Күрделі жөндеуден кейінгі жатақхана – Кенбайда

15 маусым, 2021

Кенбай кен алаңындағы №3 жатақхана күрделі жөндеуден кейін    пайдалануға берілді. Ауысымдық әдіспен еңбек ететін жұмысшылардың    алаңсыз еңбек етіп, демалуына барлық жағдайды жасау мақсатында кен алаңдарындағы әлеуметтік нысандарды жаңғырту жұмыстары кең қолға алынуда.

- Күрделі жөнеуден өткен мұнайшылар жатақханасының шатыры, есік, терезелері алмастырылды. Ғимараттың ішкі және сыртқы қас беттері  әктеліп,   инженерлік жүйелері жаңартылды. Нақтыласақ,  нысанның жылыту, желдету жүйелері мен  су құбырлары, кәріз, электрмен жабдықтау, өрт дабылы және  сыртқы жылу трассалары толығымен ауыстырылды. Жаңартылған жатақхана қажетті бөлмелермен, киім кептіретін, үтектейтін бөлмелермен, қажетті техникалармен толық қамтылған, - дейді «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы Айнұр Хаменова.

Айта кетейік, жатақханаларды заманға сай типтік жүйеге көшіру мақсатында 2018 жылы жылы 500-ге жуық адам жұмыс жасайтын аталған кен орнында 100 орындық модульдік жатақхана пайдалануға берілген болатын. 2020 жылы жатақханада күрделі құрылыс жұмыстары басталып, бүгінгі таңда толығымен аяқталып отыр.

- Компаниямыз жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үнемі көңіл бөледі. Біз мұны көріп, сезіп жүрміз. Жарқыраған, кең, жайлы жатақханамызға орналастық. Күні бойы өндірісте еңбек етіп, шаршаған мұнайшылардың алдынан ыстық дәмді тағам, демалатын жайлы орын күтіп тұрса, одан асқан не керек?! Кешкі бос уақытымызды да тиімді пайдалану үшін кен орындарындағы жатақханалар оқу бөлмесі, тынығу бөлмесі, ойын бөлмелерімен қамтылуда, - дейді Кенбай кен орнының мұнай-газ өндіру цехының пульт-операторы Кәмшат МАКУОВА.

 

«Ембімұнайгаз» АҚ Ұйымдастыру бөлімі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның Ұйымдастыру бөліміне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы»  АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2020 жыл аралығында ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 189 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 600 млн теңгеден астам қаражат аударды.