліктілікті нығайту үшін әртүрлі шаралар жүзеге асуда. Соның бірі- «Үздік маман» сайысы. 

Басқарма мұнайшылары арасынан кәсібін шебер меңгерген үздік маманды таңдау –  біз үшін маңызды. «Үздік маман» шеберлік байқауына  қатынасушылар  теория мен практиканы шебер ұштастыруда барлық талаптарға сай болуды көздейді. Сол үшін үнемі ізденістерде болады.Жыл сайын ҚР Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында өтетін «Үздік маман» байқауы мұнайшы мамандардың кәсіби біліктіліктерін арттыруға септігін тигізетін әрі 5 мыңнан астам қызметкері бар үлкен ұжымның бірлігін, ынтымағын дамыту жолындағы игілікті шара.   Сол себепті, «Ембімұнайгаз» АҚ  басшылығы тарапынан үлкен көңіл бөлінуде.   Ал, егер біздің басқарма осымен 3 жыл қатарынан алдыңғы орыннан табылса, ол әрбір сайыскердің шараға үлкен мән беріп, аталмыш сайысқа ерекше дайындықпен келетіндіктерінің көрінісі. 

5. Сіз Ембідегі қызметіңізді қарапайым жұмысшыдан бастадыңыз. Мұнай дайындау операторынан басқарма бастығына дейін лауазым баспалдағымен сәтті көтерілдіңіз. 

- Маңғыстау облысы Жаңаөзен  қаласындағы Жаңаөзен мұнай техникумын 1996 жылы бітіріп «Мұнайды және газды өңдеу» мамандығын алып шықтым.    Бұдан кейін Алматы қаласындағы Қаныш Сатпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін тәмамдап, «Мұнай және газ кен орындарын игеру» мамандығын алдым.  Еңбек жолымды «Қайнармұнайгаз»  мұнай – газ өндіру басқармасына қарасты Кенбай кен орнына  мұнай дайындау операторлығынан бастадым. Өндірісте еңбек ете жүріп, біраз қызметтерді атқардым.    Цех шебері,  өндірістік техникалық бөлімнің жетекшісі, Компанияның мұнай және газ өндіру департаментінде,  Еңбекті және қоршаған ортаны қорғау департаментінде, Еңбекті қорғау және өнеркәсіп қауіпсіздігі бөлімдерінде қызмет атқардым. 

2014 жылы Компания басшылығы маған үлкен сенім артып, өзім еңбек жолымды бастаған «Қайнармұнайгаз»  басқармасының басшысы етіп тағайындады.     Әр сатының дамуы, өркендеу қарқыны,  қызығы мен қиыны қатар кездеседі. Мұнайшы  мамандығы  оңай жұмыс емес. Өндіріс көрсеткішіне тікелей әсер ететін әр ұңғының өнім беру деңгейін, оның ақауы мен тетігін табу –маманның әр кез ізденуін,  білімін тереңдетуін талап етеді. Ұжым басқару оңай емес, ол үлкен мектепті керек ететін үлкен жауапкершілігі мол міндет. Қол астыңдағы маманнан талап ету үшін алдымен өзің сол биіктіктен табылуың міндет. Мен үнемі осы талапқа сай болуға тырысамын

6. Сіз Компания тарапынан Италия елінде білім жетілдіріп келдіңіз. Үйренген жаңалықты Ембі өндірісіне қалай енгізіп жатырсыз? 

- Сөзімнің басында айтып өттім, біздің Компания басшылығы мамандарды қайта даярлауды жіті назарда ұстап келеді. Бұл орайда арнайы бағдарламаға сай мамандар алыс-жақын шет мемлекеттерде арнайы оқу курстарынан өтуде. 

Мен Италия еліндегі осындай  орталықтың бірінде білімімді жетілдіріп қайттым. Оқу орталығында  негізінен еңбек тәжірибесі бар жастарды мұнай саласына қатысты, оның ішінде түрлі мамандармен жұмыс жасау, ұйымдастыру, басқару, қаржы және экономика салаларын батыс тәсілімен оқытуға көңіл бөлінген.  Оқу барысында практикаға көбірек көңіл бөлінді. 

7. «Доссормұнайгаз» МГӨБ-не жаңадан басшы болып қызметке араласып жатырсыз. Қандай өзгерістер күтуге болады?

Әрбір басшының  басты мақсаты-   жұмысшылардың өмірі, олардың қауіпсіз ортада алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасау, мұнайшылардың отбасына аман - есен оралуын назарда ұстау. Әрине,  мұнай өндіру мен тапсыру жоспарларын тұрақты орындау жолындағы тың әдістерді өндіріске ұдайы енгізу негізгі мақсатымыздың бірінен саналады.  «Доссормұнайгаз» мұнай – газ өндіру басқармасында осы жолда жақсы жұмыс жолға қойылған, мен сол игі үрдісті тоқтатпай тиімді нәтижесін табуы жолында қызметімді жалғастырамын. 

Доссор өңірі-киелі мекен, қазақ мұнайының бастауында тұрған,  ғасырдан астам тарихы бар «қара шаңырақ». Біз байырғы кеніштің  болашағын түлету жолында еңбек етудеміз.  Осы мақсатта  Ботахан, Шығыс Мақат кен орындарында жер асты қорларын кері есептеу жүргізіліп,   2019-2020 жылдары геологиялық және алынатын қорларды көбейту  жолында үлкен шаралар қолға алынып жатыр.  Доссорлық мұнайшыларды алды үлкен жұмыстар күтіп тұр. Біз ауқымды жұмыстарды ұжым болып бірлесе  отырып атқарып, биік көрсеткіштерге қол жеткіземіз деген сенімдемін.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Дереккөз: «Ембі тынысы» газеті