Әлеуметтік жауапкершілік

Компания акционерлік қоғам ретінде құрылған 2012 жылдан бүгінгі күнге дейін республикалық және жергілікті бюджетке салық түрінде 696 млрд. теңге шамасында, өңірлік инфрақұрылымды дамытуға 2,8 млрд. теңге,  демеушілік пен қайырымдылық ретінде 2,3 млрд. теңге қаражат бөлді.

Компания қаражатына Атырау облысының аудандарында балабақшалар, бюджеттік мекемелер қызметкерлеріне арналған тұрғын үцлер, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, мәдениет үйлері және т.б. нысандар бой көтеруде. Өңірлік инфрақұрылымды дамыту  бағдарламасы аясында 2017 жылы «Ембімұнайгаз» АҚ 840 млн. теңге бөлді. 

2016-2017 жылдары бөлінген қаражат игеріліп, биыл бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Атап айтсақ, Қызылқоға ауданының Сағыз және Тасшағыл ауылдарындағы екі пәтерлік 5 үй, 100 орындық балабақша, Мақат ауданындағы 300 орынға негізделген О.Сарғұнанов атындағы орта мектеп, Исатай ауданының Тұщықұдық және Жанбай ауылдарындағы «Құлыншақ» балабақшасына жапсаржай және 200 орындық Мәдениет үйі.  

Қазіргі таңда Қызылқоға ауданының ауылдарында 424 орындық орта мектептің, 290 орындық балабақшаның, фельдшерлік-акушерлік бөлімшенің, бюждеттік мекеме қызметкерлеріне арналған 10 үйдің, Исатай ауданының Аққыстау ауылындағы 160 адамға негізделген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары жалғасуда.

Сонымен қатар, келісімшарт міндеттемелеріне сәйкес Компания қазақстандық мамандарды даярлауға: Компания қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға және қазақстандық студенттердің жоғары және арнаулы орта оқу орындарындағы оқу ақысын төлеу мақсатында қомақты қаржы бөліп отыр.

«Ембімұнайгаз» АҚ жыл сайын спорттық және қоғамдық ұйымдарға демеушілік, ота мен оңалту емдеріне мұқтаж балаларға, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына қайырымдылық көрсетіп келеді.