Ембіде арнаулы киім және жеке қорғаныс құралын тапсыру орталығы ашылды

11 маусым, 2021

«Ембімұнайэнерго» басқармасында арнаулы киім және жеке қорғаныс құралымен қамту жобасы пилоттық жүйеде  жүзеге асты.   Жобаның мақсаты - жеткізу мерзімін қысқарту, мұнайшыларға арналған арнайы киім мен басқа да жеке қорғаныс құралдарының (бұдан әрі-ЖҚҚ) сапасын арттыру. 

Маусым айының 11-і күні аталған басқарма базасында арнаулы киім және жеке қорғаныс құралын (ЖҚҚ) тапсыру орталығының ашылу рәсімі өтті. Арнаулы киім және жеке қорғаныс құралын (ЖҚҚ) тапсыру орталығының ашылу рәсіміне  компанияның топ-менеджерлері,   өндірістік-құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен   еңбекті және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қорғау бөлімдерінің жетекшілері қатысты. 

Өндіріс қызметкерлері үшін өзекті мәселенің бірі – арнаулы киімдердің және қорғаныс құралдарының ыңғайлы әрі қауіпсіз болуы.   Мұнайшыларды бұған дейін алаңдатып келген арнаулы киімнің дене өлшеміне сәйкес келмейтін мәселесі  енді толық шешімін табады. Іске қосылып отырған жобаның нәтижесінде  жұмысшылар өз дене өлшемдеріне сай арнаулы киімдермен дер кезінде қамтылады. Орталықтың тағы бір ерекшелігі- жүйе толық автоматтандырылған. Жұмысшының арнаулы киім және ЖҚҚ алған уақыты жүйеге тіркеліп, келесі алатын мерзімі SMS хабарландыру арқылы белгілі болады. Әрбір қызметкердің арнайы киімі жеке деректері бар штрих-кодпен таңбаланады. Қазір жоба сынақтан өтіп жатыр.  Өндірістік-құрылымдық бөлімшелердегі еңбекті және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қорғау бөлімдерінің жетекшілерінің сауалдары-ұсыныстарына сай жоба әлі де толықтырылады , - деп атап өтті ЕМГ Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Қанатбек Қасымғалиев.

Сервис орталығына арналған экскурсия барысында салтанатты шараға қатысушылар оралықтың заманауи тұжырымдамасымен – ресепшн-тұрағы бар күту залымен, киім өлшейтін орындарымен, қойма және тігін цехы бар жұмыс аймағымен танысты. Қазіргі уақытта   мердігер компания –«Тiгін индустриясы» ЖШС-гі  «Ембімұнайэнерго» басқармасының 540-қа жуық маманына  қызмет көрсетуде.

Пилоттық жоба шеңберінде енгізілетін бірыңғай кешенді жүйе кәсіпорынды ЖҚҚ қамтамасыз ету процестерін қамтуға және оңтайландыруға мүмкіндік береді. Егер бұрын арнайы киімді және аяқ киімді, ЖҚҚ жеткізу бойынша жұмыс схемасында 12 бизнес-процесс көзделсе, енді олардың саны 4-ке дейін қысқарды. Қазір SAP-пен синхрондалған, арнайы киімді есепке алу мен бақылауды жүргізуге және әрбір цех пен қызметкер бойынша кәсіпорынның қамтамасыз ету нормаларын бақылаудың, бухгалтерлік есептерді бақылаудың  мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, әрбір қызметкердің дербес деректері бар жеке кабинетінің болуы да артықшылық болып табылады, - дейді «Тiгін индустриясы» ЖШС-нің бас директоры Сергей ГРИГОРИАДИ.     

 Ашылу рәсімінен кейн шараға қатысушылар   орталықтың алдағы уақыттағы жұмыстары туралы ойларын ортаға салды.         

 

«Ембімұнайгаз» АҚ Ұйымдастыру бөлімі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның Ұйымдастыру бөліміне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы»  АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2020 жыл аралығында ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 189 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 600 млн теңгеден астам қаражат аударды.