Жастар саясаты

«Ембімұнайгаз» АҚ-ның (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) Жастар саясаты жас мамандардың кәсіби және интеллектуалдық потенциалын арттыру, шығармашылық белсенділігін дамыту үшін сапалы және тиімді мүмкіндіктерді ашуға бағытталған.

2019 жылдың шілде айындағы мәліметке сәйкес, Компанияда 33 жасқа дейінгі 750-ге жуық жас маман еңбек етеді. 

2013 жылдан бері Компанияда жас мамандарды еңбек ұжымына бейімдеу, ұжымдық мәдениет пен құндылықтарға тәрбиелеу мақсатында құрылған Жас мамандар кеңесі (бұдан әрі ЖМК) өз жұмысын сәтті жүргізіп келеді.

 

Жас мамандардың тұлғалық дамуы мен кәсіби біліктіліктерін арттыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылуда: көшбасшылық және іскерлік қасиетін дамыту мақсатындағы тренингтер, өзге мұнай-газ өндіру кәсіпорындарында тағылымдамадан өту шаралары, ұжымдық салалық ғылыми-техникалық байқаулар мен конференциялар, форумдар, патриоттық шаралар, спорттық жарыстар, Жас мамандар күні, қайырымдылық акциялар және т.б.

Жыл сайын жас мамандар Компанияның өндірістік және қоғамдық жұмыстарына белсене қатысып келеді.

2015-2016 жылдары Компания қызметкерлерінің, соның ішінде, жас қызметкерлердің ұйымдастыруымен Атырау қаласында болған нөсер жауын салдарынан зардап шеккен тұрғындарға бір күндік жалақы есебімен  көмек көрсету арқылы қайырымдылық жасалды. Ембіліктер жинаған қаражатқа 2015 жылы тәрбиесінде мүмкіншілігі шектеулі балалары бар Атырау қаласындағы 4 отбасының баспанасына күрделі жөндеу жүргізіліп, жылғызілікті бір қарияға жаңа баспана салынып берілсе,  2016 жылы Атырау қаласындағы балаларының екеуі ауыр дертке шалдыққан көп балалы отбасыға жаңа баспана салынды.

 

2017 жылдың қорытындысымен Компанияның ЖМК  «Жыл адамы» қалалық байқауында «Үздік жастар комитеті» номинациясын жеңіп алды.

Ембілік жас мамандар Компанияның өзге де қызметкерлерімен қоса мемлекеттік органдардан көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарына көмек көрсету туралы үндеу келіп түскенде, мұнайшылар бірауыздан жалақыларынан қаражат бөлу жөнінде шешім қабылдады. ЕМГ ЖМК Шығыс Қазақстан облысының Жастар ресурсымен тікелей байланыс орнатып, нәтижесінде үйлері суға кетіп, жарамсыз деп танылған Малеевск, Зубовск және Зырян қаласы маңының тұрғындарына 4 пәтер мен 3 үй алынды.  

 

«Рухани жаңғыру» бағдарамасын іске асыру мақсатындағы «Үстірт ескерткіштеріне – ел тағзымы» республикалық акциясы аясында ЕМГ өндірістік құрылымдық бөлімшелерінің жас мамандары Атырау облысының тарихи-мәдени жерлеріне сенбіліктер ұйымдастырып, тазалық жұмыстарын жүргізді. 

 

Ембіліктер балаларды да ерекше қамқорлыққа алып келеді. Жыл сайын қайырымдылық жәрмеңкелері ұйымдастырылып, одан түскен қаражатқа әлеуметтік аз қамтылған отбасылар балаларына сыйлық алынады. 2018 жылы ембілік жас мамандар денсаулығына байланысты үйден білім алатын 50 бүлдіршінге жаңажылдық сыйлықтар табыстады.  

Ұлыстың ұлы күні қарсаныңда Компания ұжымы Басқар­ма төрағасы Ә.Е.Жақсыбековтің бас­тамасымен әлеуметтік жағдайы төмен атыраулық 10 отбасыға қайы­рымдылық көмек көрсетті. 

Биыл ақпан айында Жас мамандар кеңесінің ұйымдастыруымен компанияның бас кеңсесінде патриоттық рухты дамыту мақсатында Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына арналған жауынгер-интернационалистермен кездесу өтті. 

 

Қазақстан мұнайының 120 жылдығы мен Жастар жылына орай  Компанияның жас мамандары арасында тимбилдинг шарасы мен «Брейн-ринг» интеллектуалды ойыны өтті.