Саланы дамытуға қосқан үлесіммен мақтанамын

14 желтоқсан, 2020

Еліміздің бас мерекесі - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты Нұрғалиқызы ТАСМАҒАМБЕТОВА «Құрмет» орденімен марапатталды.

Марапаттау шарасы Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының кеңсесінде «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығы, KAZENERGY Ассоциациясы басшылығы мен мүшелері, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ және еліміздің 17 аймағындағы кәсіпкерлер палатасы басшылығының қатысуымен ұйымдастырылған бейнеконференция барысында өтті. 

- Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткізуі, еліміздің мұнай-газ саласының дамуына тың серпін берді. Салаға қыруар инвестиция тартылып, жаңа жобалар жүзеге асты. Өндіріс процестері автоматтандырылды. Сол арқылы, мұнайшылардың ауыр жұмысы мен әлеуметтік жағдайына қолдау айтарлықтай артты. Мен қазақстандық мұнай-газ саласының одан әрі дамуына үлес қосып жүргенімді мақтан етемін, - деді Р.Тасмағамбетова өз сөзінде.

Айта кетейік, «Құрмет» ордені азаматтарға экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті, білім беруді дамытуға сіңірген еңбегі үшін, мемлекеттік органдардағы үлгілі қызметі және белсенді әлеуметтік қызметі үшін беріледі.

 

«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама: «Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2020 жылдың тоғыз ай аралығында ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 119 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 392 млн теңгеден астам қаражат аударды.

 «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.