Ембіде Кәсіподақ ұйымының жаңа төрағасы сайланды

19 қараша, 2021

 «Ембімұнайгаз» АҚ-ның (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) Бас кеңсесінде Кәсіподақ ұйымының кезектен тыс конференциясы өтіп, онда аталмыш ұйымның жаңа төрағасы сайланды. Жиынға компанияға қарасты барлық өндірістік басқармалардан   сайланған делегаттар қатысты.

Кәсіподақ ұйымының жаңа төрағасын сайлау көпшілік дауыспен ашық түрде өтті. Дауыс беру барысында конференцияға қатысқан 65 делегаттың 60-ы «Ембімұнайгаз» АҚ Кәсіподақ ұйымының төрағалығына үміткер Б.Нсанбаевқа дауыс беріп, Болат Мұратұлы ЕМГ Кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланды.  

- «Ембімұнайгаз» АҚ-ның басшылығы жұмысшылардың мүддесін қорғайтын кәсіподақ ұйымымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Біз ұжымдағы жұмысшының мүддесін қорғайтын кәсіподақ ұйымның  жұмысына әр кез  үлкен сеніммен қараймыз. Компания басшылығы үшін Кәсіподақ ұйымының қызметі – үлкен күш болуымен қатар,  5 мыңға жуық мұнайшының басын қосқан әлеуметтік маңызы бар іргелі ұйым. Сол себепті, Кәсіподақ ұйымының тыныс-тіршілігі мен оның ұстанған бағыты, оның жұмысының алға басуы біз үшін маңызды мәселенің бірінен саналады, - деп атап өтті Орталық басқару аппараты кәсіподақ комитетінен сайланған делегат, ЕМГ Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты ТАСМАҒАМБЕТОВА.

Жиын барысында Компанияның Кәсіподақ ұйымының соңғы 2 жылдағы қаржылық есебі тыңдалды. Сонымен қатар, Кәсіподақ ұйымының тексеру комиссиясының құрамы қайта сайланып, жаңа құрамы бекітілді.

 

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның ұйымдастыру бөліміне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09

 

Анықтама:«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы»  АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2020 жыл аралығында Ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 189 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 600 млн теңгеден астам қаражат аударды.