Атыраулық азамат Сарайшық музейіне жүзге тарта жәдігерді сыйлады

04 тамыз, 2020

Тарихшылар олардың сақтар дәуіріне жататынын айтып отыр.

«Ембімұнайгаз» АҚ жаңа техника және технология департаментінің директоры Рауан Сабиров «Хан Ордалы Сарайшық» музей кешеніне жүзге тарта құнды жәдігерді сыйға тартты. Музей қызметкерлері ойылған таңбалар бейнеленген қыш ыдыс, құмыра, кездік,  қола жебе, басқа да ескі дүниелерді б.ғ.д. IV-VI ғасырлардағы сақтар кезеңіне жатызып отыр.

Рауанның мұндай бай коллекцияның иесі болуы кездейсоқ емес. Оның әкесі – Аманқос Сабиров кезінде Қызылқоға ауданының облыстық музейін басқарған, өңірге белгілі кісі, Рауан бала кезінен әкесінің ауыл-үйлерді аралап, қолда сақталған көне дүниелерді, құжаттарды жинайтынына көзі қанығып өседі.

«Миялының арғы жағында Қызылқұм құмы бар, бала күнімізде сонда қой баққанда баяғы заманда қолданылған тұрмыстық заттар, оқ, жебелер шығып қалып жататын, мен соны әуестеніп жинай бердім. Кейде балалар тауып алған жебелерді қолдан жасалған садаққа қадап ойнайтынбыз. Кейін олар жайлы тарихи кітаптардан оқып, көп жайға қанықтық. Тарихқа деген қызығушылығымды қалыптастырған, сыры кетсе де сыны кетпеген мұндай құнды қазыналар ауылдағы үйде тіпті көп болатын», – деп есіне алады Рауан Сабиров. Біртіндеп оның хоббиін жақсы білетін жақын-жолдастары да жан-жақтан көненің көзі саналатын заттарды сыйға әкеліп бере бастайды.

Кейін уақыт өте геология саласына қызыға бастаған Рауан тарихи геологиялық карталар мен асыл тасты минералдарды жинай бастаған. Оның бұл коллекциясы қазіргі күні «Ембімұнайгаз» АҚ бас ғимаратындағы музейде сақтаулы.

Бірде ол балаларын ертіп, Алтын Орда дәуірінің астанасы болған  «Хан Ордалы Сарайшық» музей кешеніне барады. Музейге сол тұста шетелдіктер де барып жатыр екен. Ал бағалы жәдігерлердің біразын, түпснұсқаларын елдің бас музейіне алып кеткен. Рауан сол кезде-ақ бай коллекциясын сонда тапсырып, көптің игілігіне беру жайлы тоқтамға келеді. Бұдан бөлек, ол мұражайдағы киіз үйді безендіруге арналған түлкі терісін де қоса сыйлайды. Бұған дейін, музей мұндай аң терілерін ауыл адамдарынан уақытша жалға алып келіпті.

Туған елінің шын жанашыры деуге лайық, «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат мұнымен тоқтап қалмай емес. Қазіргі күні ол өзі сияқты елдің өткеніне, қазіргісі мен келешегіне бей-жай қарамайтын жандардың басын қосып, өз қаражаттарына аудандарға экологиялық экпедициялар ұйымдастыруда. Ондағы мақсат – Атырау облысының табиғат жағдайын жете зерттеп, қажет жерінде қорғап, көмек көрсету. Бұл сапарлар алдағы уақытта өз алдына бөлек әңгімелеуді қажет етеді.

Дереккөз: inbusiness.kz