Доссорлық мұнайшылар 2 отбасыға баспана алып берді

30 қараша, 2021

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының ұжымы игі істің ұйытқысы болып, Мақат ауданындағы екі отбасына баспана кілтін табыс етті. Қоныстой шарасына ауыл ардагерлері, Доссор кентінің әкімі Б.Ермеков, Мақат кентінің әкімі Е.Ермағанбетов «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Қ.Қасымғалиев, «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы С.Әбдиев, басқарма ұжымы қатысып, үй иелерін құттықтады.

- Қазақ халқы ежелден мұқтаж жандарға көмек көрсете білген. Аудандық әкімдікпен және мәслихатпен ақыдаса отырып, «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы жұмысшыларының өз еркімен жинаған қаражатына 2 жанұяға баспана кілті табысталғалы отыр. Қиналған жанға сүйеу бола білген доссорлық мұнайшыларға «Ембімұнайгаз» АҚ атынан алғысымызды білдіреміз. Мұнайшылардың ауданның әлеуметтік ахуалын жақсартуға қосқан үлесі – бұл, - деп атап өтті «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Қанатбек ҚАСЫМҒАЛИЕВ баспана кілтін табыстау шарасында.

Солдатбай Тұқырбаев пен жұбайы Тоты Сәрсембаева – ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар. Бұған дейін саман тастап салынған апатты жағдайдағы үйде тұрып келген. Отбасының әлеуметтік жағдайын ескерген  доссорлық мұнайшылардың қолдауымен Доссор кентіндегі 3 бөлмелі тұрғын үйдің иесі атанды.

Ал, мақаттық жалғызбасты ана Гүлсім Қабдрешова көп жылдан бері үй жалдап келеді. Доссорлық мұнайшылар 3 баланың анасына 2 бөлмелі пәтер сатып алып берді.

Сондай-ақ, Доссор кентінің әкімі Болат ЕРМЕКОВ, Мақат кентінің әкімі Ербол ЕРМАҒАНБЕТОВ қашанда сауапты істің жанынан табылып жүретін аудан мұнайшыларының ауызбірлігі мен мәрттігі көпке үлгі екендігін атап өтіп, абырой биігінен көрінген өндірістік басқарма ұжымына ризашылықтарын білдірді.

 

 

            Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның ұйымдастыру бөліміне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09

 

Анықтама:«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы»  АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2021 жылдың 11 айы аралығында аралығында Ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 303 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 900 млн теңгеге жуық   қаражат аударды.