Ембіде жылдың қорытындысы сараланды

01 сәуір, 2021

«Ембімұнайгаз» АҚ-на (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) қарасты өндірістік құрылымдық бөлімшелерде ЕМГ Басқарма төрағасы Е.Қайыржанның еңбек ұжымдарымен есептік кездесулері өтті.  Оған Компания басшылығы мен мұнай-газ өндіру және сервистік басқармалардың жұмысшылары, кәсіподақ мүшелері қатысты.

- Өткен жыл пандемия мен мұнай бағасының төмендеуіне байланысты қиын болды. Қолайсыз факторларға қарамастан, біз ОПЕК+ келісімі шеңберінде мұнай өндіру бойынша шектеулерді ескере отырып және жекелеген кен орындарында газ факторының өсуі жағдайында өндірістік жоспарларды табысты орындадық. Жыл қорытындысы бойынша компания оң қаржылық балансты қамтамасыз етті. Сонымен қатар, республикалық және жергілікті бюджеттерге 98,2 млрд.теңге көлемінде салық төлеп, еліміздің ірі салық төлеушілер рейтингінде көшбасшылық позицияларын сақтап қалды. Біздің басты жетістігіміз – бірнеше жыл қатарынан өлім жағдайы тіркелмей, нөлдік көрсеткішті сақтап келуіміз. Жазатайым және жол-көлік оқиғаларының саны айтарлықтай азайды. Біз үшін бұл көрсеткіштер – дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсететін ең үздік жетістіктер болып табылады. Себебі, жұмысшыларымыздың өз отбасыларына аман-есен оралуы – біз үшін басты мақсат. Күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, Ембі мұнайшыларының әлеуметтік пакеті мен жұмыс орындарын сақтап қалуға қол жеткіздік.

Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникация орталығы жүргізетін әлеуметтік тұрақтылық индексін жыл сайынғы зерттеу қорытындысы бойынша, 2020 жылы компанияда әлеуметтік тұрақтылық индексі айтарлықтай жақсарды, -деді есептік жиын барысында ЕМГ Басқарма төрағасы Есен ҚАЙЫРЖАН. 

Есептік жиындар барысында Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Қанатбек ҚАСЫМҒАЛИЕВ 2020 жылдың қорытындысы бойынша Компанияның жұмысын жан-жақты баяндады. Өз сөзінде ол пандемия кезінде біріккен түрде жұмыс жасаған еңбек ұжымдарына компания басшылығы атынан алғысын білдірді.      

Жиындар барысында жауапты департаменттер мен қызметтердің жетекшілері қызметкерлерге біліктілік разрядтарын беру қағидалары, вахта мерзімінің өзгеруі, өндірісішілік жолдарды жөндеу, тренажер залдарындағы спорттық жабдықтарды жаңарту және т. б. бойынша келіп түскен сұрақтарға жауап берді.

  

«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама: «Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2020 жыл аралығында ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 189 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 600 млн теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.