Атыраулық мұнайшылар дәрігерлер мен полицейлерге 1 млн теңге жинады

27 сәуір, 2020
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырауда #Bizbirgemiz акциясына үлес қосқан мұнайшылар медицина мен полиция қызметкерлері үшін 1 млн теңге жинады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
 
«Ембімұнайгаз» АҚ-да еріктілер қызметі жолға қойылған. Бұл жолы компания ұжымы карантиндегі медицина және полиция қызметкерлеріне материалдық көмек көрсетуге қолдау білдірді. Осы мақсатта компанияның басқару аппаратының басшылық құрамы мен «Мұнайшы қыз» клубының мүшелері жеке қаражаты есебінен 1 миллион теңгеден астам ақша жинады. Бұл қаражат жоғарыда аталған сала қызметкерлеріне беріледі», - деді «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «Мұнайшы қыз» әйелдер клубының төрағасы Рысты Тасмағамбетова.
 
Компанияның қоғаммен байланыс қызметінің мәліметінше, бұған дейін «Ембімұнайгаз» АҚ тарапынан облыс әкімдігінің сұранысымен Атырау қаласының Береке ықшамауданындағы тұрғын үйлерде оқшауланған азаматтарды тұрмыстық бұйымдармен, азық-түліктермен, сондай-ақ, күнделікті тұтынуға қажетті заттармен қамтамасыз етуге демеушілік көмек көрсетілген. Соңғы бес жылда компаниядағы еріктілер қызметінің бастамасымен қазақстандық 21 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтылған. Ал, былтыр компания ұжымы республикалық «Арыс. Біз біргеміз!» акциясына қатысып, Арыс қаласындағы аз қамтылған көпбалалы отбасыларының 400-ден астам оқушысына мектепке қажетті құралдар мен киім-кешектер алып берген. Мұндай көмекті Атырау қаласы мен аудандардағы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың 70 баласы алған.

Дереккөз: «Қазақпарат» сайты