Атырауда ұзындығы 1 шақырымға жуық горизонталды ұңғыма бұрғыланды

17 қараша, 2020

"Ембімұнайгаз" АҚ соңғы жылдары кен алаңдарында горизонталды ұңғымаларды бұрғылау технологиясын белсенді қолдануды қолға алды. Аталған технология – байырғы кен алаңдарында қалған қорды игеруге жол ашатын әдіс. 

"Бұл вертикалды ұңғымаларды алмастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қоршаған ортаға тасталар зиянды қалдықтардың көлемі азаяды. Мұндай әдіс игерілуі қиын кен орындарының өнім беру мерзімін ұзартады. Горизонталды ұңғымаларды бұрғылау әдісінің тиімділігі дәлелденді. Оның өнімділігі вертикалды ұңғымаларға қарағанда 8-10 есе жоғары болды. Сол себептен, 2021 жылы тек горизонталды ұңғымаларды бұрғылау жоспарланып отыр", дейді "Ембімұнайгаз" АҚ-ның кен орындарын игеру жөніндегі басқарушы директор Қайрат Көзов.

"Ембімұнайгаз" АҚ-ның кен алаңдарында екі жылда 14 горизонталды ұңғыма қазылған. Соның ішінде Гран кен орнындағы ең ұзын горизонталды секциясы да бар. Оның  ұзындығы 1 шақырымға жуықтайды.

Дереккөз: Egemen.kz