Кадр саясаты

Компанияда 5 мыңнан астам  адам еңбек етуде. Ұжымның сапасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

«Ембімұнайгаз» АҚ мерзімінен бұрын (58 жастан бастап) зейнеткерлік демалысқа шығу Бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама бойынша еңбек өтілінің көпшілігін ауыр жұмыста өткізген, денсаулығында кінәрат бар мамандар мерзімінен бұрын зейнеткерлік демалысқа шығуға мүмкіндік алып отыр. Бағдарлама іске қосылған 2014 жылдан бастап     бүгінгі  күнге дейін Компанияға қарасты басқармалардан 162 жұмысшысы мерзімінен бұрын зейнеткерлік демалысқа шықты. 

Келісімшарт аясында Компания әлеуметтік жобаларға, соның ішінде, қазақстандық мамандарды даярлауға баса мән беріп келеді. 2015 жылдан бері қазақстандық мамандарды дайындау мақсатында екі жаңа жоба іске қосылды. Олар: Дуалдық оқу бағдарламасы мен Стипендия төлеу бағдарламасы.

2015 жылдан бері Атырау мұнай және газ университеті мен АРЕС Petrotechnic жоғарғы колледжінің 69 студенті оқумен қатар өндірістік бөлімшелерде еңбек етті. Кейін дипломмен қоса қолдарына еңбек кітапшаларын алды. Тестілеу нәтижесінде жоғары балл жинаған 16 түлек Компанияға жұмысқа орналасты.

Стипендия төлеу бағдарламасы аясында Компания APEC Petrotechnic Жоғарғы колледжінің аз қамтылған отбасынан шыққан 4 студентінің оқу ақысын төлеуді, елдегі Заң құжатына сай бекітілген төменгі жалақы көлемінде  ай сайын стипендия төлеуді, өндірістік тәжірибені ұйымдастыруды, сонымен қатар, бос орын болған жағдайда мамандықтары бойынша жұмысқа орналастыруды өз міндетіне алады.

Компанияның тұрақты дамуының бір тетігі – мұнайшы әулеттерінің қалыптасуында. Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ үш және одан да көп ұрпақтары мұнайшы мамандығын таңдаған жиырмадан астам мұнайшылар әулетінің өкілдері еңбек етуде. Кейбірінің жалпы жұмыс өтілі 200 жылдан асады.

Әлем нарығындағы мұнай бағасының төмендеуінің салдарынан өндіріс шығынын оңтайландыру мақсатында Компания   кәсіби емес еңбек түрлерін қысқартып, біртіндеп аутсорсингке шығаруда. «Ембімұнайгаз» АҚ-да 2014-2017 жылдар аралығында  аутсорсингке 164 жұмыс орны шығарылды.