Ембіліктер "Мектепке жол" акциясын жалғастырды

16 тамыз, 2019

Естеріңізде болса, қасиетті Рамазан айының қарсаңында "Ембімұнайгаз" АҚ мұнайшылары бір күндік жалақыларын жинап, ауданымыздағы көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға баспана кілтін табыстағанынан хабардар еткен болатынбыз.

Аталған Доссор кентіндегі жанұяда мектеп жасындағы 6 бала болса, Мақат кентіндегі отбасыда 4 оқушы бар еді.  "Жақсылық қылсаң - бүтін қыл!" деген аталы сөзді серік еткен ембілік мұнайшылар бұл жолы кеше ғана баспана кілтіне ие болған отбасылардың балаларына арнап, мектептік киім-кешектер тапсырып, көмектер ұйымдастырды.

Сыйлықтарға ие болған бүлдіршіндерге мұнайшы аға-әпкелері сабақтарын жақсы оқуына тілектестік білдіріп, олардың келешекте ел тізгінін ұстайтын үлкен азамат болып өсетініне зор сенім білдірді.

Қашан да қайырымдылық жасаудан қалыс қалмайтын бұл ұжымға ата-аналар тарапынан ақ алғыстар айтылып, еңбектеріне табыс тіледі.

"Мектепке жол" республикалық акциясын жүзеге алғашқылардың бірі болып асырған "Ембімұнайгаз" АҚ игілікті шарада бұған дейін де Арыстық ағайынға қолдау білдіріп, жарылыстан бүлінген 16 мектептің 400-ден астам бастауыш сынып оқушыларына мектептік киім-кешектер тарту еткен болатын.

Дереккөз: http://maqat-tynysy.kz