«Ембімұнайгаз» АҚ-да жаңа Ұжымдық шарт бекітілді.

10 желтоқсан, 2021

«Ембімұнайгаз» АҚ-да (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) 2022-2026 жылдарға арналған жаңа Ұжымдық шарт бекітілді.

Жиынға Компания басшылығы, ЕМГ Кәсіподақ ұйымының жетекшілері мен Өндірістік-құрылымдық бөлімшелердің басшылары қатысты. Жұмыс беруші тарапынан ЕМГ Басқарма төрағасы Есен Қайыржан мен жұмысшылар тарапынан ЕМГ Кәсіподақ ұйымының төрағасы Болат Нсанбаев жаңа құжатқа қол қойды.

- Қарапайым еңбек адамының мүддесін қолдау - біздің басты мақсатымыз. Жұмыс беруші мен жұмысшының мүддесін қолдайтын Кәсіподақ ұйымының жетекшілері бірлесе отырып, ұжымның әлеуметтік жағдайын одан сайын жақсарта түсу бағытында ауқымды жұмыстарды атқардық. Ең бастысы, қандай жағдайда болмасын жұмысшы біздің әркез қолдауымызды сезіне алуы керек. Біз жаңа Ұжымдық шартта осы маңызды міндеттен табылуға тырыстық, - деп атап өтті өз сөзінде ЕМГ Басқарма төрағасы Есен ҚАЙЫРЖАН.

Компанияға қарасты барлық басқармаларда жаңа Ұжымдық шарттың жобасы ағымдағы жылдың жаз айларынан бастап кең талқыға түсті. Ұжымдарда болған кездесу, кеңесу барысында 35-ке тарта ұсыныс түсіп, олардың көпшілігі құжатты дайындау барысында назарда ұсталынды.

2022-2026 жылдарға арналған жаңа Ұжымдық шартта ембілік мұнайшыларға ұсынылып келген әлеуметтік қолдаулар толықтай сақталды. Жаңа құжатқа жұмысшыға ұсынылатын кепілдіктер мен өтемақылар, соның ішінде, мұнайшылар мен олардың отбасыларын емдеу және сауықтыру шығындары, еңбек қауіпсіздігі талаптары толықтырыла енгізілді.

Айта кету керек, бұған дейінгі 2014-2021 жылдар аралығындағы ЕМГ-нің Ұжымдық шарты әлеуметтік сақтандыру номинациясы бойынша үздік деп танылып, республикалық «Парыз» сыйлығын иеленген болатын.

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның ұйымдастыру бөліміне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09

 

Анықтама:«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы»  АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» компаниясы акционерлік қоғам болып құрылған 2012 жылдан бастап Компания 2021 жылдың 11 айы аралығында аралығында Ұлтық қор, республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн 303 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға – 4 млрд 900 млн теңгеге жуық   қаражат аударды.