«Ембімұнайгаз» АҚ-ның 100 жылдығына орай Жас мамандар күні өтті

10 маусым, 2022

«Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немемсе Компания) 100 жылдығына орай «Жас мамандар күні» шарасы «100 жыл мұрамызды сақтап, салтымызды жалғастырудамыз» ұранымен өтті. Компанияға қарасты өндірістік-құрылымдық бөлімшелерден 140 жас маманның басын қосқан шара 2 күнге созылды.

Алғашқы күні жас мамандармен «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Есен Қайыржан кездесіп, сәттілік тіледі.

- Жас мамандар күнін өткізудегі мақсатымыз – жастарды компанияның өндірістік және стратегиялық міндеттерін шешуге белсенді атсалысуға ынталандыру, сондай-ақ, жас мамандардың кәсіби дамуына жағдай жасау, жас мамандардың бойында корпоративтік құндылықтарды қалыптастыру болып табылады. Компанияның 100 жылдығына арналған іс-шаралар аясында жас мамандарға арналған форумның өткізілуі үлкен мағынаға ие, - деп атап өтті Е.Қайыржан.

Акт залында өткен кездесуде сөз алған ЕМГ Қызметкерлерді басқару және еңбекке ақы төлеу департаментінің директоры Гүлбану Шарафетдинова шараға қатысушыларды Жас мамандар күнінің жадынамасымен таныстырды.

- Биылғы шараның маңыздылығы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның құрылғанына 100 жыл толуына орай өткізілуінде болып отыр. Әрқайсысыңыз осы ғасырлық тарихы бар компанияда бір кірпіші болып қаланып, тарих қойнауына өз ізіңізді қалдырып жатырсыздар. Жарқын болашақтың кепілі – білімді де білікті жастардың қолында деген қағиданы ұстанатын «Ембімұнайгаз» компаниясы сіздерге – жас мамандарға үлкен үміт артады, - деп атап өтті Г.Шарафетдинова.

«Бесікті» демалыс базасында өткен форумның алғашқы күнінде жас мамандар командаларға бөлініп, пейнтбол мен «Этно-стиль» тимбилдингі ойындарына қатысты. Айтып өтсек, асық ату, ләңгі тебу, бұқа тартыс, «көкпар», садақ ату және т.б.  Шара соңында командалық және жекелей спорт түрлерінің жеңімпаздары мен белсенділікпен қатысқан жас мамандарға және номинациялар бойынша барлық қатысушыларға дипломдар мен сертификаттар, сыйлықтар табыс етілді.

Форумның екінші күні «Ренессанс» қонақ үйі залында жалғасты. Мұнда жас мамандар «Өтірік» («Ложь») импрессивтік спектакліне қатысты. Сондай-ақ, Корпоративті мәдениет негіздері және корпоративтік құндылықтар»; «Әлеуметтік желілердегі мәдениет»; «Жеке қаржыны басқару» және Математикалық тұрғыдағы ойынқұмарлық» тақырыптарда корпоративті шеберлік сыныптары өткізілді.

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында орналасқан Н.Балғымбаев атындағы орталықта ұйымдастырылған «Ембі live» шарасы барысында «Жас мамандар күні» аясында өткізілген «Үздік жобалар» байқауының жеңімпаздарын ЕМГ Басқарма төрағасы Есен Қайыржан арнайы статуэткамен, сертификатпен марапаттап, құттықтады. Байқауға мұнай-газ саласы бойынша 18 жұмыс түсті.  Арнайы құрылған комиссия мүшелері барлық жобамен танысып, «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының (МГӨБ) «Қосшағыл» цехының шебері Ислам Сабыр мен осы басқарманың 4-інші разрядты КИПиА слесарі Қаби Қалыбектің (мұнай және газ өндіру процестерін арттыру, өндірістік көрсеткіштерді жақсарту бағытындағы жоба), «Қайнармұнайгаз»  МГӨБ операторы Төлеу Бағытжановтың (кен орындарын тиімді игеру, геологиялық-техникалық шаралар бағытындағы жоба) және «Доссормұнайгаз» МГӨБ инженері Лаура Тұрсынбаеваның (қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жоба) жобаларын үздік деп таныды. Сонымен қатар, ЕМГ басшысы байқауға қатысқан барлық қатысушыларды Алғыс хатпен марапаттады.

Жиын барысында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова  оқу орнының «Алтын серіктесі» атағы сыйлығын, сонымен қатар, сала бойынша мамандарды магистратурада оқытуға 3 грант  ЕМГ Басқарма төрағасына табыс етті.

Белгілі тележүргізушілер Еркебұлан Мырзабек пен Марат Оралғазинның жүргізуімен өткен «Ембі live» кешінің қонақтары ЕМГ бас технологы Марат Елеусінов, футзалдан Еуропаның үздік бомбардирі Біржан Оразов, триллер жанрындағы отандық 5:32 фильмінде басты рөлдерді сомдаған актерлер, әншілер Әбілмансұр Серіков пен Қобыланды Болат болды.  Сонымен қатар, Kalifarniya, Айқын «Ембі live» сахнасында өз өнерлерін ортаға салды.

 

 

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның ұйымдастыру бөліміне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-32-09

Индира САТЫЛГАНОВА І.Satylganova@emg.kmgep.kz тел: 8 (7122) 99-34-66

Анықтама: «Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы»  АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2021 жыл аралығында аралығында Ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 303 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 900 млн теңгеге жуық   қаражат аударды.