Ембіде Директорлар кеңесінің кезекті отырысы өтті

08 қыркүйек, 2021

Жиын барысындағы алғысөзінде «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ) Директорлар кеңесінің төрағасы, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары Жақып МАРАБАЕВ Атырау облысының даму перспективалары туралы айтып, ембіліктерді кәсіби мерекесімен құттықтады:

- Мұнай-газ саласы бюджетке түсетін барлық түсімдердің 40%-ға жуығын қамтамасыз етіп, елдің экономикалық дамуының локомотиві болып қала береді. Отандық мұнай өндірісін дамытудың флагманы Атырау облысы болып табылады. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында ғана өңірге 9,5 трлн. теңге инвестициялар мен бюджет қаражатын тарту жоспарлануда.

Ұлттық компанияның қатысуымен салынатын ірі жобалардың ішінде: арнайы экономикалық аймақта интеграцияланған газ - химия кешенінің құрылысы - полипропилен және полиэтилен өндірісі. Сондай-ақ, арнайы экономикалық аймақта газ бөлу қондырғысы мен этан желісін, бұған қоса, қуаттылығы жылына 190 мың тонна бутадиен каучуктерін шығаратын зауыт салу жоспарлануда.

Мақат ауданындағы Қашаған кен орнында өнімділігі 1,0 млрд. м3 газды кешенді дайындау зауыты салынады. Жыл сайын қосымша 12 млн тонна мұнай өндіруге мүмкіндік беретін «Теңізшевройл» ЖШС Болашақ кеңейту жобасы іске қосуға дайындалуда.

Атырау облысын дамытудың кешенді жоспары аясында алдағы 5 жылға халықты жұмыспен қамтуға, әлеуметтік инфрақұрылым мен экологиялық жағдайды жақсартуға, білім беру, денсаулық сақтау сапасын арттыруға және өңір тұрғындарының экономикасы мен әлеуметтік өміріндегі басқа да маңызды бағыттарға бағытталған 200-ге жуық жоба қарастырылған.

Облыстың дамуына отандық мұнай–газ саласының негізін қалаушы – келер жылы 100 жылдық мерейтойын атап өтетін «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының да өз үлесін қосатыны қуантады. Бүгінгі таңда Ембі Қайыршақты ауылдық округінің қала маңындағы Талқайран ауылында 243,2 гектар аумақты көгалдандыру жобасын іске асыра отырып, Атырау облысының экологиялық проблемаларын шешу бойынша Мемлекеттік Жол картасын іске асыруға белсенді қатысуда. Компания Атырау облыстық әкімдігіне пандемиямен күресу және мұқтаж жандардың әлеуметтік мәселелерін шешу үшін жалпы сомасы 870 млн теңге көлемінде қолдау көрсетті.

Компания ресурстық базаны кеңейту саласында белсенді қызметін жалғастырып жатқанын атап өткім келеді, оның аясында жаңа Қарасор кен орнында барлау бұрғылау жұмыстары басталды.

Сондай-ақ, мемлекет тарапынан газ өндіру үшін қолайлы жағдайлар жасалып жатқанын атап өткен жөн. Өздеріңізге белгілі, Прорва кен орнында 8,6 млрд.м3 көлеміндегі еркін газ сәйкес коммерциялық және қаржылық ұсыныстар түскен жағдайда әзірленуге дайын. Бұл бағыттағы алғашқы қадам жасалынды. Бұл – газ бағасының жаңа формуласы. Аталған мәселе ЕМГ басшылығының ерекше бақылауында болуы тиіс деп есептеймін.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Ембі басшылары атынан барлық ұжымды кәсіби мерекемен құттықтай отырып, қажырлы еңбегі мен қол жеткізген нәтижелері үшін алғыс айтамын, - деп атап өтті Ж.Марабаев.

Директорлар кеңесінің отырысы барысында 2022-2026 жылдарға арналған бизнес‐жоспар және 2022 жылғы бюджет жобасы қаралды, ағымдағы жылдың 7 айындағы еңбекті және қоршаған ортаны қорғау саласындағы көрсеткіштер талқыланды, негізгі тәуекелдер мониторингі бойынша есеп тыңдалды және 2022 жылы ЕМГ-ның 100 жылдығын тойлау бюджетінің жобасы қаралды. 

«Ембімұнайгаз» АҚ Ұйымдастыру бөлімі

 Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның ұйымдастыру бөліміне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09

Анықтама:«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы»  АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2020 жыл аралығында Ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 189 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 600 млн теңгеден астам қаражат аударды.