«Қазмұнайгаздың» еншілес ұйымы мұнай қорын ұлғайтты

19 желтоқсан, 2019

Қазақстан Республикасының Пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссиясы «Ембімұнайгаз» АҚ «С. Нұржанов» кен орнындағы мұнай қорының ұлғаюын бекітті. Өсім 9,6 млн тоннаны құрады. Нәтижесінде кен орнындағы өндірілетін қор 40,5 млн тоннадан 50,1 млн тоннаға дейін артты.

Қордың өсуіне сейсмикалық және ұңғыма деректерінің негізінде құрылымдық-тектоникалық үлгіні нақтылау, есептелген параметрлер, жаңа ұңғымаларды бұрғылау, С2 санаты бойынша бағаланған учаскелерді сынау негіз болды.

«Ескірген кен орындарын оңтайлы әрі ұқыпты пайдаланудың, белсенді геологиялық барлау жұмыстарының арқасында «Ембімұнайгаз» өндірілетін мұнай мен қордың көлемін арттыра білді. Енді көмірсутегі қорын 24% -ға ұлғайту туралы шешім қабылданғаннан кейін, кен орны өзінің өмірін бірнеше онжылдыққа ұзартады, мұнай өндірудің бұрынғы деңгейін сақтап, Ембінің одан әрі тұрақты дамуына септігін тигізеді», – деп атап өтті «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков.

Айта кетейік, «С. Нұржанов» кен орны 1960 жылы ашылып, 1963 жылы пайдалануға берілді. Ал 1966 жылдан бастап өнеркәсіптік игеру жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы, кен орнының тарихында сегіз түрлі қорлар есебі жасалды. Соған сәйкес, кен орнының қоры жаңа көкжиектерді игеру мен сапалы геологиялық барлау жұмыстарының есебінен үнемі өсіп отырды.

«С. Нұржанов» кен орны Каспий маңы мұнай-газ бассейнінің тұзүсті мұнай өндірудің біраз бөлігін қамтамасыз етуде. Ал ембілік геолог-мұнайшылар қолданған барлау әдістерінің арқасында суланудың төмен деңгейі сақталуда.

Дереккөз: «Жас алаш» газеті