«Балалық шақтың бақытты аралы» қайырымдылық концертін өткізді

23 маусым, 2022

22 маусым күні «Құрманғазы» мәдениет үйінде «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) 100 жылдығына орай компания қызметкерлерінің және мүмкіндігі шектеулі балалардың қатысуымен «Балалық шақтың бақытты аралы» қайырымдылық концерті өтті.

Шарада «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты өндірістік-құрылымдық бөлімшелер қызметкерлері мүмкіндігі шектеулі балалармен жұп болып, ән салды.

- «Ембімұнайгаз» компаниясының 100 жылдығына арналған шаралар жалғасуда. Ерекше балалар компания қызметкерлерінің үнемі қамқорлығында келеді. Бүгінгі шараның мақсаты - ембіліктер мен ерекше балалардың арасындағы байланысты нығайта түсіру. Осы орайда, біздің ұсынысымызды қабыл алып, сахнада өнерлерін көрсетіп, тамаша кештің куәсі болуға мүмкіндік жасаған балалар мен олардың ата-аналарына алғысымызды білдіреміз. Мерейтойға арналған шараларымыз әлі де жалғасын табатын болады, - дейді ЕМГ әлеуметтік саясат және  әкімшілік қамтамасыз ету департаментінің директоры Қуандық КАЛИДУЛЛИН.

 «Ембімұнайгаз» компаниясының дер кезінде созылған көмек қолы бірнеше бүлдіршінді ауыр дерттен арашалап қалды. Солардың бірі – Жанель Жұмағалиева мен ата-анасы осы кештің құрметті қонағы болды. Шара барысында ЕМГ Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты Тасмағамбетова кеш қонақтарына арнайы сый-сияпат табыстап, шараға қатысушыларды Алғыс хатпен, сыйлықтармен марапаттады.

Жиын барысында Ембінің 100 жылдығына орай арнайы шығарылған гимннің тұсауы кесіліп, ембілік мұнайшыларға арналған ән алғаш рет сахнада орындалды. Гимннің сөзін жазған, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Махамбет сыйлығының иегері, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты - Әлия Дәулетбаева, музыкасын жазған - белгілі композитор, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері  Болат Қохаманов.

Компания қызметкерлерінен құралған топ ембілік мұнайшыларды қанаттандыратын әнді нақышына келтіріп орындады.

                                                        

 

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның ұйымдастыру бөліміне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-32-09

Индира САТЫЛГАНОВА І.Satylganova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-34-66

Анықтама: «Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы»  АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2021 жыл аралығында аралығында Ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 303 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 900 млн теңгеге жуық   қаражат аударды.