«Ембімұнайгаз» АҚ-ның (бұдан былай ЕМГ немесе Компания) Бас кеңсесінде Еңбек және қоршаған ортаны қорғау саласындағы 2023 жылдың 9 айлық қорытындысына арналған есептік жиын өтті. Оған Компанияға қарасты өндірістік-құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен Орталық басқару аппаратының жауапты мамандары, мердігер мекемелердің басшылары қатысты.
Еңбек және қоршаған ортаны қорғау мақсатында жыл басынан бері тоғыз ай мерзім ішінде атқарылған шаралардың есебіне арналған кеңейтілген жиында ЕМГ Бас директоры Сәбит Арынов Ембі өндірісінің жалпы көрсеткіштеріндегі басымдыққа ие негізгі шараларды атап өтті.
«Компания үшін басты құндылық – жұмысшының өмірін сақтай отырып, өндіріс жоспарын орындау. Ембі кен алаңдарында өндіріс қауіпсіздігін сақтауға үлкен жауапкершілікпен қарай отырып, барлық мердігер мекемелердің мамандарынан да талап етеміз. Сонда ғана біз көздеген мақсатымыз – өндіріс саласындағы қауіпсіз еңбек жүйесін қалыптастыра аламыз» - деп атап өтті өз сөзінде С.Арынов.
Кеңейтілген жиында ЕМГ-нің соңғы 9 айдағы еңбек және қоршаған ортаны қорғау барысындағы өндіріс көрсеткіштері 2022 жылдың осы мерзім ішіндегі нақты мәліметтермен салыстырмалы түрде баяндалып, талдау жасалды.
«Ембімұнайгаз» АҚ аталған мерзім ішінде өндіріске байланысты жазатайым оқиғалар бойынша, нақтыласақ, адам өміріне қауіп төндірген қатерлі апатты жағдай, өрт қауіпсіздігінен, жол-көлік оқиғаларынан нөлдік көрсеткішке қол жеткізіп отыр.
Соңғы 7 жыл ішінде қоршаған ортаға ластаушы заттардың шығындыларын тастау 50%-ға, факельдерде шикі газды жағу көлемі 93% -ға, тарихи мұнаймен ластанған жерлерді рекультивациялау 717,45 мың тоннаға азайған.
«Ембімұнайгаз» АҚ-ның 2023 жылдың 9 айлық қорытындысына арналған есептік жиынында ЕМГ бойынша алдағы уақытта қолға алынар нақты ісшаралар жоспары пысықталды. Тиісті маммандарға тапсырмалар берілді.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың 5 қазан күні Астана қаласында өткен «Қауіпсіздік мәдениетін дамытудағы көшбасшылық» тақырыбындағы Бас директорлардың дәстүрлі VIII форумында қоршаған ортаны қорғауға қосқан зор үлесі, келісімшарт аясында бекітілген аумақтағы тарихи ластанған жерлерді тазартуды толық аяқтағаны және Атырау қаласы маңында жасыл белдеу құруға қатысты Меморандумға сәйкес 9 мыңға жуық көшет отырғызғаны үшін «Ембімұнайгаз» АҚ-ның ұжымы жоғары марапатқа ие болды.
Сонымен қатар, «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының өндіріс шебері Ерболат Қуанышалиев еңбек және қоршаған ортаны қорғау, қауіпсіздік саласындағы қауіп-қатерлерді басқаруға мүмкіндік беретін қауіпсіздік «Қорғау» картасының үздік бақылаушысы деп танылып, арнайы сертификатқа ие болды.
БАҚ-пен байланыс үшін:
Индира САТЫЛҒАНОВА: І.Satylganova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-34-66
Гүлжан ӘмІрова: G.Amirova@emg.kmgep.kz, +7 (7122) 99-32-09
Анықтама:
«Ембімұнайгаз» АҚ - «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен-Атырау-Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2022 жыл аралығында Ұлттық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 472 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға - 5 млрд 640 млн теңгеге жуық қаражат аударды.