Курс экономикалық тиімділікке

24 қараша, 2020

20-қарашада «Ембімұнайгаз» АҚ-ның (бұдан былай ЕМГ немесе Компания) өндірістік құрылымдық бөлімшелерінің (бұдан былай ӨҚБ) қаржылық-шаруашылық қызметінің нәтижесі бойынша ағымдағы жылдың 9 айлық   қорытындысын шығарды. Есептік жиналысқа компанияның басшылығы, жауапты департамент, қызмет және ӨҚБ  бөлімдерінің  жетекшілері қатынасты.  

Есептік жиналыс алғаш рет С.Өтебаев атындағы  Атырау мұнай және газ университетіндегі  Н.Ө.Балғымбаев атындағы коммуникацияны дамыту орталығының кең залында өтті. Аталмыш шараның ұйымдастырылу уақыты ҚР мұнай-газ өндірісінің алғашқы министрі Балғымбаев Нұрлан Өтепұлының туған күнімен сәйкес келуіне орай, ембіліктер майталман мұнайшыны бір минут үнсіз еске алды.

ЕМГ басқарма төрағасы Есен ҚАЙЫРЖАН шараның ашылу рәсіміндегі кіріспе сөзінде еңбекті қорғау және өндірістік қызметтегі қол жеткізген табыстары үшін ӨҚБ барша еңбек ұжымына, басшылығына алғысын білдірді:

- «ҚазМұнайгаз» ҰК» АҚ басшылығымен өткен директорлар кеңесінде ағымдағы жылдағы компанияның қызметіне оң баға берілді. Бас компания басшылығының атынан және жеке өз атымнан пандемия кезіндегі қиын жағдайда еңбек еткен барлық өндірістік құрылымдық бөлімшелердің еңбек ұжымына алғыс айтамын. Бүгінгі шараның мақсаты- дөңгелек үстел басында жиналып, атқарған жұмыстың қорытындысын шығару, ортақ міндеттеріміз бен мақсатымызға жету үшін ортақ келісімге келе отырып, нәтижелі жұмысты жалғастыру. Барлық ӨҚБ-дің өндірістік және қаржылық есептері  алғаш рет жаңа форматта тыңдалып отыр. Жаңа формат олардың тараптарынан компания жұмысының тиімділігін арттыру мен бюджеттік тәртіпті күшейтуге қосқан үлестерін арттырады.  Қазіргі жағдай - мұнай бағасының құлдырауы мен мұнай өндіру көлемін шектеу туралы  ОПЕК+ келісімінің аясында, шығындардың құрылуына деген жауапкершілікті еселеп арттырады. Бұл талап еңбекті қорғау мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға кетер шығынға ғана қатысты емес. Бұл бағыттарға қаржыны үнемдеуге болмайды,-деп атап өтті өз сөзінде Ембінің басшысы.

Жиналыс барысында ӨҚБ басшылары аталған мерзімдегі еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі, өндірістік көрсеткіштер, күрделі құрылыс пен негізгі жабдықтарды күрделі жөндеу  динамикасы бойынша есептерін берді.

Үзіліс кезінде есептік жиналысқа қатысушылар үшін Орталық коммуникация ғимаратындағы интерактивті мұражайға, оқу аудиторияларына экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсия барысында Атырау мұнай-газ университетінің ректоры Гүлзада ШАКУЛИКОВА оқу ордасына көрсеткен қолдауы үшін Е.Қайыржанға «Алтын әріптес» естелік сувенирін тарту етті. Шараның екінші жартысында ембіліктер жобаларды басқарудағы жаңа әдістер бойынша тренингке қатысты.

 

«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі 

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама: «Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан  бастап 2020 жылдың бірінші жартыжылдығы аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 177 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 600 млн теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.