KLPE және ТШО «Газ айыру қондырғысын» жобалау кезіндегі өзара іс-қимылдың негізгі талаптары бойынша келісімге қол қойды

20 тамыз, 2020

2020 жылғы 18 тамызда «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ (бұдан әрі – Қор) Басқарма төрағасы Ахметжан Есімов және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (бұдан әрі – ҚМГ) Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев Атырау облысының өндірістік кәсіпорындарына іссапармен барды.

Іссапар барысында Қордың портфелдік компанияларымен жиналыс өткізіліп, онда басқа мәселелермен қатар Атырау облысындағы қуаты жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін зауыт құрылысының жобасы талқыланды. Еске сала кетейік, бұрын жобаның серіктесі «Borealis» компаниясы болған еді. Алайда COVID-19 инфекциясының таралуы мен мұнайдың төмен бағасына байланысты туындаған жаһандық дағдарыстың салдарынан инвестицияларды шектеуге мәжбүр болған «Borealis» жобаның іске асырылуына қатыспау туралы шешім қабылдады. Соған қарамастан, Қор мұнай-газ химиясы саласын дамыту мақсатында «KLPE» ЖШС (ҚМГ басқаратын компания) арқылы жобаны іске асыруды жалғастыруда. ҚМГ жетекшілігімен жұмыс едәуір ілгеріледі. Атап айтқанда, ҚМГ ұсынған технологиялық тәсілдің тиімділігі айқындалды.

Болашақ зауытқа шикізатты үздіксіз жеткізіп тұру үшін қазіргі уақытта қуаты 9,7 млрд м3 Газ айыру қондырғысын (ГАҚ) жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Аталған қондырғы этаннан құрғақ газ алу үшін қажет. Мұндай кешен Қазақстанда бұрын-соңды болған емес. Газ айыру қондырғысы Теңіз кен орнының аумағында орналасады деп жоспарланып отыр. Бұл полиэтилен өндіретін зауытқа шикізатты жеткізу тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ең оңтайлы шешім болып табылады.

Бүгінгі таңда «Теңізшевройл» ЖШС-мен (ТШО) бірге Газ айыру қондырғысының техникалық-экономикалық негіздемесін (Pre-FEED) әзірлеу аяқталды.

«KLPE» ЖШС және ТШО арасындағы ГАҚ жобалау кезіндегі өзара іс-қимылдың негізгі талаптары жөніндегі келісім келесі кезеңге көшуді қарастырады – ол жобалау-сметалық құжаттаманы (FEED) әзірлеу. Келісімнің мақсаты ГАҚ жобалау кезінде KLPE және ТШО арасында өзара іс-қимылды бекіту болып табылады. Осындай ауқымды нысанның FEED жиынтығын әзірлеуді ТШО-ның қолдауымен отандық «KLPE» ЖШС жүзеге асыратын болады.

 Анықтама:

«KLPE» ЖШС акционерлері – «Біріккен химиялық компания» ЖШС және «Полимер Продакшн» ЖШС. 2019 жылғы 26 маусымда «KLPE» ЖШС ҚМГ компаниясына сенімді басқаруға берілді. 2019 жылы оң экономикалық көрсеткіштерімен жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстары аяқталды. Жоба ішкі және сыртқы нарықтарда сату үшін жылына 1,25 млн тонна ірі тонналық полиэтиленді жасауға және өндіруге бағытталған.